Сеніммен ұштасқан арман

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп бекітіп, баршамызды бір қуантқаны мәлім. Бүгінде сол науқан аясында бірнеше жақсы іс жасалынып, жастардың еңсесі биіктеп қалды. Елбасы Жастар жылында оң нәтижеге жету үшін тек Үкімет тарапына ғана емес, жастардың өздеріне де зор үміт артты.
Жастарға артылған бұл сенім болашаққа деген нық қадамдарына үлкен демеу болары сөзсіз. Елбасының бұл идеядағы негізгі мақсаты – азаматтық қоғамды жастардың өзі қалыптастыруы деп білеміз. Жастардың әрбір әрекеті қоғамды оң табыстарға жеткізері анық.
Елімізде азаматтық қоғамды қалыптастыру аясында жастардың қызмет етіп жүрген салаларының орны ерекше. Сондай саланың бірі – қоғамдық қауіпсіздік саласы. Бір қуантарлығы, елімізде осы салада қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлердің көп бөлігін жастарымыз құрап отыр.
«Мен өз міндеттерімді мүлтіксіз атқару үшін ғылымның түрлі саласын меңгеруге тиіспін. Таңдаған еңбек жолым уақытпен еш санаспайды. Біз – күнделікті қылмыс ашуға қатысты көптеген оқиғалармен бетпе-бет тұрамыз. Көп жағдайда ауа райының қиындығына да қарамай жұмыс атқарамыз. Біз шешімін тапқан әр қылмыстық істен ләззат аламыз. Біз – қылмыс орнында алғашқылардың бірі болып қызмет көрсететін азаматтардың біріміз. Біз үшін жұмыстың қауіптілігінен бұрын – еліміздің қауіпсіздігі маңызды». Өмірін осындай қатерге тіккен бұл азаматтар – криминалистикалық саланың азаматтары екенін бірден тануға болады.
«Жиырма жас – тарихи ерлік жасайтын жас», – деп Бауыржан Момышұлы сөз еткендей, осы бір жаста жоғарыда көрсеткен саланың батыры атануға бел буған жас криминалистердің бірі – Ерлан Симонов.
Ерлан Нұрланбекұлы – Ақтөбе қаласының тумасы. Тәуелсіздік алған жылы дүниеге келген Симоновтың бала күнгі арманы да осы әскери қызметке бару еді. Арманы шынға айналып, 2009 жылы ІІМ Алматы Академиясына Жедел криминалистика бағыты бойынша оқуға түседі. Оқуын тәмамдап, Қандыағаш стансасында Жедел криминалистика қызметінде криминалист және аға криминалист лауазымында қызмет атқарады.
2017 жылы Көліктегі ПД Жедел криминалистика басқармасына криминалист лауазымына тағайындалған. Қазіргі таңда Жедел криминалистика басқармасының бас криминалист лауазымында еңбек етіп жүр. Жас та болса, биыл қызмет етіп келе жатқанына он жыл толып отыр. Отбасында бір қыздың ардақты әкесі және аяулы жарының сүйікті сүйеніші.
Ерлан қызмет жолындағы әрбір оқиғаны мақтанышпен еске алып отырады. Ең алғаш осы салада жүріп, қол іздерін анықтау керек болып, күдіктіні іздеген. Тапқан күдікті азаматының қол ізі – қылмыс иесінің қол ізімен сәйкес келіп, өз ісін нәтижелі жұмыспен бастайды. Сол бір сәт Симоновтың жұмысқа деген жігерін оятып, талпыныс күшін сыйлаған. Оның осы күш-жігері бүгінде көптеген жетістіктерге жеткізді.
2015 жылы Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданының әкімінен және 2017 жылы Көліктегі Полиция департаментінің басқармасынан осы салаға сіңірген еңбегі үшін бірнеше алғыс хатпен марапатталған. Сондай-ақ, «Қазақстан полициясына – 25 жыл» және «Жедел криминалистика қызметіне – 100 жыл» мерекелік төсбелгілерімен наградталған. Бұл жетістіктерінің бәрі де еңбек жолының басы ғана деп білеміз.
Жалпы бұл сала – қылмысты ашу барысында шыдам мен төзімді, жоғары кәсіби шеберлікті, тапқырлық пен ұтқырлықты қажет ететін күрделі сала. Сондықтан да бұл кәсіпке кез келген адам кездейсоқ келе бермейді. Ерлан оқиға орнынан алынған қылмыс іздері мен заттай айғақтар арқылы жұмыс істейді. Тергеу іс-әрекеттері барысында дактилоскопиялық, трасологиялық, баллистикалық, техникалық зерттеу жүргізу және суық қаруды зерттеу бойынша тыңғылықты жұмыстар атқарады. Ерланның әрбір айғақты мұқият зерттеп, жұмысын сапалы жүргізуі – өз ісінің нәтижелі болуына үлкен ықпалын тигізген. Бұл саланың басты талабы да осы.
«Қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл саланы кез келген жас жеткіншекке өз ісіммен үлгі етіп, еліміздің патриот азаматы болғысы келетін жандардың таңдауына кеңес беремін. Себебі, қазіргі таңда криминалдық қызметтер базасының жылдан-жылға жаңғыртылуының арқасында түрлі автоматтандырылған жүйелер пайда болып жатыр. Бұл біздің зерттеу жұмысымызға үлкен көмек», – дейді өз ісінің маманы.
Ел тыныштығы мен бірлігінің ұйытқысы болып жүрген Көліктегі Полиция департаментінің жас криминалисі еңбек жолын мұнымен тоқтатпақ емес. Алдағы мақсаты – еліне еңбегі сіңген азамат болып, халқының үмітін ақтау.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*