Қордалы мәселелер – күн тәртібінде

Кеше ІІМ-де Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің «Ішкі істер органдарының зейнеткерлері мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік-құқықтық қорғау: тәжірибе, мәселелер, шешімдер» тақырыбында қоғамдық отырысы өтті.
Жиынға Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор, М. Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ-дың қылмыстық сот және ғылыми құқықтық сараптама мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жобаларының жетекшісі Марат Қоғамов және ІІО және ҰҰ ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Ө. Болсамбеков, қоғамдық кеңес мүшелері, ІІМ қызметінің басшылары, ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Қоғамдық кеңестің күн тәртібінде ІІМ-ге қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, іс-шара барысында тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерге 50% төлемді қалпына келтіру, ІІО ардагерлер отбасы мүшелерінің ведомстволық медициналық мекемелерде тегін медициналық көмек алу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, әскери қызметшілер сияқты ІІО қызметкерлерінің барлық санаттарына тұрғын үй төлемақы беру мүмкіндігін қарастыру керектігі айтылды.
ІІО мүгедектерін және қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің жұбайларын ведомстволық медицина ұйымдарында қызмет көрсетілетіндер тізіміне енгізу ұсынылды.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар полиция қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін іске асыру қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша негізгі міндеттерді тиімді атқару үшін тәжірибелі кадрларды сақтаудың және жас мамандарды ішкі істер органдарына тартудың маңызды шарты болып табылатынын атап өтті.
Ал ІІО қызметкерлеріне медициналық және санаторийлік-курорттық қызмет көрсету мәселесі бойынша Ө. Болсамбеков: «Кезінде ІІО-да қызмет атқарған ардагерлер үшін тегін жолдама берілетін. Санаторийлерде ақысыз демалатын, қазір бұлар атымен жоқ, олар тек бір ғана зейнетақысына қарап отыр. Сондай-ақ, госпитальдарды қалпына келтіруіміз қажет», – дей келе, Түркістан облысындағы «Арман» санаторийін Ардагерлер ұйымына беру туралы ұсынысын ортаға тастады және ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы М. Қоғамовқа осы мәселелердің барлығын басты назарда ұстауын өтінді.
Шара соңында М. Қоғамов: «Қоғамдық тыңдауға қатысушылардың ұсыныстары ішкі істер органдарының қызметін дамыту мен жетілдіруге үлес қосатыны анық», – деді.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*