Заңсыз митинг – тәртіпке қайшы

Өткен жұма күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елдегі құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов пен IIМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов баяндады.
«Бас прокуратура заңсыз митингілерді ұйымдастыруға және қатысуға жол берілмейтіні туралы бірнеше рет түсіндірген болатын. Алайда, жекелеген тұлғалар араңдатушылыққа ұрынып елорда мен басқа қалаларда наразылық акцияларына шықты. Наразы топ полиция қызметкерлеріне күш көрсетіп, олардың өмірлеріне қауіп төндірді. Салдарынан 3 полиция қызметкері дене жарақатын алды. Бұл жағдайда полиция қызметкерлері барынша ұстамдылық танытып, ешбір арнайы құралдарды қолданбады. Әкімдік, прокуратура және полиция акцияға қатысушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Полиция қасақана құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қолдануға мәжбүр болды. Заңсыз акцияларға қатысқаны және полицейлердің заңды талаптарын орындамағандары үшін соттың шешімімен 957 азамат әкімшілік жазаға тартылды. Оның ішінде 670 азамат қамаққа алынса, 115-іне айыппұл, ал 172-не ескерту берілді. Осы орайда, Мемлекет басшысы ұсталған азаматтардың заңды құқығын қамтамасыз етуді тапсырды», – деді прокуратура өкілі.
Оның айтуынша, прокурорлар жасаған әрекетінің заңсыз екенін түсінген 311 тұлғаға қатысты соттарға олардың қамақта ұстау мерзімдерін төмендету жөнінде аппеляциялық өтініш хаттар келтірген. Соттың қолдауымен олар босатылған. Қамаққа алу мерзімнің өтуіне байланысты өткен аптада 63 азамат бостандыққа шыққан. Бүгінгі күні арнайы қабылдау орындарында 180 адам қамақта отыр. Оның 80-і Нұр-Сұлтан, ал 100-і Алматы қаласында. Сондай-ақ, бүгінде Бас прокурордың тапсырмасымен елдегі құқықтық жағдайға байланысты прокуратура тарапынан азаматтардан түскен арыз-шағымдарды арнайы тексеру басталған. Осы тексеру барысында әрбір орын алған оқиғаларға заң шеңберінде құқықтық баға берілмек. Осы орайда айта кетейік, прокуратура және құқық қорғау органдарының басты мақсаты – заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ете отырып, шеру кезінде өзге де бейбіт тұрғындардың зардап шекпеуін қамтамасыз ету. Полиция қызметкерлері заң шеңберінде әрекет етіп, тисті қызметтерін көрсетті. Прокуратура органдары ішкі істер органдары тараптарынан заң бұзушылықтарға жол берілмегенін анықтаған.
Әкімшілік полиция өкілі айтып өткендей, қолданыстағы заңда кез келген бейбіт шерулер, акциялар өткізу тәртібі тайға таңба басқандай жазылған. Бұл тәртіпті бұзғандарға жауапкершілік қарастырылған. Осыған байланысты ішкі істер органдары қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу мақсатында заң шеңберінде әрекет еткен. «Заңсыз митингтің ұйымдастырушылары мен қатысушылары ішкі істер органдарына жеткізілді. Наразы адамдар өздерін агрессивті ұстап, көше бойын азан-қазан қылды. Онымен қоймай, Сайран автовокзалы ауданында заңсыз шеруге қатысушы жүргізушілердің бірі жол қозғалысын реттеп тұрған ЖПП қызметкерін қағып кетті. Кінәлі жүргізуші оқиға орнынан қашып кетіп, кейін қолға түсті. Шеруге шыққан азаматтар, сондай-ақ, полиция көлігіне тас атып, терезесін сындырды. Көшедегі айқай-шудан шошыған тұрғындардан Жедел басқару орталығына 1 мыңнан астам арыз келіп түсті. Сондықтан полиция органдары құқық бұзушылардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесу бойынша шаралар қабылдады»,– деді Мақсат Қайрошұлы.
Оның айтуынша, заңсыз шеру қатысушылары Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы және Ақмола, Алматы, Қарағанды облыстарындағы полиция органдарының арнайы мекемелеріне орналастырылған. Ұсталғандарда ІІО-ның арнайы мекемелеріне орналастыру кезінде барлық азаматтар медициналық тексеруден өткен және тексеру барысында олардан денсаулықтарына шағым түспеген, сондай-ақ, ешкім медициналық көмекке жүгінбеген. Заңнамаға сәйкес, қамауға алынған барлық азаматтардың жеке бас амандығы қамтамасыз етіліп, медициналық-санитарлық, материалдық-тұрмыстық қызмет алу құқығы беріледі. Сонымен қатар, Мақсат Байболов айтып өткендей ұсталған бұл азаматтардың қамауда отыру мерзімін қысқарту мүмкіншілігі заңмен қарастырылған.
Брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берген спикерлер: «ІІМ Қазақстанда өткен заңсыз митингтер кезінде тоғыз журналист тұтқындалған. Ақпарат өкілдері Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ұсталған. Алайда, оларда өздерінің БАҚ өкілі екенін айқындайтын белгілері болмады. Журналистердің қолдарында микрофон мен видеокамера болған жоқ. Олар жай ғана ұялы телефонға түсіріп тұрды. Оларды тұтқындау мен БАҚ өкілі екенін анықтау фактісі бойынша оларды босату жөніндегі шаралар қолданылды. Бірде бір журналист жауапкершілікке тартылған жоқ», – деді әкімшілік полиция комитетінің басшысы. Ол сөз сөзінде тәртіп бұзушыларды жедел ұстау шаралары кезінде журналистер қатысушылардың ортасынан табылатындықтан көпшілікпен бірге қамау орындарына әкелінгенін айтты. Мұндай оқиғаларға жол берілмес үшін көптің арасынан БАҚ өкілдерін тану мүмкін болу үшін арнайы белгілер тағуға кеңес беріледі.
Айта кетейік, прокуратура органдарына полиция қызметкерлерінің тарапынан азаматтарға күш көрсету сияқты деректерге байланысты арыз-шағым түспеген. Егер нақты деректер болған жағдайда азаматтар прокуратуруға арыз түсіріп жатса, мұндай фактілер тексеріліп, құқықтық баға берілмек.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*