Шамиль МҰХИТДИНОВ: Қандай жағдайда да адамдықтан айнымау керек

Қазіргі заман жастарының көбі «танымал болсам», «елдің көз алдында жүрсем» деп армандайтыны секілді бүгінгі менің сұхбаттасым да бала кезінен киноға түсіп, әйгілі актер болуды қалаған. Дегенмен, оның маңдайына киноға түсіп емес, кездейсоқ түсірілген бір ғана суреттің арқасында елдің бәрі сүйсіне қарайтын «жұлдызға» айналуды жазыпты.
Кейбір басылымдар «Жыл суреті» деп айдар таққан сол көріністе кішкентай қыздан бақбақ гүлін алып, жымиып тұрған сарбаздың есімі – Шамиль Мұхитдинов (Хасанов). Әлеуметтік желі қолданушылары «ең әдемі күлкінің иесі» деп атаған 18 жастағы жігіт бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы «Үркер» шағын ауданындағы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Біз бейбіт күннің батырына айналып үлгерген сарбаздан арнайы барып сұхбат алып, вирустық жылдамдықпен тараған суреттің егжей-тегжейіне қаныққан болатынбыз.
Шамиль, 9 маусымнан бері инстаграм жұртшылығының назары саған ауған. Олардың бәрі гүл ұсынған сәбиге мейірімділікпен қарап тұрған жауынгердің кім екенін жақыннан білгісі келеді. Өзің туралы айтып берсең.
– Мен 2000 жылы Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызыл қайрат ауылында дүниеге келдім. 2006 жылы осы елді мекендегі №19 орта мектептің табалдырығын аттап, 2017 жылы тәмамдап шықтым. Сабақты жақсы деген бағаға оқыдым.
Мектепті бітірген соң, басында Ішкі істер министрлігінің Қостанай Академиясына оқуға түсу туралы ой болды. Алайда, одан бас тартып, «әрбір жігіт әскери өмірді көруі тиіс» деген оймен Отан алдындағы борышымды өтеуге өзім сұранып келдім.
Әлеуметтік желі қолданушылары «Ата-анасы керемет адамдар екені көрініп тұр, баласына жақсы тәрбие беріпті» деп жазып жатыр. Осы жерде әке-шешең туралы да айта кетсең. Олар қандай адамдар?
– Иә, рас, ата-анам өте жақсы адамдар (күледі). Кімге болсын өз ата-анасынан асқан адам жоқ. Әкем Азат Хасанов пен атам Мұхитдин Хасанов – ішкі істер органдарының ардагерлері. Екеуі де кеңес заманында милиция қатарында еңбек еткен. Атам – отставкадағы милиция майоры. Яғни менің әулетім – полиция династиясы. Сол себепті де шығар, мен бала кезімнен әскери тәртіпке, спортқа жақын болып өстім.
Ал анам Зухра Хасанова қазіргі күні Алматы қаласындағы бір мейрамханада аспазшы болып істейді. Отбасымда менен үлкен 1994 жылғы Икрам есімді ағам бар.
Енді негізгі оқиғамызға келсек. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін сапта тұрған қарулы сарбазға кішкентай қыз гүл ұсынып жатқан сурет интернет әлемін «жарды». Басынан айтып берші, бәрі қалай болып еді?
– Бұл 9 маусым – сайлау күні болған оқиға. Әдеттегі тәртіппен біз таңғы асты ішкеннен кейін өзіміздің бөлімдегі әскери адамдарға арналған сайлау учаскесіне барып, дауыс бердік. Сол кезде астанада қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қосымша күш керек деген хабар келді. Тез арада жиналып, қалаға жетіп, Республика даңғылы мен Сейфуллин көшесінің қиылысына орналастық.
Біз сол жерде таңнан кешке дейін тұрдық. Жағдай өте алаңдатарлық еді. Айқайлап, ұрандатқан адамдар жиналып жатты. Оның үстіне, көңіл күйіміз де жоқ, өйткені, таңнан кешке дейін бір жерде тапжылмай тік тұру оңай емес.
