Сақшылар сыны

Жетісай қаласында Қазақстан полициясы күніне орай және полиция полковнигі Әбдіғаппар Серікбаевты еске алуға арналған волейболдан және шағын футболдан ерлер арасында спорттық жарыс ұйымдастырылды.
Спорттық шара Жетісай қаласы Сырдария университетінің спорт залында жоғары деңгейде өтті. Аталмыш кең көлемді іс-шараға Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қ. Дәлбеков, аудан әкімі, марқұмның жұбайы мен ұл-қыздары, облыс бойынша жинақталған командалар қатысты.
Саламатты өмір салтын насихаттайтын шараға Жетісай, Сарыағаш, Мақтаарал, Түлкібас аудандарының полицейлері, Жетісай аудандық сотының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, аудандық прокуратураның, білім бөлімі құрамалары және аудан студенттерінен құралған командалар бақ сынасты.
Екі күнге созылған жарыстың 1-ші күнінде өткен футбол бәсекесіне 6 команда қатысып, нәтижесінде І орынға Жетісай ауданы Асық ата кентінің полиция бөлімшесінің сақшылары, ІІ орынға Мақтаарал ауданы ПБ-нен келген команда, ІІІ орынға Жетісай аудандық сотының командасы ие болды.
Одан әрі спорттық іс-шара волейбол бойынша жалғасын тапты. Барлығы 9 команда сайысқа түскен ойындар тартысты да қызықты өтті. Көрермендер қолдау білдіріп, спортшылардың шабытты ойынымен қыза түскен жарыста 3 команда ақтық сынға шықты.
Қауіпті қызмет пен жауапкершілігі мол салада жүрген тәртіп сақшылары өздерінің спортқа деген құлшыныстарын көрсетіп, нәтижесінде арнайы әзірленген кубок пен І орынды Жетісай ауданы ПБ-нің командасы, ІІ орынды Түркістан облысы Полиция департаментінен келген команда, ал ІІІ орынды Сырдария университетінің студенттері ұтып алды.
Барлық жеңімпаздарға арнайы кубоктар мен грамоталар табысталды. Сайыста бақ сынасқан командалардың ішінен үздік шыққан ойыншыларға арнайы алғыс хаттар үлестірілді.

Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*