Батырлардың туыстарына құрмет көрсетті

22 маусымда Ішкі істер министрлігі Қазақстан полициясы күнін атап өтті. Іс-шара қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған ішкі істер органдары қызметкерлері мен ішкі әскер қызметшілеріне арналған монументке гүл шоқтарын қойып, еске алумен басталды.
2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 23 маусым Полиция күні болып ресми түрде бекітілді. Қазақстан полициясы күні – бұл қазақстандық полицияны құрған ардагерлер мен оның қатарында еңбек ететін қызметкерлерге алғыс айтып, қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін бейбіт күнде өз өмірін құрбан еткен полицейлерді еске алатын күн.
Қазақстан полициясы тарихында жанкештілік пен ерлік үлгілерін көрсеткендер аз емес. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қызметтік борышын өтеу кезінде 787 полиция қызметкері қаза тапқан, 3513 полиция қызметкері ауыр жараланған.
Сақшылар қылмыспен күресте алдыңғы шептен табылып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бірінші болып қорғайды. Заңдылықтың, тәртіптің, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын үнемі бақылап отырады. Бұл – еліміздің орнықты әрі тұрақты дамуының басты факторының бірі екені белгілі. Сондықтан да сақшыларға жүктелген міндет ауыр да жауапты. «Жүк ауырын нар көтерер» деген сөз бар, сақшылар мұндай қызметке ақша үшін немесе лауазым үшін қызығып келмейді, олар бастарын бәйгеге тігіп, халық үшін өз өмірлерінің от пен оқтың ортасына түсетінін жан-тәндерімен сезініп келеді. Айналдырған отыз жылда мыңға жуық сақшының қаза болуы соның нақты дәлелі.
– Қазақстан полициясының кәсiби мерекесi құтты болсын! Оның құрылғанына 27 жыл толып отыр. Елдiң iшкi iстер органдарының тарихы – бұл Қазақстан тарихының бiр бөлшегі іспеттес. Бiз жүрiп өткен жол IIМ жүйесi ең iрi және көпфункционалды құқық қорғау құрылымы бола отырып, қылмысқа тосқауыл бола алатынын, конституциялық құқықтарды және азаматтардың бостандығын қорғап, еліміздегі тәртiптi қамтамасыз ете алатынын көрсеттi. Ең үздік әлемдік стандарттарға жіті көз жіберу арқылы біз ішкі істер органдарының қызметін сапалы жаңа деңгейге көтеріп, халық алдында ашық есеп беріп, қоғаммен кері байланысын нығайтамыз, – деді шарада сөз сөйлеген Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тургумбаев.
Осындай бейбіт күннің батырларын ұлықтау, яғни «Полиция күні» қарсаңында өткізілген салтанатты шарада Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлы қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан сақшылардың жақындарына құрмет білдірді.
Сондай-ақ, аталмыш іс-шарада қызметте ерекшеленген полицейлер марапатталды. Мереке концерттік бағдарламамен өз жалғасын тапты.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ,
суреттер Қанат КӨЛБАЕВ пен
Бек ИМЕКЕШОВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*