Бір кезде, түскі сағат 14:00 шамасы болу керек, бізге қарай келе жатқан әйел адамды байқадым. Қоларбасы бар және қасында кішкентай қыз еріп келеді. Бірден «Балалар митингіде не істеп жүр?» деген ой келе қалды басыма. Бірақ, жақындағанда байқадым, кішкентай қыз қолындағы бақбақ гүлін сарбаздарға сыйлағысы келген екен. Сосын олар жақындап келді де, қыз бала қолын созып гүлді маған ұсынды.
Неге басқаларға емес, дәл саған берді?
– Өйткені, мен саптың шеткі жағына қарай, адамдар жүретін тротуарға таяу жерде тұрдым. Айрин (қыздың есімі) бала көңілмен гүлді ұсынғанда оның қолын қайтара алмадым. Біз әскери адам болғасын, оның үстіне мынадай шеру кезінде сапта тұрғандықтан, артық қимыл жасауға болмайды. Бірақ, соған қарамастан, қолыма ұстаған қалқанды түсірдім де, кішкентай періштеге рахметімді айтып, гүлін қабылдым. Дәл сол сәтте оның анасы бізді суретке түсіріп алғанын байқаған жоқпын. Дегенмен, сәбидің бір жағынан болмашы ғана көңілі, екінші жағынан үлкен азаматтық ісі әп-сәтте-ақ менің күні бойғы шаршағанымды ұмыттырып, көңіл күйімді көтеріп тастады. Өйткені, бұған дейін де сұхбаттарымда айтқанымдай, өзім сәбилерді қатты жақсы көремін. Ал олар осындай үлкен іс жасап жатса, қалай сүйсінбеске?!
Бұл суреттің интернетте таралып, танымал болып кеткенін қашан білдің?
– Сол күні кешке біз әскери бөлімге оралдық. Ол кезде ештеңе білген жоқпын. Бірақ, адамдардың айтуынша, 9 маусым күні-ақ менің суретім әлеуметтік желілерде таралып жатыпты. 10 маусымда біз тағы да қоғамдық тәртіпті сақтау үшін күшейтілген режимде қызмет еттік. Сол күні кешке ротамызға оралған соң, ата-анаммен сөйлескенде ғана олар инстаграмда менің кішкентай қыздан гүл алып жатқан суретім таралып кеткенін, оған көп адамдар жағымды пікірлер жазып жатқанын айтты.
Әрине, мұны естігенде қатты қуандым. Алғашқыда оны кім түсіріп алғанын, интернетке кім салғанын, тіпті нақты қандай сурет екенін де білген жоқпын. Кейін ағаммен сөйлескенде ол бәрін түсіндіріп айтты. Ағам да, ата-анам да қуанып, мені мақтан тұтатындарын жеткізді.
Содан кейін ғана мен осы суретті тауып алып, инстаграмдағы өз парақшама жүктедім. Оған дейін парақшама 500-дей адам ғана жазылған болса, қазіргі күні 11 мың адамға жетті. Суреттің астына мыңнан аса пікір жазылды. Жеке дайректке шығып, жақсы сөздерін айтып жатқандар да көп.
Пікірлердің бәрін оқыдың ба?
– Бәрін оқып үлгермедім.
Әскери бөлім басшылары не деді?
– Ұлттық ұланның Жоғарғы бас қолбасшылығы, әскери бөлім басшылығы мен бригада командирі, бәрі де азаматтық іс жасадың деп, мақтап жатыр.
Одан кейін Айриннің сыйлаған гүлін не істедің?
– Айриннің гүлін бірнеше күн бойы сақтадым. Егер қурап кетпегенде әлі де сақтап жүрер ме едім (күледі).
Осы күннен кейін сенің өміріңде қандай өзгерістер болды?
– Өмірімде осындай оқиға болғанына өте қуаныштымын. Шеру болған кезде адамдар полицияға, әскери адамдарға теріс көзқараста болғаны белгілі. Сол кезде менің суретім полицияның халықпен бірге екенін, сақшылар жазалаушы емес, қорғаушы екендігін білдіріп, жағдайды жақсартуға өз септігін тигізді деп ойлаймын.
Маған да, ата-анама да көп адамдар, тіпті танымайтын кісілер хабарласып, жылы лебіздерін айтып жатыр.
