«Үздік полицей» атанған ұлан

Үш жыл қатарынан жұмыстағы жетістіктері мен жан-жақты даярлығы үшін «Үздік полицей» атанған ақтөбелік жас тәртіп сақшысы Алмат Ұлықпанов облыстық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығында еңбек етеді.
Алмат ішкі істер саласындағы еңбек жолын 2011 жылы Жергілікті полиция басқармасының жол-патрульдік полиция батальонында бастаған. Полиция лейтенанты: «Батальонда еңбек еткен уақытым мен үшін қызметте тәжірибе жинақтау, көпшілікпен тіл табысып жұмыс істеу, қалыптасу жылдары болды. Қазір Жедел басқару орталығындамын. Әр жұмыстың өз жауапкершілігі бар. Қай салада болмасын ісіңе мұқият қарап, тындырымды болуға ұмылу керек. Мұнда 102-ге келіп түскен ақпараттарға сай жедел түскен қоңырауларға дер кезінде полиция жасақарын жіберу, оқиға орнына тез жету жағын қараймыз.
Қазір біздегі бейнебақылау камераларының саны көбейді. Сапасы да жақсы. Қаладағы көпқабатты үйлердің аулалары мен қоғамдық орындар, сауда үйлері, саябақтар, демалыс орындары, мектеп, балабақшалар, оқу орындары, әкімшілік ғимараттар, көше қиылыстары, базарлар маңы, т.б. жіті қадағаланады. Бейнебақылау камераларының көбейгені тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға септігін тигізеді.
Әрине, күнде түрлі жайттарды бақылап отырамыз. Көбінесе ұсақ бұзақылық, отбасылық кикілжіңдер, түнгі тыныштықты бұзу, ұрлық, әсіресе жаз айларында кафе, ресторан маңындағы төбелестердің алдын алуға септігімізді тигіземіз», – дейді.
«Полицейлердің жұмысы өте жауапты, қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрғындардың тыныштығын сақтау – басты міндетіміз. Әртүрлі жағдайда өзіңді психологиялық тұрғыдан да ұстай білу, жұмысқа жауапкершілікпен қарай білу – басты шарт», – дейді Алмат Ұлықпанов.
Ол басынан өткерген кейбір оқиғаларды есіне алды: «Ақтөбе қаласындағы жолаушылар көп жүретін автовокзал маңында күндіз қарт кісінің қалтасынан ақшасын суырып алған екі бұзақы көз алдымда қаша жөнелді. Олар жақын маңдағы жатақханалардың біріне бет алды. Соңдарынан қуа жөнелдім. Бесінші қабатқа дейін көтерілді. Біреуі қарсылық танытты. Әскери самбоның әдістерімен біреуін жерге құлаттым. Осы кезде көмекке қасымдағы әріптесім, полиция лейтенанты Аслан Қалдығұлов та келіп үлгерді. Екеуміз осылайша бұзақыларды құрықтадық.
Тағы бірде «Ақтөбе теңізі» деп аталатын су қоймасы жағасында ер адамның пышақпен жарақаттанған денесі жатыр деген хабарлама түсті. Соған дереу бардық. Қыс айы. Күн аяз, әрі борап тұр. Су қоймасы жағалауына көлік бармайды, жаяулатып жеттім де, сай жағалап кетіп қалған адамның ізіне түстім. Осы жолы да әріптесім Аслан Қалдығұлов екеуміз кісі өліміне күдіктіні ұстадық. Екі ер адам бірге арақ ішіп отырып, өзара сөзге келіп, бірі екіншісін пышақтап өлтірген. Міне, осындай кездерде үлкен жауапкершілікпен қатар табандылық, қайсарлық керек. Біз аптасына екі рет денешынықтыру сабақтарына үзбей қатысамыз. Өзім волейбол ойнағанды ұнатамын. Біз денсаулығымызға жіті көңіл бөліп, әскери даярлығымызды шыңдап жүреміз».
Алмат Ұлықпанов жас та болса алдына үлкен талап қойған тәртіп сақшысы. Ол өз жұмысын жоғары бағалайды. Отбасында ата-анасы дәрігерлер. Өзі осы әулеттен шыққан алғашқы тәртіп сақшысы. «Жұмысым өзіме ұнайды. Біз халықтың игілігі, тыныштығы үшін уақытпен санаспай, күні-түні еңбек етеміз. Жұбайым да жұмысыма әркез түсіністікпен қарап, моральдық тұрғыдан қолдау танытады. Екі баламыз бар. Біздің мемлекетімізде еңбек етіп, талпынсаң, жастарға, әсіресе жас отбасыларға жақсы мүмкіндіктер бар. Тек ерінбей еңбек етіп, алға ұмтылу керек», – дейді полиция лейтенанты.

Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*