Белдегі бес бытыра

Түркістан облысы Полиция департаменті қатарында ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев ағамыз бен Түркістан облысы Төлеби аудандық Полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Спандияр Темірбековтер сияқты абзал жандар да бар.
Оспанғазы аға 80-жылдардың аяғында қауіпті қылмыскерлердің ізіне түсемін деп ауыр жарақат алып, бір Алланың көмегі арқасында тірі қалған. Оның денесіне кірген бес бытыраның тыртық ізі әлі де бар.
Мен кейіпкерлердің өз ауыздарынан шыққан әңгімесін, естелігін жазып ала отырып, Оспанғазы Жанқожаевтың қарапайым полицейден полковникке дейінгі өскен «тар жол тайғақ кешуін» баяндағым келді. Оспанғазы өзінің әкесі Балқожа Жанқожаевтан жас шағында айырылған. Ол 1963 жылы соғыс кезінде, қазіргі Калининград, бұрынғы Кенигсберг қаласындағы шайқаста алған ауыр жарақатынан қайтыс болған. Кейіпкеріміз Жамбыл облысының Жуалы ауданында таудың етегінде өскен.
Оспанғазы атаның өзі айтқандай, мектепті бітірген жылы арман қуып Шымкентке барады. Педагогикалық институттың филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түскен. 1986 жылы оқуын бітірген соң, Еңбекші аудандық партия комитетінің жолдамасымен ішкі істер органдарына қызметке келген. Еңбек жолын күзет полициясынан бастады. «Сонан соң кәмелет жасына толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып істедім», – деп еске алады ардагер. Ол 1989 жылы 12 желтоқсанда болған оқиғамен ой бөлісті.
«Сіз неге бұл оқиғаны есте сақтадыңыз?» – деп сұрауыңыз мүмкін. Себебі, бұл менің жұбайым Мәриямның туған күні. Сондықтан мен бұл күні әйеліме сыйлық жасағым келіп, 11 желтоқсан күні досымның кезекшілігін сұрадым. Кезекшілігімді атқарып болып, көтеріңкі көңіл күймен үйге қайтып, отбасылық мерекені олармен бірге тойлаймын деп ойладым», – дейді ардагер. Бірақ, сол күні жағдай мүлдем басқаша өрбиді.
11 желтоқсанның кеші әдеттегідей болды. Сезіктенетіндей ештеңе орын алмаған еді. Бірақ, 12 желтоқсанда шамамен сағат 3:30-да «02-ге» Шымкенттің Советский-Бауман көшелеріндегі гараждар аумағында күдікті адамдар жүргені туралы қоңырау түсті. «Қасымдағы милиция майоры Алтай Оразбақов екеуміз шақырту болған жерге кеттік. Барған соң гараж маңында екі автокөлік тұрғанын байқадық. Белгісіз үш адам келесі гаражға түсуге әрекет жасап жатыр екен. Бізді көре салысымен, әлгі үшеу қашуға әрекет жасады. Әрине, біз соңына түстік. Ол кезде мен тек қылмыскерді ұстауды ғана ойладым. Ізіне түскендердің бірі қорыққанынан шолақ мылтықтан біз жаққа қарай оқ атты. Мен тізерлеп отырып қалдым. Алғашқыда ештеңе сезбедім, сонан соң барып ішімнің күйіп бара жатқанын сездім. Көз алдыңызға елестетіңізші, маған сол кезде менің кішкентай Салтушкам, менсіз қалай ол 13 жасқа толатындығы елестеді. Сол сәтте мен осыны елестетіп үлгердім. Содан кейін мен өз-өзімді қайрап, қайта тұрдым да, ізге түсуді жалғастырғым келді. Бірақ, менің бұл әрекетім бес-ақ минутқа созылды. Ақыры есімнен айырылып құлап қалдым. Одан кейінгі жедел жәрдем машинасындағы қиындықты өздеріңіз де түсінесіздер ғой. Жолай бір машинамен алып келді. Сонан соң барып ауруханаға сүйрелеп кіргізді. Дәрігерлер сегіз сағатқа жуық ота жасады. Сол кезде менің тірі қалатыныма ешкім де сенген жоқ. Ал мен тірі қалдым, – деді өткен күнге ой жіберген Оспанғазы Жанқожаев. – 18 бытырадан хирургтер тек 13-ін ғана ала алды, ал бесеуі іште қалып қойды…».
