Қоғамға бейімдеу – күрделі процесс

Қоғамда заңға қайшы әрекет жасап, темір торға қамалғандар кеш болса да өз істеріне өкінеді. Ал жазасын өтеп бостандық алған азаматтарды қоршаған ортаға қалай бейімдеуге болады? Бұл өте күрделі мәселе.
Істі болушылардың жазасын өтеп бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірі мемлекет тарапынан назардан тыс қалған емес. Оларды үнемі қадағалау, тұрақты мекенжайларын анықтау, жұмыспен қамтуға көңіл бөлу, бос уақыттарын тиімді пайдалануға насихаттау секілді жұмыстар Ақтоғай ауданында да үнемі атқарылады.
Жазасын өтеп шығушыға бейбіт тұрғындардың үрке қарауы, ол азаматпен араласпауға тырысуы секілді әрекеттер істі болған адамға кері әсерін тигізеді. Қоғамнан өзін онсыз да оқшау сезініп жүрген азаматтың жүйкесіне салмақ түсіреді.
Темір тордан босап шыққандардың басты мәселесі – жұмыссыздық. Себебі, бұрын қылмыс жасаған адамды кез келген мекеме жұмысқа қабылдай қоймайды. Қоршаған ортадан өз орнын тауып үлгермеген сотталушы күнкөрістің қамы үшін тағы да заң бұзушылыққа барып, қылмыс жасауы мүмкін.
Ақтоғай ауданының Полиция бөлімі істі болған және бүгінгі күні тіркеуде тұрған азаматтарды оңалту мен оларды қоршаған ортаға бейімдеуге арналған профилактикалық жұмыстарды үнемі жүргізеді.
Жазасын өтеп келгендердің алдағы уақытта тағы да заңға қайшы әрекеттерге бармауы үшін, олардың бойларындағы отбасына, Отанға, қоршаған ортаға деген сүйіспеншіліктерін ояту тұрғысында мәдени орындарда өтетін патриоттық іс-шараларға тарту, тарихи музейлерге апару, спортпен шұғылдануына көңіл бөлу секілді жұмыстар атқарылады. Бұл сотталушы азаматтар мен қоғам арасын бір табан жақындастырып қана қоймай, істі болған азаматтың өзін қоғамның толықтай бір мүшесі екендігін сезінуге мүмкіндік ашады.
Жуырда Жастар жылы аясында Ақтоғай ауданының Пробация қызметі мен «Жас қанат» ЖРО жастар арасында бильярд ойынынан турнир өтті.
Жарысқа В. Гриднев, Д. Шпенс және Р. Ахтанов есімді азаматтар қатысты. Нәтижесінде жинаған балдар саны бойынша бірінші орынды В. Гриднев жеңіп алды. Екінші және үшінші орындар Д. Шпенс пен Р. Ахтановқа берілді.
Барлық қатысушылар тиесілі мақтау қағаздармен марапатталды.
Естеріңізге салар болсақ, осы жылдың басынан аталған бөлімдердің ұйымдастыруымен шахмат, теннис және басқа да ойын түрлерінен жарыстар өткен болатын.
Осындай жұмыстар алдағы уақытта да жүргізілетін болады.

Р. АЛИН, Павлодар облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*