Көлік сақшылары – көш басында

Солтүстік Қазақстан облысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында Qazaq kúresi бойынша Ішкі істер министрлігінің чемпионаты өтті.
Александр Винокуров атындағы спорт сарайында Qazaq kúresi бойынша ІІМ-нің екінші чемпионатының және «Динамо» ДШСҚ ОҚ VIII Өңіраралық спартакиадасының ашылу салтанаты болды. Спортшылардың басым бөлігі – ІІМ және еліміздің барлық Полиция департаменттерінен келген командалардың полицейлері. Сондай-ақ, жарысқа Төтенше жағдайлар комитетінің, Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы, қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері, Ұлттық ұлан және ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері қатысты.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне облыс басшылығы, СҚО құқық қорғау органдарының басшылары, «Динамо» денешынықтыру спорт қоғамы орталық кеңесінің өкілдері, Qazaq kúresi федерациясының президенті Арман Шораев, жеке құрам және полиция ардагерлері қатысты.
Республикалық чемпионаттың бірінші күні 80 келіге дейін және одан жоғары ауыр салмақтағы спортшылар белдесті. Жарыстың екінші күні жеңіл салмақта үздіктер анықталды, сондай-ақ, шешуші белдесулер өтті.
«Динамо» ДШСҚ орталық кеңесі төрағасының бірінші басшысы Асқар Омарқұлов республикалық жарыстың алдында ІІМ барлық бөліністерінде, сондай-ақ, арнайы және күш құрылымдарында өңірлік іріктеу кезеңінің өткенін атап өтті. Жарыстың негізгі мақсаты – ІІМ қызметкерлерінің денешынықтыру даярлықтарын арттыру, күрес тәсілдерін жетілдіру, үздіктерді анықтау және саламатты өмір салтын насихаттау. «Осындай жарыстар қызметкерлердің даярлық деңгейіне оң әсер етеді деп ойлаймын. Қазақ күресі сырт көзге әсерлі, тартысқа толы болғанымен, күрестің практикалық мәні ерекше, себебі қазақ күресін жетік меңгерген құқық қорғау органдарының кез келген қызметкері қылмыскерге тосқауыл бола алады», – деді Арман Шораев.
Погон таққан үздік балуан атағы үшін белдесулер тартысты болды. 82 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Жамбыл облысы Полиция департаментінен келген Әмір Хабибуллаев үздік атанды. 90 келіде – Ақмола облысынан Әсет Жүнісов, 100 келіде – Алматы облысынан Александр Косачев жеңімпаз болды. Ауыр салмақтағылардың ішінде үздік болып Қарағанды облысы Полиция департаментінен келген Самат Амантаев танылды.
Командалық есептің жеңімпаздарын облыстың бас полицейі Марат Төлебаев марапаттады. Екінші және үшінші орындарды иеленгені үшін Қарағанды және Жамбыл облысының командалары диплом, кубоктармен марапатталды. Екі күндік жарыс нәтижесі бойынша бірінші орын ІІМ Көліктегі Полиция департаментінің командасына бұйырды.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*