Елдің жүрегі, тілдің тірегі – ПАРАСАТТЫ ПОЛИЦЕЙ

DSC_4223Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?!

                                                                                                                                                                                                              Мұхтар ӘУЕЗОВ

Үстіміздегі жылдың 10-11 қазаны аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде Қазақстан халқының тілдері мерекесі аясында ішкі істер органдары қызметкерлерінің «Парасатты полицей» республикалық байқауы өтті. Ішкі істер органдарының қызметкерлері халықпен бетпе-бет қызмет өткеретін болғандықтан олар мемлекеттік тілді білуі арқылы да Қазақстан полициясының имиджін көтеруге айтарлықтай ықпал етеді. Сондықтан да ішкі істер органдарында тіл саясатын насихаттау, сақшыларды патриоттық тұрғыда тәрбиелеудің маңызы зор. Осындай қасиеттерді мақсат еткен сайыста сөйлеу мәдениетін көтерудің қазығы болып табылатын көркем тілді меңгеруге де баса назар аударылды. Барлық облыстардың Ішкі істер департаменттері қызметкерлерінен, сондай-ақ жоғарғы және арнайы оқу орындарынан барлығы 21 команда сайысқа түскен байқаудан түйгеніміз – бастау алғанына үш жыл ғана болған биылғы байқаудың қанаты кеңейе түсіпті.
DSC_4651«Сегіз қырлы, бір сырлы», «Өнерпаз команда», «Көрермен көзайымы», «Ұйымшыл команда», «Сегіз қырлы, бір сырлы» номинациялары бойынша да жүлде тағайындалды. ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Күреңбеков, Парламент Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы, Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы, Тіл жанашыры, «Құрмет» орденінің иегері Оралбек Ботпай мен тіл жанашыры, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, отставкадағы полиция полковнигі Сламғожа Қарақыстық, «Сақшы» газетінің бас редакторы Бану Әділжанова қазылық еткен жарысқа еліміздің айтулы тіл жанашырлары да ат салысты. Республикалық іс-шараның аясында «Парасатты полицей дегеніміз кім?», «Туған тілім – тұғырым», «Мен ата-анамды мақтан тұтамын» атты тақырыптарда шығармашылық байқау ұйымдастырылды. Тіл сайысының беташарын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, генерал-майор А.Күреңбеков ашты. Аталған байқаудың маңыздылығына тоқтала келе генерал-майор Амантай Жанкеұлы: «Байқауға қатысушы командалардың әрқайсысы жүлделі орыннан үміткер. Алайда, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, кімнің жүйрік екенін байқау әділқазылары бағалайтын болады. Ең бастысы Ахмет Байтұрсыновтың «Тілін жоғалтқан ұлт өзін де жоғалтады» деген сөзін біз ешқашанда естен шығармауымыз керек. Ана тілдің абыройын асыру әрқайсымыздың парызымыз», – деді. Сайыс барлығы бес айналымнан тұрды. Барлық айналымдардың беташарын DSC_4522Б.Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясының «Болашақ сақшылар» командасы ашып отырды.
«Абыройын алаштың биік көрдік,
Ақ үмітті өнерге түйіп келдік.
Армысыздар қайратты қазақ елі,
Өсірген жас талантты сүйікті ер ғып.
Қарағанды Бейсенов мектебінен
Құрметпен басымызды иіп келдік», – деп жарыстың беташарын ашып,
«Ел үмітін ақтайтын,
Тыныштықты сақтайтын,
Қиындықтан қашпайтын,
Отанды алға бастайтын,
Халық деп көзге жас тұнар,
Біз болашақ сақшылар», – деп ұрандатқан қарағандылықтар аталған жарысқа жауапкершілікпен дайындалғандарын дәлелдеп шықты.
Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, біз сақшысы елімнің деп сахнаға шыққан Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің «Барыс» командасының алғашқы айналымдағы команданы таныстыруы көрермендердің көңілінде жақсы әсер қалдырды.
