Қайрат САҚ: Сақшылар – ел тыныштығының күзетшісі

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Журналистика және саясаттану» факультетінің деканы Сақ Қайрат Өмірбайұлымен сұхбат :
Еліміздің ертеңі – ол келешек ұрпақ. Бірақ, қазіргі жастарымыз арасында отбасында алған тәрбиені ұмытып, әртүрлі құқық бұзушылықтарға барып жататындар аз емес. Сіздің ойынызша оған не себеп?
– Жастар қылмысы – қоғамның үлкен дерті. Оның себебін зерттеу, білу өте маңызды. Біз салдармен емес, себебімен күрессек қана оны жоя аламыз. Оның бір себебі – жастарымыздың тәрбиесі дұрыс жүзеге аспай жатқаннан деп ойлаймын. «Тәрбие – тал бесіктен» дейміз. Ол отбасынан басталады. Отбасынан дұрыс тәрбие көрмегеннен кейін, олар жеңіл жүрісті болып өседі. Сондықтан да отбасылық тәрбие, ортаның тәрбиесі өте маңызды.
Қазір жастарымыз әлеуметтік желілерде көп отырады. Сол әлеуметтік желі арқылы әлемде болып жатқан жат дүниелерді көріп, соған еті үйреніп, тіпті сонымен өсіп жатыр. Бұл еліміздегі үлкен әлеуметтік мәселе. Терең зерттеп білуіміз керек. Темекі шегу, ішімдікке салыну бер жағы, қазір жастарымыздың арасында алаяқтық, ұрлық, зорлық-зомбылық белең алуда. Осының барлығы тәрбиенің бетімен кеткендігін көрсетеді.
Әрине, қылмыскерлермен күресетін арнайы мемлекеттік органдар бар, құзырлы министрліктер бар. Ішкі істер министрлігі, сонымен бірге заңның сақталуын, жеке және заңды тұлғалар құқығының қорғалуын қадағалайтын прокуратура, басқа да органдар қылмыстың алдын алу және жою бағытында жұмыс істеп жатыр. Соған қарамастан, біз күнен-күнге қылмыстың аясы да кеңейіп келе жатқанын, түрлері де көбейіп жатқанын көріп жүрміз. Бұл әрбір қоғам мүшесін ойландыратын, толғандыратын күрделі мәселе. Бұл жерде бүкіл қоғам болып, халық болып күрессек қана оның нәтижесін көре аламыз деп ойлаймын.
Осы секілді әртүрлі құқық бұзушылықтармен күресте алдыңғы қатарда полиция, яғни тәртіп сақшылары жүретінін білеміз. Қазіргі таңда олардың жұмысына көңіліңіз тола ма?
– Әрбір адам зәбір көріп, жапа шеккенде сақшыларға жүгінеді. Біз қолдағы бар алтынның қадірін білмейміз. Біздің еліміздегі мынау тыныштық, емін-еркін жүріп-тұруымыз, ешқандай уайымсыз өмір сүріп жатқанымыздың барлығы сол сақшылармыздың көп еңбегінің нәтижесі. Сондықтан да сақшылар – ел тәртібінің күзетшісі.
Бірақ, бес саусақ бірдей емес. Сақшылардың ішінде адал қызмет етіп, сол өзінің міндетін абыроймен атқарып жүргендермен қатар, өздері тәртіп бұзып, елге теріс үлгі көрсетіп жүргендер де жоқ емес. Сол себепті алдымен сақшылардың өздері тәртіпке бағынуы, заңды қатаң сақтауы керек, тәртіпке бағынудың үлгісін көрсетуі тиіс.
Шындығын айтқанда, сақшылардың қоғам алдындағы беделі өте керемет дей алмаймыз. Кей кезде сақшылардың өздерінен қорқатындай жағдайлар болып жатады. Керісінше, сақшыларға барып арқа сүйеп, көмек күтіп, кеңес алып отырудың орнына, олардан сескенетіндер де бар. Неге бұлай? Бұл жағдайды да зерттеп, астарына үңілу керек деп ойлаймын.
Дегенмен, жоғарыда айтқанымдай, барлығын бірдей қаралай беруге болмайды. Сақшылардың ішінде де қарапайым халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген, өте қиын жағдайларда өзінің басын қатерге тігіп, сол адамды қорғап қалу үшін жанын қиып жатқандар да көп. Оны бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ел-жұрт танып, біліп, көріп жүр.
