Жемқорлық жасампаздыққа кедергі

13 маусымда елордадағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің жеке құрамы арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің алдын алу мақсатында дөңгелек үстел өтті. «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясындағы жиында бірқатар мәселе көтеріліп, пікірлер мен ұсыныстар ортаға тасталды.
Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы, әділет полковнигі Ернат Ақылжанов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұрал Айдашев, академик Қазбек Қазкенов және «Әзірет Сұлтан» мешітінің өкілі Мақсатбек Қайырғалиевпен қатар ҚАЖ департаментінің жеке құрамы қатысты.
Жиында сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы, әділет полковнигі Ернат Ақылжанов биылғы жылдың бес айында атқарылған істерді айтып өтті.
– Бүгінгі таңда кез келген мемлекет үшін көңіл қоюды талап ететін мәселе – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Осы мәселеге қатысты Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚАЖ департаментінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген ішкі талдау нәтижелері ескеріле отырып, халықтың сенімін арттыруға, сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін себептер мен жағдайларды азайтуға бағытталған, Ішкі істер органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған ведомстволық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасы бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді.
Әділет полковнигінің айтуынша, 2019 жылы өткен кезең бойынша 2 әлеуметтік-психологиялық зерттеу жүргізіліп, оған шамамен 481 қызметкер қатысқан. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық фактілерінің және басқа да заңдылықты бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу және анықтау мақсатында өзіндік қауіпсіздік бөліністері тұрақты негізде жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шаралар мен тексерістер күндізгі және түнгі уақытта жүргізіліп отыратынын айтты. Жыл басынан 5 ай ішінде 12 рейдтік іс-шара жүргізіліп, нәтижесінде 24 әртүрлі құқық бұзушылық анықталып, 3 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Түзеу мекемелерінде және пробация қызметінде тәртіп пен заңдылықты сақтау бойынша қабылданған тиімді ұйымдастырушылық және практикалық шаралардың нәтижесінде қазіргі уақытта қызметкерлер тарапынан жасалатын қылмыстар саны азайған.
«Әзірет Сұлтан» мешітінің өкілі Мақсатбек Қайырғалиев жиынға қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа, парақорлыққа дінде тыйым салынғандығын айтып өтті.
– Жемқорлық әрбір қоғамды ішінен шірітеді. Сол себепті пара беруші және оны алушы екеуі де екі жақтан қылмысқа қол ұшын созған болып есептеледі. Осының барлығын біле тұра жалпы адамзат баласы теріс әрекеттерге барып жатады. Бұл мәселенің негізгі шешімі – адамдардың рухани санасын дамытуға келіп тіреледі. Адам рухани жетілген, діни сауатты болса, ол мұндай қылмысқа бармаған болар еді, – деді.
Дөңгелек үстел барысында 2019 жылы ішкі істер органдарындағы тәртіп пен заңдылықтың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жай-күйі туралы мәселе Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің аппараттық кеңестерінде бірнеше рет қаралып, тиісті шешімдер қабылданғандығы жөнінде айтылды. Сонымен қатар, кадрларды іріктеуді, кадр резервін қарастыруды, қызметкерлерді тағайындауды, босатуды және шығаруды жетілдіру үшін департаментте кадр мәселелері жөніндегі және Тәртіптік комиссиялар құрылған. Одан өзге, қызметкерлерді тағайындау, жоғары тұрған лауазымға ұсыну, лауазымын төмендету, қызметтен шығару, арнайы атақтарға мерзімінен бұрын ұсыну, ведомстволық наградаларға ұсыну, шекті жасқа жеткен қызметкерлердің қызмет мерзімін ұзарту мәселелері қарастырылып жатқандығы айтылды.

Ақжан ИБРАГИМОВА, суреттер Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*