«Осыдан бері 12 желтоқсан менің екінші туған күнімдей болып кетті. Әлі есімде, ауруханада жарты жылдан астам уақыт жаттым. Мен жарақаттанғаннан кейін бір тәулік ішінде үш күдіктіні, мені атқан Алмас Өтебаевты да құрықтады. Оларды 8 жылға бас бостандықтарынан айыруға үкім шықты», – деді кейіпкерім. Оспанғазы Жанқожаевтың көрсеткен ержүректігі мен батырлығы үшін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Менің екінші бір кейіпкерімнің де өмір жолы Оспанғазы ағаға ұқсас. Ол – полиция майоры Спандияр Темірбековтің өмір тарихы туралы оқиға. 2016 жылы 30 мамыр күні Төлеби ауданы Полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Спандияр Темірбековтің есінен шықпастай болып қалып қойған. «Мен ол кезде Төлеби ауданының Полиция бөлімінде криминалистика бөлімшесінің аға жедел уәкілі болып істейтінмін. Сол күні болған оқиға күні бүгінгідей есімде. Таңертең Полиция бөліміне жергілікті тұрғын шағымданып келді. Айтуынша, оның шаруашылық қорасынан құны 1 миллион теңге тұратын екі асыл тұқымды жылқысын алып кеткен. Аталған шағым аса ірі көлемдегі ұрлыққа жататын ҚК-нің 188-бабымен тіркелді. Азамат полицияға дер кезінде хабарласқандықтан біздің ең бірінші міндетіміз барлық күш-жігерімізді салып, жылқы ұрлаушыны ұстап, жануарды заңды иесіне қайтару болды.
Сосын әріптестерімізбен бірге мал ұрлығы туралы ақпарат жинауға, барлық жақын ауылдарды «сүзіп шығуға», тұрғындардан сұрастыруға кеттік. Бір ауылдың жергілікті ақсақалы ұрланған малдардың тауда жасырылатындығы туралы айтты. Дәл сол күні әріптестерім Мәлік Бекботаев және Рүстем Ормановпен бірге тауға жүріп кеттік. Жаяу жүретін аяқ киімдер мен ыңғайлы киімдерімізді алып шықтық. Таулы аймақты екі сағат аралап шықтық. Біз енді таба алмайтын шығармыз деп ойладық.
Күн де бата бастады, уақыт шамамен 22:30 минутты көрсетіп тұрған. Сол кезде мен жонда еркін жайылып жүрген екі жылқыны байқап қалдым. Білесіз бе, шынын айтқанда, қуанып кеттім. Әріптестерімді де артқа қалдырып, жүгіріп кеттім. Осы кезде жерден жік шыққандай алдымнан бір адам шығып, маған қарай оқ атып, түн ішінде жасырынып қалды. Мен алғашқыда түсінбей қалдым. Қан болып жатқаным есімде. Жігіттер «Шыда!» деп төңірегімде айқайлап жүр. Полицейлер телефон шалуға әрекет қылғанымен ұялы телефон байланысы жоқ аймақта екенбіз. Олар мені белгілі бір қашықтыққа дейін арқалап барды. Сонан соң жедел жәрдем шақырды. Есімді жоғалтып барамын. Көз алдымда анам мен әкем елестеді. Менсіз үш ұл-қызым қалай өмір сүретіндігін көз алдыма елестеттім. Мұны екі қабат әйелім Балжан қалай қабылдар екен деп ойладым», – дейді С. Темірбеков.
Оны жансақтау бөліміне жеткізіп, дәрігерлер Спандиярдың өмірі үшін үш сағат күреседі. «Ертеңгі күні ғана таңға жуық есімді жидым. Әкем кейін менің көп қан жоғалтқанымды, тіпті олардың аяғымды кесіп тастағысы келгенін, әкемнің оған келісім бермегенін айтты. Міне, мен әлі де тірімін ғой. Бірақ, дәрігерлер менің денемнен алып тастай алмаған белімдегі бес бытырамен әлі жүрмін. Олар өте тереңге кеткен екен, сондықтан дәрігерлердің ота кезінде екеуін-ақ алуға мүмкіндігі болыпты. Өкінішке қарай, осы қарғыс атқан бытыралар көктем мен күзде әлі де бұрынғыны есіме салып отырады», – дейді полицей.
Ал мал ұрлаушыларға келсек, сол оқиғадан кейін он күннің ішінде-ақ қолға түскен. Қылмыскерлер Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша, оның ішінде «Өлтіруге әрекет жасағаны үшін» бабымен жеті жылға сотталды. Ал, асыл тұқымды жылқылар заңды иелеріне қайтарылды.
Патриотизмнің үлгісін көрсеткен әрі батыр, әрі жаужүрек осындай әріптес ағаларды мақтан тұта отырып: «Мықты денсаулық тілейміз, арамызда аман-сау жүре беріңіздер!» – демекпіз.

Салтанат ҚАРАКӨЗОВА, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*