DSC_4591«Ассалаумағайкум сөз анасы,
Жаны жайсаң, дарабоз ел анасы.
Парасатты полицейі біз боламыз,
Тәртіпті күзететін ел панасы.
Арнайы жасақтанбыз жылдам, жедел
Ар үшін жанындағы құрбан етер,
Қазақтың көк байрағын биіктетер», – деген алматылық сақшылардың таныстыруы айналасы жып-жинақы өлеңмен өріліпті. «Батыстың сайыпқырандары» командасы өздерінің арғысы күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Динаның, қазақтың дарабоз батырлары Сырым, Исатай мен Махамбеттің, бергісі кешегі Жұбан мен Қадырдың елінен екендіктерін мақтан тұтты. Батырлар туған жерденбіз, қасиет қонған елденбіз, – деп сахнаға нық сеніммен шыққан Жамбыл облыстық Ішкі істер департаментінің «Қаһарман елдің ұландары» таныстыру көріністерін ағып тұрған өлеңмен өте сәтті шығарды. Капитан командасынан бастап, команданың әрбір мүшесін өлеңмен таныстырған команда жерлес батыр ағалары Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы сөзін өз ұрандары етіп алыпты. Сахнаға екпіндей шығып, таныстыру рәсімін өлеңмен өрнектей білген командалардың арасында Астана қалалық Ішкі істер DSC_4625департаментінің «7172» командасының өнері тыңнан салған түрендей болды. Атауының өзі басқа командалардан бөлекше болған команданың туған тілдің мәртебесін көтеруге деген ұмтылысы өте сәтті шыққан. Айналымыздың бәрі сандық технологияға құрылған мына заманда олардың команда атауы етіп Астана қаласының халықаралық кодын алуының өзі олардың жаңашылдыққа деген талпынысын анық байқатты. А дегенде қазақ тілін дамытуға кімнің қандай үлес қосқаны жайлы есеп алудан бастаған қойылымның әркімге де ой салар салмағы басым болды. Ащы шындықты жеңіл әзілге орап жеткізгенмен астарында туған тіліміздің бағасын қайтсек көтереміз деген салиқалы ой жатқан әрбір көрініс шынында да бәрімізді риза етті. Әсіресе, қазақ тілінің құнын АҚШ-тың көк қағазынан артық қойып, тіл үшін ақша тұрмақ жанын да беруге деген ықыласты ұтымды жеткізе білді.
«Ана тілім, туған тілім бал тілім.
Сен арқылы дүние танып, талпындым.
Сен арқылы әлемге аян бар ісім,
Сен өмірде таусылмайтын алтыным», – деген өлеңмен аяқталған көріністен соң ана тілінің алтынмен де бағаланбас қасиетіне бас идік.
DSC_4610Қостанай облыстық Ішкі істер департаментінің «Әділдікті жақтаған, тыныштықты сақтаған, ел үмітін ақтаған, біз ақ берен сақшымыз» деп ұрандатқан «Ақ берен» командасы жарыстың мақал-мәтелдер жарысында да үздік көрсеткішке жетті. «Ақ берен» командасының тіл сайысына асқан жауапкершілікпен дайындалғаны олардың әрбір айналымдағы жетістіктерінен айқындалып тұрды. «Күміс көмей» ән байқауында олар Таран аудандық Ішкі істер бөлімінің қызметкері Ербол Сейітмағанбеттің арнайы осы байқауға арнап жазған «Отан сақшысы» әнін нақышына келтіре орындады.
Қарағанды облыстық Ішкі істер департаментінің «Алаш айбыны» командасы алты алаштың ардақтылары атынан айбынды сөз сөйлеп, Абыз бабаның «Қазақ байрағын сеніп ұстаңдар, ел іргесін берік ұстаңдар, қазағымның сақшылары» деген батасымен жігерленді. Команда құрамындағы басқа ұлттың өкілдері де тілі жатық екендіктерін көрсете білді. Тіптен команда мүшесі Виктордың:
DSC_4603«Сан ұлысқа ашылған есігіңді,
Алты Алаш құрметтеймін бесігіңді.