Шамиль, әлеуметтік желілерде кішкентай қыз гүл сыйлап тұрған сарбазды «менмін» деген тағы екі адам пайда болыпты. Ол туралы естідің бе?
– Иә, естіп жатырмын. Оны маған ата-анам айтты. «Біз сені танып тұрмыз, бірақ инстаграмда кейбір адамдар «Бұл Шамиль емес, басқа адам» деп жазып жатыр», – деді. Тіпті маған бір журналистер хабарласып: «Суреттегі сарбаз сіз екеніңізді дәлелдей аласыз ба?» – деп те сұрады. Мен олардың көздерін жеткізу үшін кездесуге шақырдым.
Әрине, ол менмін. Туыстарым, таныстарым, осы әскери бөлімдегі қарулас достарым да оны дәлелдей алады. «Мен» деген сол екі адамның бірінің әлеуметтік желідегі парақшасына кіріп көрсем, суреттегі маған мүлдем ұқсамайды. Өйткені, менікіндей күлкі ешкімде жоқ (күледі).
Одан бөлек, күні кеше КТК телеарнасының ұйымдастыруымен Айринмен және оның анасы, яғни сол суреттің авторы Саяжанмен де кездестік. Тіпті, кішкентай қыздың өзі мені таныды.
Кездесу қалай өтті?
– Мен үшін өте әсерлі кездесу болды. Анасы да, кішкентай сәби де өте көңілді, ашық-жарқын адамдар екен. Айринге кішкене сыйлығымды ұсынып, жақыннан танысып, шүйіркелесіп әңгімелестік.
Соңғы уақыттарда, әсіресе шерулерден кейін халық арасында полицияға, әскери адамдарға теріс көзқарас танытып, өкпе-назын айтып жатқандар бар. Жұртшылықтың сенімін арттыру, жазалаушы емес, қорғаушы деген атқа лайықты болу үшін тәртіп сақшылары қандай болуы керек?
– Қандай жағдайда да адам болып қалу керек. Инстаграмға салған суретке де «Адам болып қал» деп жаздым. Бұл – өміріміздің басты ұраны болуы тиіс.
Сенің парақшаңды шолып шықтым. Байқауымша, спортпен шұғылданасың, солай ма?
– Иә, бала күнімде дзюдомен айналыстым. 2012 жылы жасөспірімдер арасында өткен Алматы облысының біріншілігінде 2-орын алдым.
– Әскерге қашан шақырылдың, қашан қайтасың? Қазіргі өмірің туралы айтып өтсең.
– 2018 жылдың екінші легімен 25 қарашада Нұр-Сұлтандағы 6636 әскери бөлімге келдім. Алғашқы оқыту курсынан өткеннен кейін мені 5573 әскери бөлімге Отан алдындағы борышымды өтеуге жіберді.
Әскерге келгеніме еш өкінбеймін. Ата-анам, атам, бұрын әскерде болған достарым да бұл қадамымды дұрыс деп қолдау білдірді. Менің ойымша, әр ер жігіт туған күні мен жаңа жылды өмірінде бір рет әскерде қарсы алуы тиіс. Алла қаласа, қараша айында үйге қайтамыз.
– Әскерден кейін қандай қызметке бару жағын ойландың ба?
– Бала күнімде екі арманым болды: бірішісі – өз атына лайықты, елі мақтан тұтатын, тұрғындарды кез келген қауіп-қатерден қорғайтын полиция қызметкері болу. Екінші арманым – киноға түсіп, танымал актер болу. Дегенмен, қазір екінші арманыма қол жеткізсем деп алдыма мақсат қойып жүрмін. Сондықтан әскерден кейін Алматыда театр саласына оқуға түссем деймін.
Кешегі суреттен кейін «жұлдызға» айналып үлгердің. Енді сені киноға түсуге шақырып жатса, келісесің бе?
– Әрине, қуана келісемін.
– Ендеше, сол арманыңа жетуге тілектеспін. Әрдайым осылай елдің алғысына бөленіп жүре бер!

Сұхбаттасқан Ескендір ТАСБОЛАТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*