Көлік полицейі – Еуразия чемпионы

Жуырда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласында Шығыс өңірінің төл тумасы, ел қорғаны Баймұрат батырдың рухына тағзым етіліп, еске алу мақсатына арналған ұлттық спорт өнері – жекпе-жектен ерлер арасында Еуразия кубогы үшін дүбірлі дода өтті.
Кубоктың титулды белбеуі үшін бақ сынасуға Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан сынды елдердің майталмандары келіп, бақ сынасты. «Айбын» спорт клубында өткен бұл додаға Қазақстан атынан ІІМ Көліктегі Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығының кіші инспекторы Айдос Абдолұлы қатысып, «Еуразия чемпионы» атанды. Чемпионымызға 100 000 теңге ақшалай сыйлық пен титулды белбеу табыс етілді.
Еске сала кетейік, Айдос Абдолұлы осы жылдың 8-14 мамыр күндері Алматы қаласында ерлер мен әйелдер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан өткен республикалық жарыста өнер көрсетіп, 2- орын алған болатын. Айдосты Көліктегі Полиция департаменті Кинологиялық қызмет орталығының кіші инспекторы ғана емес, көлік полициясының тарланбозы дегп де танимыз.
Ол 1994 жылы Алматы облысының Үшарал қаласында дүниеге келген. «Спорт және менің қызметім – үлкен байланыстағы өмірім», – дейді аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы.
Айдос бұған дейін 2017 жылы жекпе-жектен Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері, 2018 жылы Қарағанды қаласында өткен жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасы чемпионатының және 2018 жылы Щучинскіде өткен қоян-қолтық ұрыстан ІІМ чемпионатының жеңімпазы.
Жауынгерлік самбодан және аралас жекпе-жектен спорт шебері атанған балуан 2015-2017 жылдары Астана стансасындағы Желілік полиция басқармасының тылдық қамтамасыз ету тобында қызмет атқарса, 2017-2019 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөлімінде кіші жедел уәкілі қызметінде болған. Бүгінде кинология саласының білікті, беделі асқақ, батыл қызметкері.
Алматыда өткен самбо турнирінен кейін сенім білдіріп, тілекші болған біз Айдосқа алдағы белестеріне де сәттілік тілеп, зор үміт артамыз.

Көліктегі ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*