Биік тұр деп ырымдап қойған шығар,
Виктор деп қойған халқым есімімді», – деген сөзі аса нанымды шықты.
Сондай-ақ, Қарағанды облыстық ІІД-нің «Алаш айбыны» командасының «Ерлік естен кетпейді» атты сахналық көрінісі де шынайы шықты. Қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан тергеушінің ролін сомдаған команда мүшелері көрініс соңында сұм ажалдың тырнағына іліккен тергеушінің басын құшақтап жоқтаған жары мен кішкентай қызының зары адамның сай-сүйегін сырқыратты. Әсіресе тергеушінің ажал аузында жатып та қазақ тіліне араша түсуі жан тебірентті.
DSC_4120Сахнаға пойызбен шыққан Көліктегі Ішкі істер департаментінің «Жол болсын» командасы болат жолдың бойындағы тәртіпті сақтаудың маңыздылығын сайыста да дәлелдеді. Ұры-қарының тоғысар жері – жол үстінде қатал қызметпен қатар, қызықты оқиғалар да аз кездеспейді. Команда мүшелері мұндай қызықты оқиғаларды қазақ тілін білмейтіндердің айналысына шоғырландырып, әдемі жеткізді.
Ақмола облысының «Көкше қырандары» командасы ең алдымен өздерінің жер шарының ең әдемі жерінен екендіктерін мақтан тұта келді. Сонымен қатар олар қазақстандық парасатты полицейдің болашақ бейнесін беруде ұтымды көріністер ұйымдастыра білген. Байқауға қатысушылардың ұлттық нақышқа бай қазақы киімдері мен қару-жарақтары көрермендердің көңіліне үлкен бір мақтаныш сезімін ұялата білді.
«Сақшылықты таңдадым, шалқар көкте самғадым, бар күшімді қуатты, елім үшін арнадым» деп ұрандатқан «Атырау қырандары» командасы мемлекеттік тілде жатық сөйлеудің үлгісін танытты. Өмірлері елмен бірге өрілген сақшылардың қоғамдағы орнын «Сақшысыз ел болмайды, сақшыға бағынған қор болмайды» деген ұранмен орнықтырды. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлының санамызға жатталып қалған «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы сөзінің көшірмесі сияқты болғанмен де сақшыларсыз қоғам болмайтынына атыраулықтардың мақалынан соң тағы бір көз жеткіздік.
Алматы академиясының «Біздің жігіттер» командасы «Тек қана алға!» деген ұранды таңдапты. Ішкі істер министрлігінің белді оқу орнының ұжымы бұл байқауда өзге тілдің бәрін білгенімен өз тіліңді құрметтеу керек екенін насихаттады.
«Ақтөбе айбыны» командасының таныстыруы Ақтөбе-Астана бағытындағы пойызды қарсы алумен басталып, ару Астанаға жырмен шашу шашты. Сарыарқалық бауырларына деген қошеметтерін домбыраның қоңыр үнімен жеткізген команда мүшелері өз қойылымдарында Астана полицейінің мәдениетін де көрсете кетті.
Үш жүз алпыс екі әулиелі ел Маңғыстау облысының «Маңғыстау марқасқалары» командасы да көрермендерге қарт Каспийден қалықтай көтерілген ақ шағаладай әсер қалдырды.
Ішкі істер министрлігінің Қостанайдағы Заң академиясынан келген «Тәртіп сақшылары» командасы «Жасыма, талма! Қатардан қалма, қазақ полициясы!» деген ұранмен шықты.
DSC_4140Әдемі әзілімен, қағытпа қалжыңымен көзге түскен Оңтүстік Қазақстан облысының «Қақпан» командасының таныстырылымы елдің езуіне күлкі үйіре отырып, қазақи тілдің, туған жердің қасиетін паш ете білді.
