Қол ұстасып – қызметке

Отбасында адал жар, бауыр еті бала десе, ішер асын жерге қоятын қамқор ата-ана, ал жұмыс орнында зор жауапкершілікті арқалап, құқық қорғау органдарында қызмет атқарып жүрген жұптар аз емес.
Тәртіп сақшысы – адамдардың құқығы мен бостандығын қорғап, қылмысқа қарсы күресте түнді таңға жалғап, уақытпен санаспайтын қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандықтың иесі. Оның үстіне нәзік жандар үшін отбасы мен қызметін қатар алып жүру оңайға түспейді. Ал Ерлан мен Қымбат Мырзағұловтар тыныштық күзетінде абыроймен қызмет етіп жүрген жандар деп айтсақ, қателеспейміз.
Мырзағұловтар отбасының бақыт кілті – ауызбіршілікте. Сондықтан бір-біріне түсіністікпен қарайды. Петропавл қаласының тумасы Ерлан Наурызбайұлы Солтүстік Қазақстан заң академиясын тәмамдаған. Кейін әскерге аттанып, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келгеннен бері он жылдан астам уақыт Петропавл қаласы Полиция басқармасының экстремизмге қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі қызметін атқарады.
Ал зайыбы Қымбат Мырзағұлованың қызметі – аға тергеуші. Аққайың ауданындағы Амангелді ауылында дүниеге келген тәртіп сақшысы Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясында білім алған.
Ерлан мен Қымбат Мырзағұловтар жауапкершілігі мен қиындығы зор қызметке кездейсоқ келген жоқ. Екеуі де тыныштық сақшысы болып, құқық қорғау органдарында қызмет етуді бала кездерінен армандады. Әрі Қымбат Мырзағұлованың бұл саланы таңдауына атасының полиция қатарында қызмет етуі де әсер еткен болуы керек. Ұзақ жылдар бойы қоғамдық тәртіпті қадағалаған ол бүгінде – құқық қорғау органдарының ардагері.
Бақытты жұпты табыстырған – қызмет. Олар құқық қорғау органдарында жүріп кездесті. Қызмет барысында танысып, әңгімелері жарасқан олар көп ұзамай шаңырақ көтеріп, отбасын құруға шешім қабылдайды. Кез келген жағдайда бір-біріне сүйеу болуға уағдаласқан ерлі-зайыптылар бүгінде екі ұл тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары Саят 2,5 жаста болса, Сұңқар енді ғана бір жасқа аяқ басты.
– Жүрек қалауымен таңдағандықтан, осы жұмысым өзіме ұнайды. Дегенмен, қиындығы аз деп те айта алмаймын. Жұмыс барысында неше түрлі жағдайлар орын алып жатады. Бірақ, әрқашан сабырлылық, табандылық танытуымыз керек екенін түсінемін, – дейді Қымбат Мырзағұлова.
Ерлан Наурызбайұлының қызметіне деген адалдығы, уақытпен санаспай, еңбектеніп жүргені жоғары бағаланып, 2012 жылы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, Батыс, Шығыс Қазақстан облыстарында, М. Есболатов атындағы Алматы Академиясында экстремизмге қарсы күрестегі маңызды мәселелерді талқылауға арналған курстарға қатысып, біліктілігін шыңдауға мүмкіндік алды.
Ерлі-зайыптылардың ендігі мақсаты – балаларына жақсы тәрбие беріп, өз елінің патриоты етіп өсіру.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*