Көңілі сергек қария

Юбиляр Есим КарабалинҚажымас қайраты мен айнымас адалдығының арқасында саналы ғұмырын құқық қорғау органдары қызметіне арнаған ардақты ардагер Есім Кәрібайұлының өмір жолы – мәні терең өнеге. Бүгінде 75 жасқа келген ардагердің сезімі сергек, жігері мықты.
Астана қалалық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров жастарға үлгі-өнеге болған қарияға зор денсаулық, ұзақ өмір тілеп, бағалы сыйлықтарды табыстады.
Тың өлкесінің ІІД көлікинспекция бөлімінде 28 жыл тынымсыз еңбек еткен Есім Кәрібайұлы қызметіне қызу құлшыныс пен ыстық ынтамен араласады десек артық айтқандық емес. Оған ІІД Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қоғамдық кеңестің құрамында атқарып жатқан ауқымды істері дәлел. Бүгінде қызын қияға, ұлын ұяға қондырған Есім Кәрібайұлы тек өз ісінің шебері ғана емес, ол – екі ұлы мен қызына асқар таудай әке, асыл жар, қадірлі де өнегелі қария ретінде алты немересі мен үш шөбересін тәлім-тәрбиемен сусындатуда. Өмірдің өткелдерінен жол тауып, тағдырдың тосқауылдарына берілмеген ардақты ардагердің әлі күнге дейін күш-жігері сарқылмаған. Халқымыз қашанда ақылы дария қарияның батасын ұйып тыңдап, өсиетін ұстана білген. Қазіргі таңда қоғамымызда қадірлі қарттардың қатары күннен-күнге азаюда. Солардың бірегейі, қызмет пен өмірде де жұлдызы бірдей жанған ардақты ардагердің ішкі істер қызметіндегі жетістіктері, ғұмыры мен еңбек жолында жинақтаған тәжірбиесі жас буынға сүбелі өнеге. Мәнді ғұмыр кешіп, адамдық парызын әлі күнге дейін кіршіксіз орындап келетін ардагердің табысқа жету құпиясы баршаға қызықты екені жасырын емес. Ата-ананың ақылына сүйеніп, қандай салада болмасын, адалдық пен парасаттылықты өмір бойғы қағидат етіп ұстануды ерте шақтан сезіне білген. Қандай да болсын асыл арманның жетегінде жүрсе де, адами парыздың адамгершілік, ақ жарқындылыққа бастайтынын әсте ұмыт қылмаған. Сөйтіп, қарапайым отбасында тәрбиеленген қазақтын қара домалақ баласы 1957 жылы Мәскеу түбінде байланысшы болып әскер қатарына алынады. Әскери борышын өтегеннен соң, 1960 жылы Ақмоладағы автожол техникумына түсіп, автотехник-механик мамандығы бойынша оқуын тәмамдайды. Тың өлкесінің Ішкі істер департаментінде автоинспектор болып қызмет атқарса, кейіннен инженерлік институтты тәмамдап, автоинспекцияда орынбасар қызметін атқарады. Осылайша әр жерде, әртүрлі қызмет атқарып, өмірді тыңғылықты танып-білген ардагер өмірден асқан тәрбиелеуші жоқ деп түсінеді. Сондықтан болар, өмірден де, қызметтен де үйренгені мол. Өнегелі де саналы өмірді қалыптастырудың айқын жолдарының бірі, ол – спорт. Ардагердің жанына жалау, деніне тірек болған спортқа деген сүйіспеншілігі. Бала кезінен қазақша күреске қатысып, кейіннен самбомен де шұғылданады. «Динамо» қоғамдық бірлестігінің жүлдегері. «Дені саудың – жаны сау». Бұл жай ғана сөздер емес, осы қағиданы берік ұстанған ардагер спорттан еш алыстағаны емес. Соның себебі болса керек, 75 жылда бірде-бір рет ауыр сырқаттанып көрмеген Есім Кәрібайұлының салауатты өмір салтына баса назар аударады. Бұл үрдіс қазір де жалғасуда. Таңғы жаттығулар мен жаяу жүрудің өзі тек физиологиялық тұрғыдан емес, рухани дүниеге дем беріп, сергек сезім сыйлайды дейді. Әр жылдардағы сүбелі үлестері мен ерең еңбектері түрлі марапаттармен бағалануда. 5 медальмен марапатталып, «Еңбек Ері», Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының «Ардақты ардагері» атанған. Оған қоса, алғыс хаттар мен мақтау қағаздары да жетерлік. Қызметке адалдық, қоғамға ізгілік Отанға деген сүйіспеншіліктен басталады. Отбасындағы құндылық, елдің құндылығына айналатыны айқын. Жанұясында осы қарапайым қағиданы ұстанады. Ардақты ардагердің сәулелі сәттері мен жарқын ғұмыры тек өз ұрпағы үшін ғана емес, жас буынға, барша қазақ баласына өнеге болары сөзсіз.

Астана қалалық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*