Павлодар облысының «Кереку әмбебаптары» командасы Мәшһүр Жүсіп, Қаныш Сәтбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкен Айманов сияқты айбынды азаматтардың кіндік қаны тамған жердің рухын асқақтатты. Басқа ұлттың өкілдері көбірек шоғырланған өлкенің командасы өз құрамындағы түрі басқа болғанмен тілегі бір жігіттердің «Өссе тілім мен де бірге өсемін, өшсе тілім мен де бірге өшемін» деп ұрандатуы тіліміздің айбынын асқақтата түскендей болды.
Шығыс Қазақстан облысының «Өр Алтай» командасы шығыстың шынайы өнерін паш етті. «Мақсатымыз – шығыстың туын жықпау, ұранымыз – өр Алтайдың намысын биік ұстау» деген команда ана тілдің абыройын қорғау туралы толғана сөйледі.
Сахнаны домбыраның қоп-қоңыр үнімен жаулаған Солтүстік Қазақстан облысының «Солтүстік жұлдыздары» командасы Қазақстан полициясына арнаған жырын әуелете жеткізді. «Солтүстік жұлдыздарының» болашақтағы Қазақстан полициясының киім үлгісін қазақи оюмен өрнектеп, рухты көтергені оңды болды.
«Айбынды арландар, тайсалмас тарландар» деген атауының өзінен адам ығатын Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің командасы да қазақтың жерін қара найзасымен қорғаған Қарасай мен Райымбектей батырлар, ақиық ақын Ілияс пен бостандықтың бозторғайы атанған Сарадай ақындар елінің абыройы үшін барын сала білді. «Менің пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» дейтін Жамбыл баба ұрпақтары да туған тілдің тамырына нәр берер салиқалы ойларын саралай отырып жеткізді және барлығымызға ой салды.
Алайда, көптеген командалар байқау шартында белгіленген уақыттан асып кетіп, қапы қалып жатты.
***
2013 жылдың 11 қазанында Астана қаласындағы «Тілеп» қобыз сарайында өткен жиында жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Команда мүшелерін ғана емес, барлық жанкүйерлер мен көрермендердің жүрегін лүпілдеткен жиынды ашқан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары А.Күреңбеков Астана төрінде өткен дүбірлі жарыстың өз мәресіне жеткенін атап өтті. Елбасының мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған тапсырмаларының ішкі істер органдарында абыроймен орындалып келе жатқанын және бүгінгі жарыстың соның бір жарқын көрінісі екенін де тілге тиек етті. Сахна төрін жаңғыртқан жүргізушілер жарыс жеңімпаздарын жария етті. Сонымен 3 үшінші орынды, 2 екінші орынды және 1 бірінші орынды, бас жүлдені төмендегі командалар иемденді.
ІІІ орын – Солтүстік Қазақстан облысы ІІД-нің «Солтүстік жұлдыздары» және Ақмола облысы ІІД-нің «Көкше қырандары», Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД-нің «Қақпан» командаларына бұйырса, ІІ орынды Қостанай облысы ІІД-нің «Ақ берен» және Маңғыстау облысы ІІД-нің «Маңғыстау марғасқалары» командалары жеңіп алды.
І орынға Алматы облысы ІІД-нің «Айбатты арлан, Тайсалмас тарлан» командасы ие болса, Бас жүлдені Астана қаласы ІІД-нің «7172» командасы қанжығасына байлады.
