Полиция майоры Қуандық ШАНДЫБАЕВ: Білікті кадр – бірегей қызметкер

Қарағанды-Сұрыптау стансасындағы Желілік полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция майоры Қуандық Шандыбаевпен Қазақстан полициясының бүгінгі келбеті және бөлімде атқарылып жатқан кадр саясаты жөнінде сұхбаттасқан едік.

Қуандық Амангелдіұлы, жуырда Қазақстан полициясының құрылғанына 27 жыл толып, ел көлемінде кеңінен аталып өтті. Осы уақыт аралығында полиция мен халықтың арасын жақындатуға бағытталған жұмыстар өз жемісін берді ме?
– Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына ширек ғасырдан көбірек уақыт өтіпті. Қандай сала болмасын, оның өз қиындығы бар. Полиция қызметкері болу да оңай емес. Ол үшін шыдамдылық, төзім және мықты жігер қажет. Тез шешім қабылдау, жылдам әрекет ету, қырағылық пен шапшаңдық сынды қасиеттер әр полицейдің бойынан табылуы тиіс. Сондай-ақ, ол қарапайым халықпен тілдесе алатын өз ісінің шебері болуы қажет. Олай болса, осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығып жүрген полицейлердің еңбегін атап айтқанымыз дұрыс. Осы уақыт ішінде қарапайым халықтың полиция қызметкерлеріне деген көзқарасы жақсарды деп айта аламын.
Желілік бөлімнің бүгінгі қызметіне тоқталсақ. Қазір ішкі істер саласында маман тапшылығы бар. Сіздерде ондай мәселе жоқ па?
– Қарағанды-Сұрыптау стансасындағы Желілік полиция бөлімінің штаттық тіркелімінде 137 қызметкер бар, оның ішінде орта және аға басшылық құрамда – 85, кіші және қатардағы құрамда – 50, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер – 2 маман.
Қазіргі уақытта бос лауазымдар бойынша жиынтықтау жұмыстары ІІМ №870 бұйрығына сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар, бос лауазымдарды жасақтау мақсатында жергілікті әскери бөліністерде әскер қатарында қызмет атқарып жаткан әскери қызметшілерді ішкі істер органдарына қызметке тарту турасындағы насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, кадр саясаты тобының қызметкерлері ІІМ Ұлттық ұланы 5451 әскери бөлімі сарбаздарымен аталған бағытта кәсіби бағдарлау жұмысын жүргізді. «Білікті кадр – бірегей қызметкер» десек дұрыс болар. Сондықтан бос лауазымдарды жасақтауда білікті әрі білімді маманды алғанымыз дұрыс.
Полиция қызметкеріне ақыл мен білім ғана емес, күш-қуат та керек. Осы тұрғыда сіздің бөлімде талай жарыстарда жеңімпаз атанып жүрген спортшылар да бар. Соларға тоқтала кетсеңіз?
– Иә, полиция қызметкері – халық қорғаны дейміз. Олай болса, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сақшылардың өздері әлжуаз болмауы керек. Сондықтан біз полицияға үміткерлердің арасынан спортшыларды құшақ жая қарсы аламыз. Әрине, бұл қатаң талап емес. Десек те, полиция қызметкерлері үшін қызмет пен спорт – егіз ұғым.
Бөлімде қызметкерлердің денешынықтыру дайындығын жоғары деңгейде. Атап айтсақ, бүгінде қоян-қолтық ұрыстан полиция сержанты Айдана Тілеуханова еліміздің екі дүркін чемпионы, спорт шебері. Сондай-ақ, полиция лейтенанты Дидар Салкенов грэпплингтен Қазақстанның 2 мәрте чемпионы. Полиция кіші сержанты Ерғанат Әбдікәрімов те күрестен түрлі жарыстардан жүлделі орынмен оралып жүр.
Сонымен қатар, елге қызмет ететін жастың бойында қырағы мінез, сабыр, төзім, қайсарлық қажет деп ойлаймын. Осы қасиеттерді бойға сіңіргенде ғана елге қалтқысыз қызмет етуге болады.
Көпшілікке мәлім, соңғы кезде елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейді. Осы мәселе жөнінде не айтар едіңіз?
– Біз Көліктегі Полиция департаментінің бастамасымен 2018-2020 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын іске асыруға барынша күш жұмылдырудамыз. Сонымен бірге, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» қабылданған заңдардың маңыздылығын бөлімнің жеке құрамы толықтай зерделеді. Жыл басынан бері 6 жас қызметкер Қарағанды-Сұрыптау стансасындағы ЖПБ-не қызметке жаңадан қабылданды. Аталған жас полицейлерге сыбайлас жемқорлықпен күрес жолдары, олардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар бойынша мағлұматтар толықтай берілуде.
Алайда, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуді тек ішкі істер органдарының қызметкерлері ғана емес, барлық Қазақстан Республикасының азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.
«Еңбек түбі – зейнет» демекші, қазіргі полиция қызметкері кейінгі ардагер екені белгілі. Ұжым басшылығы тарапынан ардагерлерге лайықты құрмет көрсетіліп жатыр ма?
– Әрине, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – басты парызымыз. Жыл басынан бері кадр саясаты жұмысы тобы атаулы мереке күндері ардагерлеріміздің үйлеріне құттықтап барды. Нақты айтсақ, бүгінде 80-нен асқан Алексей Туркин Михайлович пен Губенко Евдокия Николаевна сынды қарияларымыз бар. Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Әбдікәрімұлымен бірге тыл ардагерлерін арнайы барып, мерекелерімен құттықтап қайттық.
Жыл сайын Қарағанды-Сұрыптау стансасындағы Желілік полиция бөлімінде ұзақ жыл қызмет атқарған қызметкерлердің зейнеткерлікке шығуына байланысты салтанатты іс-шара өтеді. Жақында жедел қызмет саласында бірталай жыл қызмет атқарған 4 әріптесімізді зейнеткерлікке шығарып салмақпыз. Олар темір жол мен әуе көлігі нысандарындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық тәртіпті нығайту мен қылмыспен күресуде айтарлықтай еңбегі сіңген қызметкерлер.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ж. ТҰРСЫНОВА, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*