Ардақты ана, білікті маман

Іңкәр Қошқарова 1990 жылы қазіргі Түркістан облысы, Арыс қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келіп, алты баланың ішіндегі үшінші қыз болып өсті. 2008 жылы 11-сыныпты бітірген соң, ұстаздары мен ата-анасының мамандық таңдаудағы ақыл-кеңесі бойынша ІІМ Алматы Академиясына түсуге байлам жасады.
«Ұстаздарымның: «Мамандықтың нашары болмайды, тек қана жүрек қалауыңмен таңдап, жетік те білікті маман болу керек. Шала меңгерсең, барлық мамандық жаман», – деп айтқан ұлағатты сөздері мамандық таңдауда да үнемі жолсерік, бағдаршам болды» деп еске алады Іңкәр сол бір балалық шағы туралы.
Мамандық таңдауына сол кездегі қызыға оқитын детектив жанрындағы кітаптар – Кемел Тоқаевтың «Сарғанбанда болған оқиға», «Шерлох Холмс әңгімелері» ерекше әсер етті. Сөйтіп, қызық та қиын полиция мамандығын таңдап, арнайы жолдама арқылы жүрек қалауымен Алматы Академиясына түсіп, 2008-2012 жылдары студенттік қимас шақтарын өткізді. Академияны бітірген арманшыл жастың еңбек жолы Түркістан облысы, Ордабасы ауданы Ішкі істер бөлімінің криминалистика бөлімінен басталды. Іңкәр оқу орнындағы теориялық біліктілігін тәжірибемен ұштастырып, қылмыстық істерді ашуда небір қиын да қызықты жұмыстармен бетпе-бет келгенін еске алады.
Криминалистердің жұмысы қылмыс болған орынды мұқият тексеруден басталады. Әрбір қылмысқа қатысы бар деталь есепке алынып, суретке түсіріледі. Айғаққа қатысы бар материалдар сараптама жасау үшін жиналады.
Іңкәр жұмысқа барғанда тәжірибесі бар қызметкерлерді ұстаз етіп, көп үйренді. Ондай ұстаздарының қатарында Іңкәрға дейін сол жерде криминалист болып, жалғыз өзі жиырма жыл істеген Хайбулла Мамешов, тергеу бастығы болып көп жыл абыройлы қызмет атқарған Айдар Ізбасаров сияқты аға буын өкілдері бар еді. Оларды жас криминалист ұстаз ретінде ілтипатпен ерекше еске алып отырады.
Іңкәр өз жұмысында бастан өткен небір оқиғаларды еске алды. Бірде судан табылған мүрде бойынша іс жүргізеді. Мүрдені судан өзі алып шығуға тура келеді. Көп жатып қалған, күннің ыстық-суығымен бұзылып, иістеніп кеткен мүрделермен бетпе-бет келу, тікелей жұмыс істеу криминалист өмірінде көп кездесетін жайт. Кейін осы қылмыс ашылып, істі соңына дейін жеткізді.
Бірде Бадам ауылында болған қанды оқиғаға байланысты іс жүргізген. 3 жасар қызды өлтірген адамды іздестіру барысында қылмысты жасаған сол қыздың өз әкесі екенін айқындайды. Қандай қатігездік десеңізші! Мұндай жантүршігерлік істер полиция өмірінде көп ұшырасады.
Кейде мәйіттің денесі бұзылып, танымастай күйге түссе, бірде қол-аяғы, бет-жүзі бөлшектенген жараланған күйде ұшырасады. Оның бәрін ұстап көріп, мұқият тексеруге тура келеді. Бұл жүргізілген қыруар істердің бір парасы ғана. Іңкәрдің біліктілігімен ашылған, дәлелденген ұрлық түрлері, оның ішінде қалта ұрлығы, пәтер ұрлығы, мал ұрлығы сияқты сан түрлі қылмыстар бар.
Іңкәр 2012-2019 жылдар аралығында «Әйелдердің құқығын қорғау» саласында жұмыс істеп, қаншама зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел-аналардың құқығын қорғап қана қоймай, отбасылардың татулығына ұйытқы болды.
«Кейде күндіз-түні көліктен түспей, тамақтанбай немесе жүре тамақтанатын сәттер көп болады», – деп еске алады ол. Осынау қиын да қызықты жұмысын атқара жүріп, негізгі міндеті – отбасындағы аналық парызын бір сәт те естен шығарған емес. Адал жарымен бірге 5 ұл-қыз тәрбиелеп отыруы – осының тамаша үлгісі.
Абзал жанның ғибратты өмірі, шенді арудың бойындағы білімі, қызметтегі біліктілігі, отбасындағы үлгі-өнегесі кейінгі жас ұрпаққа ғибрат боларлық.

Балтакесті ӨТЕБЕКОВ, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*