Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: Полиция қызметінде бетбұрыс бар

«Біз ең алдымен халқымыздың береке-бірлігін, ұлы даланың тағдырын ойлауымыз керек». Бұл туралы ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева мәлім етті.
«Бүгінгі таңда елімізде болып жатқан түрлі қоғамдық-саяси жағдайларға бейжай қарай алмадым», – дейді ақын.
Қазіргі кез ақпараттың дамыған заманы болғандықтан, бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар ғаламтор арқылы әлеуметтік желілердің де кеңінен қолданылатыны белгілі.
Біреулер байланыстың бұл түрін игі мәселелермен ұштастырса, енді біреулері керісінше халықты дүрбелеңге салып жүр.
– Олай дейтін себебім, күні кеше өткен Президент сайлауынан кейін еліміздің түкпір-түкпірінде, әсіресе, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бір топ жастар біреулердің ықпалы мен үгіт-насихатына еріп, алаңдарға шығып, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берді. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Қазіргі заманда алаңға шығып, рұқсат берілмеген акциялар ұйымдастыру арқылы кез келген проблемаларды шешу мүмкін емес, керісінше құрдымға апаратын жол дер едім. Жекелеген біреудің қателігімен түгел қоғамға баға беруге болмайды. Қоғамда проблемалардың өте көп екенін біз жақсы түсінеміз. Оның бірі шешілсе, енді бірі, өкінішке орай, біз ойлағандай бола бермейді.
Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен келген тәуелсіздігімізді уысымыздан шығарып алмауымыз керек. Біздің елімізге, кең байтақ жерімізге көздерін тігіп отырған сырт жауларымыздың бар екендігін де есімізден бір сәт шығармағанымыз абзал. Кезінде әлемнің алпауыт елдерімен терезесі тең болған Ливия мен Сирия сияқты елдердің бүгінгі күйі қандай екенін жақсы білеміз, – дейді Ақұштап Бақтыгереева.
Бірігу бабалар өсиеті болса, бөліну – қоғам қасіреті. Соңғы уақытта полиция қызметкеріне деген қоғамда теріс кереғар пікірлер кеңінен тарап жатыр. Полиция да біз сияқты анадан туған адам, оның қызметтік міндеті – елдің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өзіңіз ойлаңызшы, басымызға іс түссе, кімге хабарласамыз? Әрине, полицияға. Өйткені, қоғамдағы күндіз-түні халыққа қызмет көрсететін кім, ол – полицей. Мәселен, 2011 жылғы 12 қарашада Таразда болған лаңкестік жарылыс кезінде өз өмірін шүберекке түйіп, төтеп берген кім? Ол – полиция капитаны Ғазиз Байтасов. Күні кеше 22 наурызда Атырау қаласында суға батқан әйелді құтқарып, ажал құшқан кім? Ол да – полицей.
«Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті жанындағы консультативтік кеңесші органның мүшесі болғандықтан, мен қазіргі полицияның жұмысын жақсы білемін. Бұрынғыдай емес, полиция қызметінде әжептәуір бетбұрыс бар. Мұны тек «соқырлар» ғана көрмеуі мүмкін. Олар халыққа адал қызмет ету үшін түрлі шаралар қабылдауда. Халықпен тығыз байланыс орнатып, тікелей міндетіне жатпаса да қажет болған жағдайда қарапайым отбасыларға қол ұшын беріп жүрген полицейлерді де естіп, көріп жүрміз. Сондықтан көпке күйе жаға беруге болмайды! Әркім өзінен бастағаны жөн. Бүгінгі таңда біз қара бастың қамын емес, ұлы даланың тағдырын ойлауымыз керек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазіргі жастарымыз түрлі әлеуметтік желілердегі арандатушылықтардың құрбаны болып кетпесе екен деймін», – деп түйіндеді ойын Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы, «Құрмет» орденің иегері, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Ақұштап Бақтыгереева.

Ғ. ҒАЛИ, Батыс Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*