Өнегеге толы өмір

Асқаралы алпыс жасқа толып отырған әділет генерал-майоры Сұлтан Күсетовтің өз дара жолы бар. Сержанттан генералға дейінгі баспалдақта көп еңбек етіп, тер төкті. Қанша рет қылмыскермен бетпе-бет келіп, қанша қылмыстың бетін ашты. 33 жыл талмай еліміздің ішкі істер органдарында қызмет еткен Сұлтан Тұрлынұлы талай жас маманға үлгі бола білді.

Бала қиялы
Қазақ «Алпыс – тал түс» деген. Алпыстың биігіне шықса да, спорттың сан түрімен айналысатын Сұлтан аға өзін тым сергек сезінеді. Волейбол, баскетбол, футбол, суға жүзуден де алдына жан салмайды. Оның еңбексүйгіштігі әкесінен берілген қасиет. Әкесі Тұрлы өте еңбекқор адам болған. Ауыл-аймақ оны «қолы алтын шебер» атапты. Тұрлы ата Ұлы Отан соғысына қатысып, жараланып қайтқан қазақ жауынгері болатын. Соғыстан кейінгі жылдарда халықтың тұрмысы төмен болғаны белгілі. Киер киім, ішер асқа жарымай жүрген халыққа сол кезде ел арасындағы қолынан іс келетін, ісмер, шеберлер көмектесті. Тұрлы ата он саусағынан өнер тамған шебер болған. Етікті де тігетін, егін шаруашылығына қатысты, орақ, күрек, кетпен, балға дейсің бе, бәрін жасай беретін. «Шебердің қолы ортақ» дегендей, сол кездегі Талдықорған облысына қарасты Алакөл ауданының Балықшы ауылының тұрғындары Тұрлы атаның қолынан шыққан орақпен егін орып, кетпен шапты. Ол кісінің жасаған пышақтары әрбір үйдің асханасынан табылатын. Алакөлді жағалай орын тепкен ауылды көгалдандыру да Тұрлы атаның игі бастамасы болатын.
– Мен ол кезде 7-8 жасар баламын. Өзім қатарлы ауыл балаларын жинап алып, әкем қолымызға жас көшеттерді ұстатты. Ауыл ішінен күре жолға дейінгі аралыққа, көшелерге, тіпті, әр үйдің ауласына дейін көшеттерді отырғызып шықтық. Әкем өзі қадағалап, тексеріп отырды. Іс мұнымен бітпеді. Әлгі көшеттердің күтімі біздің мойнымызда еді. Су тасып құямыз, түбін қопсытамыз дегендей… Ойын баласы болғандықтан, ойынға да уақыт табатынбыз. Осылайша, ауылымызға саялы ағаштар сән кіргізді. Сол біз бала күнімізде әкемнің нұсқауымен еккен ағаштар күні бүгінге дейін Балықшы ауылында жайқалып өсіп тұр. Мен әкемнен елге қызмет етуді, елдің баласы болуды үйрендім, – деп сағынышпен еске алды Сұлтан аға.
Әкенің қанымен, ананың сүтімен келетін туабітті қасиет отбасында берілетін тәрбиемен ұштасып жататыны белгілі. Әкесі Тұрлы мен анасы Шәрбан алты баласының тәлім-тәрбиесіне аса қатты көңіл бөлетін. Алдындағы екі әпкесі мен үш ағасының қасында жүріп, ерте жастан еңбекке араласқан үйдің сүт кенжесі Сұлтан алғыр да зерек болып өсті. Бала қиялы көкке самғап, алысқа кететін. Ол елін жаудан құтқарған әкесіне қарап ержетті. Басында дулыға, үстінде сауыт, қолында қылыш пен қалқаны бар деп елестетіп, өзін құдды бір ертегідегі батырдай сезінетін кездері де көп еді. Өсе келе арманы алысқа жетелеп, айқын мақсатқа айналып шыға келді.

