Қазақстан қанжығасы қомақты

Нұр-Сұлтанда джиу-джитсу бойынша «Nur-Sultan Grand Prix» халықаралық турнирі аяқталды. Турнир нәтижесі бойынша Қостанай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жүлделі орындарға ие болды.
Екі күн бойы «Дәулет» спорт кешенінде өткен жарыста әлемнің 10 елінен келген 300-ден астам спортшылар бақ сынады. Атап айтсақ, Біріккен Араб Әмірліктері, Бразилия, Йордания, Ауғанстан, Түрікменстан, Моңғолия, Тәжікстан, Ресей және Өзбекстан балуандары келді.
Қатысушылар күрестің 4 түрі бойынша жарысты: Ne-Waza, Fighting, DUO және Contact-System. Қазақстан құрамасы аталмыш турнирде 70-тен астам медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Қазақстандықтар 27 рет тұғырдың жоғары сатысына көтеріліп, 21 күміс пен 22 қола жеңіп алды.
Жүлдегерлер қатарында Қостанай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері бар: Олжас Сақаулов 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Fighting түрі бойынша 1-орынға, Ne-Waza бойынша 2-орынға ие болды. Сонымен қатар, Жанат Күлесов 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Contact-System бойынша 1-орын алды.
Жалпыкомандалық есепте екінші орынды Біріккен Араб Әмірліктерінің құрамасы алды. Олардың қанжығасында 6 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль бар. Өзбекстан командасы турнир қорытындысы бойынша 4 алтын, 2 күміс және 5 қола медальға ие болды.
– Бұл өте беделді турнир, 10 елден халықаралық біріншіліктерде алтын, күміс медаль жеңіп алған күшті джитсерлер келді. Бәсекелестік кермет болды, бірақ біз лайықты деңгейде өнер көрсетіп, Қазақстанды бірінші орынға көтердік, – дейді Қостанай облысы Полиция департаментінің қызметкері Жанат Күлесов.

Кенже ҚОНЫСБАЙ, Қостанай облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*