Сабақтастық слеті

Облыстық Полиция департаментінде 100 шақты қатысушының басын қосқан жас қызметкерлер мен олардың тәлімгерлерінің екі күндік слеті аяқталды.
Еңбек өтілі жылға толмайтын полицейлер үшін оқыту семинарлары мен тренингтер, сондай-ақ, мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Мәдени бағдарлама аясында Абылай хан резиденциясына, облыстық ПД музейіне экскурсия өтіп, міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің құрметіне арналған мемориалға гүл шоқтарын қойды.
Осы кезде олардың тәлімгерлері кәсіби байқауда күштерін сынасты: заңнамаларды білуден тест тапсырды, денешынықтыру дайындықтарын көрсетті. Аққайың ауданы Полиция бөлімі уақытша ұстау изоляторының бастығы, полиция капитаны Александр Лизун үздік тәлімгер деп танылды. Ол Солтүстік Қазақстан облысы атынан Нұр-Сұлтан қаласында өтетін конкурстың республикалық кезеңіне жолдама алды.
«Өзімнің қамқорлығымдағы жас қызметкер, полиция кіші сержанты Азамат Листопадты патриоттыққа, толерантылыққа, адамдарға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге талпынамын», – дейді Александр Лизун. Тәлімгер болу оңай емес – мамандықтың қыр-сырын ғана үйретіп қоймай, саған қарап бой түзейтіндей үлгі көрсетуің маңызды».
Слеттің жабылу салтанатында Александр Лизун, сондай-ақ, екінші және үшінші орын иегерлері – Тайынша ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Аслан Боков пен Қызылжар ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Имран Магомедов облыстық ПД бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаевтың алғыс хатымен марапатталды.
Облысымыздың бас полицейі жас қызметкерлерге слетке қатысушы сертификаттарын табыстады. «Сіздер қиын жолды таңдадыңыздар, – деді ол өз сөзінде. – Сақшыларға тән жұмыс күні, міндеттемелер және қызмет ерекшеліктеріне байланысты қойылатын шектеулер жаңа ұжымға бейімделуде қиындықтар тудырады. Естеріңде болсын: тәжірибелі әріптестерің, орган ардагерлері, сендерді мақтан ететін ата-аналарың, бастысы, өз ісінің шебері етіп тәрбиелеуге міндетті тәлімгерлерің қол ұшын созуға әрқашан дайын».

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*