Түркістандағы дүбірлі турнир

Түркістан облысында Қазақстан полициясы күніне орай спорттық жарыс өтті.
Қазақстан полициясына 27 жыл. Осы айтулы дата облыстық ПД-де жылда үлкен дайындықпен, салтанатты шара ретінде аталып өтеді. Түркістан қаласындағы «Нұр» спорттық кешенінде өткен жарысқа департамент аппараты және қала, аудан полиция басқармалары мен бөлімдерінен 100 полицейден құралған 20 құрама қатысты. Іс-шараның ашылу салтанатына Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағлан Халықов қатысып, жарысқа қатысушыларды мерекелерімен құттықтап, сәттілік тіледі. Ал жарыстың басы-қасында ұйымдастырып жүрген Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ермахан Аққозиев спорттық жарыстың тартысты да әділ өтуі үшін бар жағдай жасалғанын жеткізді.
Қатысушылар шағын футбол, атыс даярлығы, арқан тарту, кір тасын көтеру секілді спорт түрлерінен бақ сынады. Әрбір аудан өз командаларының абыройы үшін барын салып еңбектенді. Спортты серік еткен полицейлер зор құлшыныспен, құмарлықпен ойнады. Алайда жарыста «мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктер» ғана жеңіске жететіні белгілі.
Шағын футболдан 1-орынды – Түркістан қаласының ПБ, 2-орынды Созақ ауданының ПБ, 3-орынды Сайрам ауданының ПБ иеленді. «Үздік шабуылшы» болып Жетісай ауданы ПБ-нің қызметкері Нұрсұлтан Елшібаев танылса, ордабасылық Нұрсұлтан Әбдіров «Үздік қорғаушы» номинациясына ие болды. «Үздік қақпашы» атауы Қазығұрт ауданы ПБ-нің қызметкері Мұрат Оспанқұловқа табысталды. Сондай-ақ, барлық командалардың капитандары белсене атсалысқаны үшін марапатталды.
Атыс даярлығы, оқ атудан 1-орынды Төле би ауданы ПБ-нен Әлішер Абдулла, 2-орынды Шардара ауданы ПБ-нен Мұхтар Боранбаев, 3-орынды Түлкібас ауданы ПБ-нен Нұрман Шыңғысбаев қарсыластарынан оза шауып, алғашқы үштікті өзара бөлісіп алды. Қазақтың ұлттық ойыны – арқан тартудан Келес ауданы ПБ 1-орын, Мақтаарал ауданы 2-орын, Қазығұрт ауданы 3-орынды иеленді. Кір тасын көтеру бойынша 24 келі тасты 76 рет көтерген облыстық ПД атынан шыққан команданың мүшесі Салық Ануаров 1-орынды иеленді. Облыстық ПД-нің 2-командасының мүшесі Евгений Курьков 2-орынды қанжығасына байлады, ал 3-орынды Жетісай ауданы ПБ-нің қызметкері Ақжігіт Төрегелдиев жеңіп алды. Жеңімпаздар арнайы алғыс хаттар, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты марапаттау шарасында Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағлан Халықов жеңімпаз атанған спортшы полицейлерге ізгі тілегін арнады.

Айдана ҚАНАТБЕКҚЫЗЫ, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*