Құлып – қаскөйге қарсы құрал

Петропавл қаласы Полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарын өз мүліктеріне сақ болуға шақырады. Жаз мезгілі – велосипедтерді, самокаттарды және гироскутерлерді ұрлауға әуес жандардың қылмыстық әрекеттерінің өршитін кезі.
Сәуір мен қазан аралығында велосипедіңізден көз жазып қалуыңыз әбден мүмкін, себебі бұл велосипед ұрлығы үшін қолайлы мезгіл. Велосипедтер көбінесе үй кіре-берістері мен дүкендердің маңынан қолды болады. Бұл жағдайлар кейде велосипед иелерінің мұқиятсыздығы салдарынан да орын алып жатады. Себебі, көбінесе велосипедтер бейнебақылау камералары жоқ жерде қалдырылады, арнайы құлыпқа салынбайды. Қылмыстың алдын алу үшін криминалдық полиция қызметкерлері аулаларды және үйлерді аралап, адамдарға жадынамалар мен плакаттар таратты.
Велосипед саны қалада жыл сайын артуда. Оны ұрлатпаудың ең жақсы амалы – құлып. U тәріздес темір құлыпты пайдаланған абзал. Сондай-ақ, қаскөйлер кіре-берістерді, сауда үйлері немесе банкті бақылайтын бейнекамералардың көру аймағында тұрған велосипедтерді ұрлауға тайсалады. Бұдан басқа, велосипедтің иелері екі аяқты тұлпарының сериялық нөмірін білгені жөн. Нөмір раманың педаль орналасқан бөлігінің астына салынады.
Петропавл қаласы Полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің ақпараты бойынша, жыл басынан облыс орталығында 79 велосипед ұрлығы тіркелген. «Ұрлыққа жол бермеу үшін қала тұрғындары мен қонақтарынан велосипедтерді болат арқандармен құлыптауын сұраймыз. Дұрысы, шынжыр немесе U тәріздес болат құлыпты пайдаланған жөн. Ұсталған, құжаты жоқ велосипедтерді сатып алмауларыңызды естеріңізге саламыз. Құжатсыз сатып алған жағдайда ұрланған велосипедтердің иесі атануыңыз әбден мүмкін және ұрланған велосипед тәркілеуге жататынын есте сақтаңыз», – дейді Петропавл қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Асан Қайдаров.
Тәртіп сақшылары ұрлық орын алған жағдайда бірден «102» нөміріне хабарласу қажеттілігі туралы ескертеді. Уақытылы жүгінген жағдайда ұрыны ізін суытпай құрықтау мүмкіндігі арта түседі.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*