Сақшылар – тыныштық тірегі

Өмір болғасын адамның басында түрлі жағдайлар орын алып тұрады. Бір құнды затымыз қолды болса, қандайда болсын қауіп төнгенде, жеке басымыздың құқығы бұзылса, көмекке жүгінетін адамдарымыздың бірі, әрине, тәртіп сақшылары, яғни полиция қызметкерлері.
Олар біздің қауіпсіздігіміз үшін, бейбіт елде тыныштықта өмір сүруіміз үшін күні-түні аянбай қызмет етеді. Полиция деп қоғамдық тәртіпті сақтап, халық пен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскерилендірілген жасақтың жиынтығын айтамыз. XVI-XVII ғасырларда Еуропа елдерінде қоғамдық тәртіпті сақтау органдарына «полиция» атауы берілген. Ол көне грек тілінің «полис», яғни «қала» деген сөзінен шыққан. Римдіктерде «полития» сөзі «қоғам заты» деген мағына береді. Бертін келе «полития» сөзі «полиция» болып өзгерген.
Полиция дегенде көз алдымызға көк түсті форма киген, тәртіпке бағынған адам бейнесі бірден елестейді. Өкінішке қарай, қоғамда көбіне оларды жазалаушылар ретінде қабылдап жатады, полицейлердің бейнесі осылай теріс қалыптасып қалған. Дегенмен, олардың барлығы бірдей қатал емес. Керісінше өте мейірімді де жанашыр, өз елінің нағыз патриоттары, адамдарға төнген қауіпті ауыздықтауда жанын қиятын, қарапайым адамдарға әрдайым көмек қолын созуға дайын тұратын сақшылар өте көп. Әр күн сайын олар мемлекетіміздің тыныштығын қадағалап, әртүрлі қылмыстың алдын алады, тіпті керек болса өз өмірлерін қиюға да дайын.
Елдің тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген жауапты мамандық иелерінің жұмысы оңай емес. Тәртіп сақшыларының жұмысы уақыт кестесіне бағынбайды. Кез келген сәтте оқыс оқиғалар болуы мүмкін. Мұның барлығына төзу өте қиын. Себебі, полицейлер де адам баласы екенін ұмытпауымыз керек. Оларда да жүрек бар екендігін естен шығармаған абзал. Олар алда не күтіп тұрғанын білмейді. Сол себепті полиция қызметкерлері дене дайындығымен қатар психологиялық дайындықта жүруі қажет.
23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Осынау мереке жыл сайын дәстүрлі түрде аталып келеді. Жоғарғы кеңестің шешімімен тәуелсіз қазақ елінде алғаш рет 1992 жылы ішкі істер органдары туралы заң қабылданса, 2007 жылдан бері полицейлер күні тұрақты тойланып келеді. Ал ел көлемінде қазіргі таңда 100 мыңнан астам адам осы салада еңбек етеді. Тәулік бойы қоғамдық тәртіптің тыныш өтуіне жауапты сақшылар демалыс күндері мемлекеттік қызметшілермен бірігіп, кең көлемде мерекелерін тойлайды. Бұл күн – бейбіт күнде қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін сауысқандай сақ, қырандай қырағылық танытып, өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні десек те болатындай. Ел тыныштығын күні-түні күзетіп, қоғамдағы тәртіпті қадағалайды. Оларға артылатын міндет өте жауапты әрі қиын. Ең басты міндеті – адам өмірі, ел қауіпсіздігі. Ел үшін аянбай қызмет етуде полицейлердің еңбегі ерен.
Заманның дамуы сәт сайын өзгергені секілді, қулығына құрық бойламайтын қылмыскерлердің де айласы азаймай келеді. Түбі терең тұңғиық, жасырын қылмыстарды ашу мен алдын алу – полицейлердің басты міндеті. Сондықтан да мемлекеттің ішкі тәртібін тәулік бойы күзететін сақшыларға осындай бейбіт елде, тыныштықта өмір сүріп жатқанымыз үшін мың алғыс!

Гүлжан УӘЛИЕВА,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің студенті

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*