Сақшының сенімді серігі

Біз кинологиялық орталыққа келгенде темір тормен қоршалған үйрету алаңында кинолог Марат Ахметов (суретте) төбеттерді түрлі тапсырмаларды орындауға үйретіп жүр екен. Бұйрықты бұлжытпай орындайтын иттің әр қимылынан иесіне риясыз сенетіндігі сезіліп-ақ тұр. Бүгінгі таңда жеті қазынаның бірі саналатын иттің тілін түсініп, жанына серік еткен мамандар үшін олар сенімді көмекшіге айналды.
Айыртау аудандық Полиция бөлімінің кинологы Марат Ахметов алты жылдан бері осы мамандықтың қыр-сырын меңгеріп жүр. Неміс овчаркасы Терем мен лабродор тұқымдас Коди оның сенімді серігіне айналған. Із кесуші Тереммен бірқатар қылмыстың бетін ашыпты. Әсіресе, ұрлық жасағандарды ізін суытпай тауып береді. Ал Коди жарылғыш заттарды іздейді.
– Әр мамандықтың қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Кинолог болу үшін көп жағдайда арнайы жоғары оқу орнын аяқтау шарт емес. Тек мамандыққа деген қызығушылық, ептілік және жауапкершілік адам бойынан табылса, сол жеткілікті, – дейді Марат Ахметов.
Кез келген әскери қызметкер, тәртіп сақшысы, кедендегі тексерушілер кинологтар баптаған иттердің көмегіне жүгінеді. Себебі, төрт аяқтылар аса сезімтал, епті әрі иісшіл. Кинологтар осындай қабілетті иттерді бірден танып, баптайды. Күзету, іздеу, тінту, құтқару сынды тапсырмаларды орындауда үйретілген иттер ғана мамандардың көмекшісіне айналады.
Қылмыскерді тауып, түрлі келеңсіздіктердің алдын алу үшін кинологтарға үйретілген иттер көмек бере алады. Өйткені, жарылғыш заттың қай жерде жатқанын немесе есірткінің жасырылған орнын кинолог сенімді серігінің көмегімен таба алады.
Жұмыс барысында кездесетін қиындықтарды шыдамдылықтың арқасында жеңуге болады. Кинолог болу – иттің анатомиясын, физиологиясын, психологиясын терең түсіну, оның ауруларына ем іздеу, дұрыс тамақтандыру. Мінекей, бір қарағанда оп-оңай көрінетін мамандықтың осындай қиындықтары бар.
– Кинологтар көп жағдайда овчарка мен лабрадор тұқымдас иттерді таңдайды. Овчаркалардың із кесушілік қабілеті жоғары және олар тез үйретіледі. Ал жарылғыш затты іздеуге иттің кез келген түрін жаттықтыруға болады, – дейді Марат Ахметов.
– Итті үйретер кезде Алматыға барамыз. Сол жердегі кинологиялық орталық мамандарының көмегімен итпен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгереміз. Алғашқы екі апта – кинолог пен иттің арасында достық қарым-қатынас орнату кезеңі. Серуендеп, тамағын беріп, жуындырып, онымен дос болғың келетініңді сездіресің. Ит осыны түсінгеннен кейін ғана оны із кесуге немесе жарылғыш затты іздеуге үйрете бастайсың, – дейді Марат Ахметов.
Біз сөйлесіп болған кезде темір тордың ар жағында иесінен көз алмай қарап тұрған Коди қуанғанын білдіріп, «Мен тосып тұрмын» дегендей үре бастады. Қазір оны еркін жүруге үйрету үшін қоғамдық орындарға серуенге шығарады. Ол да соны сезіп тұр-ау, сірә.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*