Сарбаз сағынышы
Сұлтан 10 сыныптық мектепті бітіріп, енді үлкен өмір жолына жолдама алған шағында әкесі Тұрлы өмірден озады. Асқар тауы құлаған арманшыл бозбала жасымай, алға қадам басты. Қайсарлық пен ерге тән өжеттік те әкесінен берілген қасиет. 1977-1985 жылдары Әскери Теңіз флотында Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді. Ал 1986 жылы ақпан айында еліміздің ішкі істер органдарына қызметке келеді. Алматы қалалық атқару комитетінің Ішкі істер басқармасында Қылмыстық іздестіру бөлімінің кіші инспекторы болып алғашқы қызмет жолын бастайды. 1991 жылы қызметпен қатар, Алматы арнайы милиция орта мектебін бітіреді. Кейінірек, яғни 1996 жылы ҚР МТК Алматы арнайы жоғары мектебін тәмамдады. Ал 1989-1992 жылдар аралығында Алматы қалалық атқару комитетінің ІІБ Жедел іздестіру бөлімінің жедел уәкілі, кейін аға жедел уәкілі болып қызмет етеді.
– Сарбаз болып жүргенде ауылымды, туған үйімнің түтінін, анамды сағынатынмын. 7 жылдай жырақта жүргенімде анам маған жиі хат жазып тұрды. Жас маман ретінде 1992-1993 жылдары Алматыда Криминалды полиция басқармасының Қалта ұрлығымен күрес бөлімін басқардым. Ал сосын Алматы қаласы Ішкі істер бас басқармасының Мүліктік қылмысты ашу бөлімінің ауданаралық ұрлықты жедел іздестіру бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқардым. Бірыңғай қылмыскермен бетпе-бет келетін, жәбірленушінің көз жасын көретін жұмыстар мені одан ары ширай түсті.
90-шы жылдар ел егемендік алып, халық тұралап жатқан өтпелі кезең болды. 1993-1995 жылдары Алматы қаласы ІІББ Қылмыстық іздестіру басқармасының Бопсалаушымен күрес бойынша қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы болып қызмет еттім. Күн құрғатпай үйін тонаған, көлігін ұрлатқан секілді жүздеген арыз-шағым түседі. Әйгілі «Төрт ағайынды», «Қара Алмаз» деген түрлі мафиялық топтардың дәурені жүріп тұрған шақ еді, – деді әділет генерал-майоры өткенге көз жүгіртіп.

Полицейдің парасаты
– Бір күні 21 жастағы қызын ұрлап кеткені туралы сыған әйелден арыз келіп түсті. Сыған тобырының есірткі сатумен айналысатынын білген бір қарақшылық топ қызын кепілдікке алып, 3000 АҚШ долларын сұрап отыр екен. Бопсалаушылар сығандардың полицейге хабарласқанынан сезіктеніп, қолға түспеу үшін Бішкекте кездесетіндігін айтқан. Біздің жігіттер екіге бөлініп, бір топ аяқ астынан Бішкекке аттанса, екінші топ Алматыда қалды. Алдымен арыз беруші әйел үйіне қоңырау шалып, қыздың аман-есен екеніне көзі жеткенде барып, ақшаны беруі керектігін айтқан болатынбыз. Іс жоспар бойынша жүріп жатты. Осылайша, ақшаны алып жатқан сәтте қылмыстық топты құрықтадық. Алматыда олардың «атаманы» да қолға түсті.
Келесі бір оқиғада 9 жасар ұлын ұрлап кеткені туралы анасы арыз түсірді. Мән-жайды анықтай келе, осыдан тұп-тура 9 ай бұрын арыз берушінің күйеуінің ағасын ұрлап кеткендігі, ол үшін қомақты ақша сұрағандығы анықталды. Із-түзсіз жоғалған ағасын іздеп жүргенде, өзінің ұлын ұрлап кетеді. Анасының шарасыз жағдайын көріп, қасына арнайы қызметкердің бірін күзетшілікке тастап кеттік. 5000 АҚШ долларын сұраған бопсалаушылардың ізіне түстік. Полицейдің ақыл-парасаты осындай қысылтаяң шақта көрінсе керек-ті. Түрлі айла-тәсілмен бопсалаушыларды қақпанға түсірдік. Бала да дін аман. Әттеген-айы, қылмыскерлер 9 ай бұрын ұрлап кеткен әлгі адамды өлтіріп, айдалаға көміп тастаған екен. Қылмыскерлердің айтқан жерінен табылған мүрденің арыз беруші әйелдің күйеуінің ағасы екендігі сараптама қорытындысы бойынша анықталды.
Егер 9 ай бұрын ағасын ұрлап кеткенде полицейлерге хабарласса, іс бұлай насырға шаппас еді. Сұраған ақшасын тауып беру үшін ақша да жинапты. Бірақ, 9 ай бопсалаушылар күтіп отырмаған. Ағасын өлтіріп, көміп тастап, енді ұлына ауыз салған. Көп жағдайда жәбірленуші мәселені өзі шешемін деп немесе туыс-туғандарына арқа сүйеп, полицейлерге кеш қоңырау шалады. Уақыт созылған сайын оқиға да ушыға түседі, қылмыскер де бой тасалап үлгереді.
Жалпы барлық дерлік қалада адам ұрлап, ақша бопсалау, үйін тонау, көлік ұрлығы деген фактілер 2000 жылға қарай күрт азайды. Көп қылмыстық топтың көзі жойылды. «Өткен күнде белгі жоқ» деген осы шығар. Бүгінгі бейбіт заман сол бір аласапыран сәттерді жуып-шайып кеткендей…, – деді Сұлтан Тұрлынұлы.