Сонымен қатар байқауға енгізілген «Сегіз қырлы, бір сырлы» номинациясы бойынша ІІМ Ақтөбе заң институтынан Малаев Інкәрбек Бауыржан, «Өнерпаз команда» номинациясында Қарағанды облысы ІІД-нің «Алаш айбыны» командасы, «Көрермен көзайымы» номинациясында Шығыс Қазақстан облысы ІІД-нің «Өр-Алтай» командасы жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, «Үздік команда капитаны» номинациясында Жамбыл облысы ІІД-нің «Қаһарман елдің ұландары» командасы, «Ұйымшыл команда» номинациясында Атырау облысының намысын қолдан бермеген «Атырау қырандары» командасы жеңіс тұғырына көтерілді.
«Парасатты полицей» сайысының аясында өткізілген «Парасатты полицей дегеніміз кім?» шығармашылық байқауы бойынша бас жүлдені Ақтөбе облыстық ІІД оқу орталығының аға оқытушы-әдіскері, полиция аға лейтенанты Нұрсая Қуанышбекқызы Қуанышбек, бірінші орынды Астана қалалық ІІД Тергеу басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Дүйсембаев Саят Саматұлы, екінші орынды Ақтөбе қалалық ІІБ Сазды полиция бөлімі кадр жұмысы тобының аға инспекторы полиция аға лейтенанты Базаров Жәнібек Айтұлы, үшінші орынды Қазақстан Республикасы ІІМ Қостанай Академиясы Жедел іздестіру және режим қызметі кафедрасының оқытушысы полиция майоры Лұқпанов Медет Оспанұлы иеленді.
«Туған тілім – тұғырым» шығармашылық байқауы бойынша бас жүлде Алматы облысы бойынша ҚАЖД ЛА-155/18 мекемесі жедел бөлімі бастығының міндетін атқарушы әділет капитаны Ахметжанов Ринат Тілеужанұлына, бірінші орын Солтүстік Қазақстан облыстық Мемлекеттік күзет қызметі басқармасы ПБ полицейі полиция аға сержанты Баймұқанова Раушан Барашқызына, екінші орын Ақтөбе облыстық ІІД Оқу орталығының оқытушысы полиция капитаны Байниязов Мұхтар Саматұлына, үшінші орын Қызылорда облыстық ІІД КПБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бүйтеков Жақсылық Бүйтекұлына бұйырды.
Аталған байқаудың тағы бір ерекшелігі тек полиция қызметкерлері арасында ғана емес, олардың балалары арасында да ұйымдастырылған жарыс болды. Атап айтқанда «Мен ата-анамды мақтан тұтамын» шығармашылық байқауы жас таланттардың мамандыққа деген құрметін ғана емес, ата-анаға деген мақтаныш сезімін де асырған жарыс болды. Бұл номинация бойынша бас жүлдеге Жамбыл облысы Тараз қаласының №16 Д. Карбышев атындағы орта мектебінің 5 «а» сынып оқушысы Түзелбай Алмат Мұханұлы ие болды. Ал, 1-орынды Шығыс Қазақстан облысы Р.Марсеков атындағы орта мектебінің 6-сынып оқушысы Тоқан Әлмұхаммад Аманжолұлы, екінші орынды Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша қаласының №5 орта мектебінің 8-сынып оқушысы Өмірсерікова Айя Жәлелқызы, үшінші орынды Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының оқушысы Жанділдин Архимед Құрманғазыұлы бөлісті.
Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жүлделердің ішінде Ішкі істер министрлігіне қарасты шипажайларға жолдамалар, ведомстволық басылымдарға жазылу, «Алатау» спорт кешеніне жылдық тегін абонементтер мен спорт киімдері бар.
Мысалы, «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алған «Өр Алтай» командасына «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының Медиа орталығы» ЖШС Бас директоры А.Садубаев «Сақшы» және «На страже» газеттеріне жарты жылға тегін жазылу сертификатын тапсырса, ІІМ-нің «Қазақстан» шипажайының басшылары да өз тараптарынан тегін жолдама сертификатын берді.
Байқаудың соңы қазақстандық эстрада жұлдыздарының концертімен жалғасты.

