Америкалықтар елімізге қоныс аударуда

Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысына алыс шетелден 8 азамат тұрақты тұруға көшіп келді.
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан 151 адам тұрақты тұруға өтініш жазса, оның 8-і алыс шетелден қоныс аударушылар. Олардың бірі – 89 жастағы зейнеткер туған жеріне көшіп келуге ниет білдірді. Ол 2004 жылы АҚШ-қа қызының қолына көшіп кеткен. 15 жылдан кейін Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуға құжаттарын берді.
«Мен осы жерде туып-өстім. Фабрикада, автобус паркінде жұмыс істедім. Күйеуім екеуміз алты баланы дүниеге әкелдік. Шетелге 75 жасымда қоныс аудардым. Бірақ, көшкеннен елді сағынумен болдым. Қайтып келгеніме қуаныштымын. Бұл жерде менің туыстарым, немерелерім мен жиендерім тұрады», – дейді Вера Бурлакова.
АҚШ-тың тағы бір тұрғыны Кристен Дениелсон Қазақстанға көшу үшін құжаттарын ұсынуды жоспарлап отыр. Солтүстік Қазақстан облысының ПД Көші-қон қызметі басқармасына 52 жастағы шетелдік азаматша құжаттарын маусымның 7-і күні тапсырды. Әзірше тек бір айға ғана тіркелді. Айтуынша, шетелдік азаматша 2016 жылы солтүстікқазақстандық тұрғынмен танысып, енді қалған өмірін соның Отанымен байланыстырмақшы.
Солтүстік Қазақстан облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция майоры Талғат Әбіловтың айтуынша, тұрақты мекенжайға тіркелу үшін екі айға жуық уақыт кетеді. Өтініш бермес бұрын бірқатар құжаттарды әзірлеу қажет. Ең алдымен көшетін елден кету парақшасын және соттылық жөнінде анықтама алу қажет. Сондай-ақ, қажетті құжаттар тізіміне енгізілетіндер: өтініш берушінің ұлттық паспортының көшірмесі және түпнұсқасы, азаматтығы жоқ адамның құжаты; Қазақстан Республикасында болуының заңдылығын растайтын құжаттың көшірмесі; өз қолымен толтырылған өмірбаян; өзінің төлем қабілеттілігін растау туралы құжат (этникалық қазақтарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында болған адамдарды және олардың отбасы мүшелерiн қоспағанда); өтініш берушіге тұруға тұрғын үй ұсыну және тұрақты тіркеу есебіне қою туралы жеке және заңды тұлға нотариалды куәландырған шарт не нотариалды куәландырылған келісім; медициналық куәландыру анықтамасы; фотосурет.
Қажетті толық мағлұматты Солтүстік Қазақстан облысының ПД веб-порталынан алуға болады.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*