Пранктің де пайдасы бар

Республикалық құқықтық, қоғамдық-саяси «Сақшы» газетінің биылғы 2-нөмірінде Бауыржан Берікұлының «Лайк үшін майып болмайық» атты мақаласы жарияланды. Біз де мақалада көтерілген мәселеге байланысты өз ойымызды ортаға салғанды жөн санадық.
Байқауымызша, мақала авторы мұндай нәрсеге біржақты баға берген сияқты… Ол турасында мақаладағы: «Пранк авторы, əсіресе, боғауыз сөздерді əдейі жəне жиі қолданады. Адамдардың оған деген реакциясын байқау үшін. Соңынан мұның бəрі əзіл екенін, қалжыңдап жатқандарын айтып, көңіл аулайды. Бір жағынан бұл қызық та шығар. Десе де, мұндай оспадарлықтың теріс жақтары барын да ұмытпасақ. Өйткені, пранк-видео ертеңгі күні ғаламторда жарияланады. Ал оны көрген жастардың санасына кері əсер етпесіне кім кепіл?!» – деген сөздер бұған дәлел бола алады.
Пранктің мұндай зиянды жақтары да бар шығар… Ал енді пранктің пайдалы жағына көшейік. Б. Берікұлының: «Оның үстіне бүгінгі қоғамда екінің бірі қалжыңды көтере бермейтіні белгілі. Тіпті кейбір адамдардың жүйкесі жұқарған қазір», – деген ойымен толық келісеміз. Олай дейтініміз, жақында ғана ғаламторда алдын ала жоспарланған екі пранк ойынның видеосын көрдік. Пранк иелері кейіпкерлерінің тілін шығару, ашуын туғызу мақсатында, кездейсоқ сәтте өзін қалай ұстайтынын көрерменге көрсету үшін әдейі дөрекі сөйлеп, кейде тіпті бопсалап жатады. Осындай бір оқиға кезінде жас жігіттердің бірі белінен тапаншасын суырып алып, пранк иесінің маңдайына кезенсе, екіншісі агрессивті мінез-құлық (шабуыл жасау) көрсетіп, пышақ ала жүгіреді.
Осы жерде агрессия туралы да аз-кем айтып өтсек, артық-кемі жоқ деп ойлаймыз. Себебі, агрессия мәселесі, әсіресе, біздің бүгінгі қоғам үшін ең маңызды мәселелердің бірі. Қоғамда болып жатқан террор, жазықсыз жәбірлеу, суицидтің өсуі, жұмыссыздық, тұрмыстағы жетіспеушіліктің түрлі салдары сияқты әлеуметтік қауіпті құбылыстар белең алып тұрғаны өтірік емес. Қазақстандық ғалым А. Ақажанованың зерттеуінде қазіргі жастардың қатыгездік және агрессивті мінез-құлықтарының қалыптасуы мен олардың көрініс беруіндегі түрткі болатын негізгі факторларды атап көрсетеді: ең бірінші эмпатияның жоқтығымен, өзін-өзі сыйлау мен өзін-өзі бағалаудың төмендігінен, отбасында жағымды ахуалдың болмауынан, өмірде кездескен сәтсіздіктерден уақытша болса да құтыламын деген жаңсақ оймен ішкілікке түсуінен, аффекті жағдайдан (долдану, үрейлену) және тағы да басқа жайттардан қалыптасады екен. Мұндай кезде адам өзіне-өзі есеп бере алмай, өзін ұстай алмайтын хәлге жетеді. Қысқаша айтқанда, осындай.
Содан соң, ғаламторға жүктелген пранк-видеоларды қарап отырсаңыз, көп адамның бойында эмпатиялық қасиеттің жоғалып бара жатқанын байқар едіңіз. Эмпатияның болмауы – нағыз апатия. Ғылымда бұл терминге: «Эмпатия – өзге адамдардың жан-дүниесін түсіну мен жай-күйін ұғыну қабілеттілігі. Эмпатия адам бойында жиі кездесетін, өзіндік мән-мағынасы бар ерекше сезім. Оның айқын көрінісі – өзге адамдардың қайғы-қасіреті мен қиыншылықтарына ортақтасып, оларға жанашырлық білдіру, сол арқылы өзгенің ауыр психикалық жай-күйін өз басынан кешіргендей халге түсуі», – деген түсінік берілген. Расында, көшеде, тасада біреуді біреу ұрып-тепкілеп, тіпті тапанша кезеп жатса да селт етпей, оқиға орнынан неғұрлым тезірек табан жалтыратып кетуді ойлайтындар көп. «Сау басыма сақина тілеп нем бар?!» деген көзқарасты санамызға мықтап түйіп алғандаймыз. Тек алыстан бақылап видеоға түсіріп қана тұрамыз. Бұл да толғандыратын мәселе.
Ал жоғарыда атап өткен екі оқиға пранкте емес, былайғы өмірде болса ше, не болар еді?! Соңы өкінішті жағдайға соқтырар ма еді? Қанша бейбіт тұрғын зардап шегер еді. Осындай небір сұмдық ойлар санаңда сумаң еткенде, жаның түршігіп кетеді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, пранктің пайдалы жақтары да бар екеніне көзіміз жетті, яғни осы оқиғадан соң белдеріне заңсыз суық қару асынған екі жігіт те құрықталды. Кім қалай ойласа да, ерікті. Бірақ бұл әсте тоқылдақтық емес…

Б. СЕГІЗБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*