Жаңа тұрпатты кадрлар даярланады

17 маусымда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция полковнигі А. Калайчиди Алматы қаласындағы жетекші ЖОО-лар басшыларымен кездесті.
Шараға ведомстволық оқу орындары, атап айтқанда, ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы Академиясының бастығы, полиция полковнигі О. Смаилов, М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастығы, полиция полковнигі А. Сайтбеков, Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының бастығы, полиция полковнигі Н. Биекенов қатысты.
Іс-шара Ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылып, ведомстволық білім беру мекемелері қызметінің тиімділігін арттыру шаралары да айқындалды.
Әлемдік тәжірибелерді зерделеу құқық қорғау органдарын сәтті реформалау кадрларды іріктеу мен дайындау жүйесінің тиімділігіне байланысты екенін айғақтайды. Ведомстволық білім беруді реформалау мен дамыту басым міндеттердің бірі. Бүгінде бұл бағытта кешенді кең ауқымды жұмыстар жүріп жатыр, ведомстволық білім беруді жаңғырту жол картасында көзделген шаралардың бірқатары іске асырылды.
ІІМ және республиканың жетекші ЖОО арасында ынтымақтастықты жолға қою – ІІО жаңғырту бойынша қызметтің басым бағыттарының бірі. Сол мақсатқа жету үшін осы кездесу өтіп, онда Меморандум қабылданды. Ол бойынша осы оқу орындарында бакалавр негізінде мамандар дайындалып, кейін олар ІІМ ведомстволық оқу орындарында үш және алты айлық курстарда оқытылып, ішкі істер органдарына қызметке алынады.
Меморандумдарға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Г. Мұтанов, Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің ректоры И. Бейсембетов, Халық Шаруашылығы университетінің ректоры Э. Вахтель қол қойды.
Құжатқа қол қоя отырып, тараптар білім берудің жоғары сапасына қол жеткізу бойынша стратегиялық міндеттерді шешуде, білім платформасында бірлескен жобаларды іске асыруда, ІІО үшін жоғары білікті кадрларды кәсіби оқыту мен дайындауға бағытталған оқу бағдарламаларын жасауда ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімге келді.
Кездесу аясында, сонымен қатар, бірлескен қызметтің тиімділігі, профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру мен қайта даярлауда өзара көмек көрсету мәселелері талқыланды; білім беру және ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыру, таңдаған мамандықтары бойынша ІІО-да қызметіне уәждемесін арттыру үшін білім алушылардың кәсіптік бағдар жүйесін дамыту, ЖОО студенттері мен жас мамандары үшін ІІМ-нің аумақтық бөлімшелері мен оқу орындарына кәсіптік бағдар беру экскурсияларын ұйымдастыру, оларды ІІМ білім беру ұйымдарында бастапқы оқыту курстарына іріктеу және жіберу, Ішкі істер министрлігінің Білім беру ұйымдарында бастапқы даярлау бағдарламасын табысты аяқтаған жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру. Сондай-ақ, білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулер бойынша жарияланымдар мен материалдар алмасу, конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер, тағылымдамалар ұйымдастыру, оқу және ғылыми әдебиеттермен алмасу көзделген.
Тараптар олардың арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық ІІМ және оның ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарымен қатар нақты жоғары оқу орындары іске асыратын бірлескен бағдарламалар негізінде жүзеге асырылатын болады деп келісті.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*