Сіз жоғарыда «тәрбие – тал бесіктен» дедіңіз. Менде мынандай сұрақ туындап отыр: қазіргі жастар мен сіздің кезіңіздегі жастардың қандай айырмашылығы бар?
– Айырмашылығы жер мен көктей. Жақсы жағы да бар, кемшілік тұстары да бар. Біздің кезде жастар ата-әже тәрбиесімен өсті. Содан кейін, мынау әлеуметтік желі, смартфонның алдында отыру деген болған жоқ. Елдегі тек жағымды жаңалықтарды көріп қана отырды. Түрлі қылмыс атаулыны жастар білмей өсті. Ал, қазіргі жастар қылмыстың сан-алуан түрін көріп, еті үйреніп, тіпті кейде одан жағасын ұстап қорыққанның орнына кәдімгі болмашы жағдай деп көретін жағдайға жетті.
Есесіне қазіргі жастарда техника, технологияны меңгеру басымдау. Жастар біз сияқты деликант емес, прагматик, яғни, нақты пайдасы бар ғана жұмысты істегісі келеді. Жеке бастың мүддесі, оптимистік көзқарас басым. Жастар қазір бір-бір үйдің еркесі мен серкесі. Бар тапқан таянғанын ата-аналар балаларының алдына тосып отыр. Сол себепті олар оңай өмір сүруге бейім. Кез келген сәтте болатын қиындықтарға дайын емес. Қиыншылықтар туа қалса, жастарымыз соны көтере алмайды ма деп қорқамын. Олар біз сияқты қиыншылықта өмір сүріп көрмеді. Тек басына ауыртпашылық түскенде соған дайын болу керек.
Біздің кезімізде қарын тойдыру, бүтін киім кию, жақсы ойыншық алу оңай емес еді. Оны алу арман болатын. Сол арманға жету үшін жастар көп еңбектенетін. Еңбектерінің нәтижесінде ғана соған қол жеткізді. Ал, қазіргі жастар осының бәріне ата-аналарының арқасында оп-оңай жетіп жатыр және өмір бойы солай болады деп ойлайды. Әрине, әрбір ата-ана бауыр еті баласының ешқандай қиындықсыз өсуін армандайды, қалайды. Сондықтан оларды үлде мен бүлдеге бөлеп отыр. Қазіргі жастар жақсылықтың қадірін білмей ме деп қорқамын. Егер өзінің еңбегімен, бейнетімен осыларға қол жеткізсе, бағасын, құнын жетік білетін болады.
Жастарымыз кейде қынжылтады. Бәрі бірден болса екен, жұмыс істемей-ақ бай бола қойсам екен, еңбектенбей табыс таба қойсам екен деп ойлайды көбісі. Еңбексіз табылған табыстың ләззаты да, қадірі де жоқ. Оңай келген табыс бақытқа бөлей алмайды. Ол қалай оңай келсе, солай оңай шашылады. Сол себепті жастарымыз еңбектеніп, бейнеттеніп, табысты болса, оның да қадірі артады.
Мысалы, өздеріңіз білесіздер, әлемдегі миллиардер адамдар батыстың менталитеті бойынша әкесінің байлығы балаға байлық бола алмайды деп, ақшалары өздеріне де, ұрпағына да жетіп артылып жатқанымен, балаларын жастайынан еңбекке баулиды. Олардың балалары кафелерге барып, ыдыс жуушы болып жұмыс істейді. Ал, бізде миллиардерлердің балалары солай еңбектеніп, ыдыс жуа ма? Осының барлығы санадағы дерт деп ойлаймын. Сондықтан да біз еліміздің жастарын еңбекқорлыққа, төзімділікке, шыдамдылыққа, сабырлылыққа баулуымыз керек.
Елордамызда өзіміз әңгімеге арқау етіп отырған полиция қызметі, қылмыс, құқық бұзушылықтар туралы жазатын «Сақшы» газеті жұмыс істейді. Сол газет жайында хабарыңыз бар ма ?
