«Үміт» үйіне – 1 жыл

Ауыр өмірлік жағдайға тап болған әйелдер үшін ашылған Щучинск қаласының «Үміт» қолдау орталығына жуырда бір жыл толды.
2019 жылдың басынан бері дағдарыс орталығына 18 адам көмек сұрап келді. Қазіргі уақытта оған қолында бүлдіршіндері бар аналар мен өмірлік қиын жағдайға тап болған жүкті әйелдер орналастырылады. Бүгінде орталықта бұл үшін барлық қажетті жағдай: қабылдау бөлімі, дәрігер мен әлеуметтік қызметкерлер кабинеттері, сондай-ақ, жатын бөлмелер, асхана, балалар алаңдары, бос уақытты өткізуге арналған кабинеттер және демалыс бұрышы бар. Әйелдерге медициналық қызметкерлер, психолог және заңгер білікті көмек көрсетуге дайын.
Ғимаратта он төсек орынды жеке блок жабдықталған. Әр әйелдің өз бөлмесі мен жуынатын бөлмесі бар. Бөлмелер жарық, жылы… Балалар ойыншықтары, кір жуғыш және тігін машиналары, газ плитасы қойылған.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер орталықта алты айға дейін тұрады, тамақпен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ, жұмысқа орналасуға, құжаттарды ресімдеуге қажетті көмек көрсетіледі.
Орталық қызметкерлері мұнда үйдегідей жайлы болу үшін барлық мүмкіндіктерді ойластырған. Жалпы дәлізде күзетші қызмет етеді.
Жұмыссыз әйелдер халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы оқу оқып, мамандық ала алады.
Балалар мектепке, мектепке дейінгі мекемелерге орналастырылады, олардың мектепке және кері қайту жолдары ұйымдастырылған. Балалармен қосымша менталдық арифметика, бейнелеу өнері, орыс, ағылшын, қазақ тілдері, қолөнер сабақтарын үйрететін тәрбиешілер мен мұғалімдер жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта орталықта 17 қызмет алушы тұрады, оның ішінде 11-і бала және 6-і әйел.
Айта кету керек, осы уақыт аралығында 7 адам жұмысқа орналастырылды, сондай-ақ, 2 әйел жұмысқа орналасуға дайындық үстінде. Ал 2019 жылдың төрт айында 3 адам жұмысқа орналастырылды.

Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*