Қостанай облыстық ІІД Қарасу аудандық Ішкі істер бөлімі штабының бастығы Бақытжан МЫРЗАБОЛАТОВ:
– Бұл жарыстың бізге бергені көп болды. «Парасатты полицей» байқауына дайындалу барысында біздің команда мүшелері көп ізденді. Бір ғана мысал айтатын болсам – мақал-мәтел жарысына келгенде біздің «Ақ берен» командасы ұтқыр да ұтымды жауап берген командалардың көшін бастады. Ал, бұл жетістіктің арт жағында қаншама еңбек жатыр. Ақтармаған кітабымыз қалмады десем артық айтқандық емес. Сонымен қатар бірімізді біріміз үйреттік. Ал, қазақы сөздің мәйегіне айналған мақалдарды білу, оны керек жерінде қолдана білу бізге қарапайым өмірде аса қажет.
Біздің облыс басқа ұлт өкілдері көп шоғырланған өңір. Соған қарамастан қазақ тілінің жылдан жылға қанатын кеңге жайып келе жатқаны біз үшін басты жеңіс, үлкен қуаныш.

«Құрмет» орденінің иегері Оралбек БОТПАЕВ:
– Полиция қызметкерлерінің Еуразияның жүрегінде, Астананың төрінде өтіп жатқан тіл сайысы маған қатты ұнады. Егеменді еліміздің ішкі тәртібін күзетуде сақтық пен қырағылық танытып жүрген сақшылардың ерлігіне қашанда сүйсініп жүруші едім, бүгін олардың өнерден де құралақан емес екенін көріп оларға деген құрметім арта түсті. Жас ұрпақтың бойындағы патриоттық рухты оятуда да қазіргі сақшылардың сіңіріп жүрген еңбегі аз емес. Мысалы, туған елдің тыныштығын қорғау жолында өмірін құрбан еткен сақшылардың ерлігі барлығымызға өнеге емес пе. Сондықтан мен мүмкіндігі болғанша полиция қызметкерлері арасында өткізілетін әртүрлі шараларға қатысуға тырысып жүремін.

ІІМ Алматы Академиясы Тәрбие жұмысы бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қойшыбек ҚАРБАЕВ:
– Бүгінгі жарыс полиция қызметкерлерінің күші мен қайратын ғана емес, өнері мен талантын сынға салған тартысты жарыс болды. Мұндай жарыстар бізге өте қажет. Өйткені осындай жарыстар арқылы біздер жас қызметкерлердің нағыз маман болып қалыптасуына, тәжірибе жинақтауына ғана көмектесіп қоймаймыз, олардың бойындағы талантты ашуға мүмкіндік аламыз. Тәртіп сақшыларының арасындағы нағыз сегіз қырлы, бір сырлы қызметкерлерді іріктеу де тәрбие саласының мамандарына оңай емес. Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген тамаша сөз бар. Бүгінгі сайыс полиция қызметкерлерінің туған тілге деген зор құрметі ғана емес, нағыз таланттарды таныта алатын сайыс.

Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА-155/18 мекемесі жедел бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ринат АХМЕТЖАНОВ:
– Мен «Парасатты полицей» конкурсының шеңберінде өткізілген «Тілім менің – тұғырым» атты шығармашылық сайыстың бас жүлдесін жеңіп алдым. Шығарма жазу барысында қазақ тіліндей үнді де сұлу тілдің жоқ екеніне көз жеткіздім. Сөз қадірін түсінген бабаларымыздан қалған асыл мұра – шешендік сөздерге қарап, дәл біздің халық сияқты шешен сөйлейтін халық та жоқ шығар деп ойлаймын. Шашасына шаң жұқтырмайтын талай жүйріктер жиналған жарыс жыл сайын өзіндік өзгешелігімен ерекшеленіп келеді. Мен осындай аламан бәйгеде жеңімпаз болған барлық әріптестеріме қызметте де тек сәттілік тілеймін.

Гүлнәр ТАЗАБЕКОВА, Астана қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*