Басшының біліктілігі
Содан 1995-1996 жылдары Алматы қаласы ІІББ Жедел іздестіру басқармасы бастығының орынбасары, кейін бастығы болып қызмет еткен Сұлтан Күсетов қылмыскерлермен күресті тоқтатқан жоқ. Ал 1996-1999 жылдары ІІМ Криминалды полиция департаментінің Қылмыстық іздестіру бас басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. 1999-2000 жылдары ІІМ Ұйымдасқан қылмыспен күрес бас басқармасын басқарып отырған тұста да мың айлалы қылмыскерлермен күресіп бақты.
Одан кейін екі жыл Маңғыстау облысының Ішкі істер басқармасын, кейін Қарағанды облысының Ішкі істер бас басқармасын басқарды. Жергілікті басқармалардың жай-күйін бес саусақтай білетін халге жетті.
Өзінің білімі және біліктілігімен көзге түсіп, іскерлігімен өзгеге өнеге бола білген Сұлтан Күсетов 2003-2006 жылдары ІІМ Криминалды полиция департаментін басқарды. 9 жылдай қылмыскерлермен қайта күресті. Ерен еңбегі еленіп, әділет генерал-майоры дәрежесіне көтерілді.
Кейін Павлодар облыстық ІІД басшысы, сосын 2014-2017 жылдар аралығында ІІМ Есірткі айналымын бақылау және есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің бастығы болып қызмет атқарды. 2017 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.

Ағаның ақылы
Сұлтан Тұрлынұлының еңбек жолын өңіріне таққан ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медалі, ІІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалі, «Милиция үздігі», «ІІМ үздік қызметі үшін», «ІІМ еңбегі сіңген қызметкері» төсбелгілерінен көруге болатындай.
Бүгінде Сұлтан ағаның ұлы Самат Күсетов те ІІМ Криминалды полиция департаментінде қызмет етеді, полиция майоры. Әке жолын жалғаған Самат қызметте адал, ұжымда сыйлы қызметкер. Саматтың жұбайы Мәдинаны ата-анасы «келінім» деп емес, «қызым» деп еркелетеді. Сұлтан аға жұбайы Айман екеуі екі жасар немересі Даниялдың тәп-тәтті қылығына тоймай жүрген бақытты ата-әже. Олардың екінші ұлы Руслан да өз ісінің маманы. Мұнай-газ саласында экономист болып қызмет етеді.
– Жас құқық қызметкерлеріне, жас мамандарға айтарым, Отан алдында берген Антқа адал болыңдар! Халық сенімін ақтау, елің мен жеріңді қорғау – ұлы парыздарың! Жұмысыңды адал атқарып, Абай атамыз айтпақшы, «ақырын жүріп, анық бассаң», алынбас қамал, бағындырмас биік болмайды. Кез келген сержант талаптанса, талпынса, еңбектенсе, ерінбесе, генерал болады! – деп Сұлтан Тұрлынұлы жас сақшыларға ағалық ақылын айтты.

Айгүл ӘЖІБАЕВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*