– Әрине, «Сақшы» газетін білеміз, оның тарихы тереңде. «Сақшы» газеті – ішкі істер саласында жүрген қызметкерлердің басын біріктіретін, ақпараттандыратын, солардың еңбегін елге танытатын басылым. Тәртіп сақшыларымен жолдары қиыспайтын, полицейлерге жүгінбейтін қоғамда бірде-бір адам жоқ. Сақшылардың өмірі, олардың болмысы, азаматтық тұлғасы «Сақшы» сияқты бұқаралық ақпарат құралдарында көбірек көрініс тапса, полиция мен халықтың арасындағы байланыстың артуына мүмкіндік туар еді. Сондықтан да аталған басылым тек полицейлерге арналған емес, қарапайым оқырмандарға жетіп, өз аудиториясын кеңейтсе, пайдалы болады ғой деп ойлаймын.
– Қоғамда полицейлерге жүгінбейтін адам жоқ деп айттыңыз. Ал, сіздің сақшылардың көмегіне жүгінген кезіңіз болды ма?
– Өзім сақшыларға тікелей көмек сұрап бардым деп айта алмаймын. Бірақ, бір-екі рет пәтерімізге ұры түскен кезде полицейлердің көмегіне жүгінгеніміз есімде. Олар ұрыны тапқан жоқ. Дегенмен, сондай қиын жағдайда басқа емес, ең бірінші сақшылардың көмегіне жүгінеміз.
Полицейлердің ішінде шәкірттеріміз де бар және олар өз қызметтерін адал атқарып жүргенін білеміз. Сол себепті де полицейлердің барлығы бірдей жаман атқа лайықты деп ойламаймын. Ішінде шын мәнінде қоғамға пайда келтіріп жүрген, халықтың қажетіне жарап жүргендер аз емес. Басыма ондай іс түспегеннен кейін, мысал келтіріп айта алмаймын.
Дегенмен де, халықтың арасында сақшыларға деген сенім аз. Қалай ойлайсыз, мұндай сенімсіздіктің болуы халықтың кінәсі ме, әлде сақшылардың ба?
– Сақшылар халыққа қызмет атқаратынын түсінуі керек. Халық деген қарапайым адамдардың жиынтығы. Сондықтан әрбір адамның өтініш-талабын адал атқарып жатса, сенім артады. Мысалы, Батыс Еуропа елдерінде полицейге ең сенімді досы ретінде қарайды. Себебі, олар жазалаудан көрі, сол қылмыстың болмауына, оның алдын алуға қызмет етеді. Бізде кейде қылмыстың алдын алғаннан көрі, жазалауға бейім тұратын сәттер де болып тұрады.
Мен өзім Швеция елінде болған оқиғалардан мысал келтірейін. Біз Норвегияға қонақ болып барып, Швецияда қазақтар тұрады дегесін, сол елге сапар шектік. Швецияға біздің визамыз жоқ екен. Бізді екі елдің арасындағы бейтарап аумақта полицейлер тоқтатты. Сондағы олардың мәдениеті мен сыпайылығы ұнады. Олар бізді жылы қабылдап, өздерінің пункттеріне апарып, кофе беріп, қонақжайлығын көрсетіп, салт-дәстүрімен таныстырып жатқанын көріп тамсандық. «Жүзі жылыдан түңілме» демекші, олар жылы шырай таныта отырып-ақ, өздеріне міндеттелген заңның барлық талабын орындады. Бізге заң бұзылып жатқанын түсіндіріп, Норвегияға қайтарды. Біз Швеция еліне кіре алмағанымыз үшін оларға ренжіген жоқпыз. Олар өз елінің нағыз сақшылары екенін бізге мәдениетті түрде көрсетті. Сол сияқты біздің сақшылар да халықты жылы қабылдап, ізет көрсетсе, жұртшылық арасында оларға деген сенім арта түседі.
Елбасымыздың бастамасымен ішкі істер органдарында күрделі реформалар жүріп жатқанынан хабардар шығарсыз. Сіздің ойыңызша, салаға қандай өзгерістер енгізілуі керек?
– Иә, полиция органдарына реформа керек деп ойлаймын. Себебі, біздің елімізде халық арасында полицейлердің образы терістеу және олар қоғамның қорғаушысы емес, жазалаушылар деген ой қалыптасып қалған. Осы ойды бұзу үшін реформа қажет. Тиімді өзгерістер арқылы халық арасында полицейлердің өзіндік имиджі қалыптасып, беделі арта түсері сөзсіз.
Сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжан УӘЛИЕВА, Нұр-Сұлтан қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*