Жауапты жұмыстың жас жауынгері

Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жастардың қолында деген сенімді Елбасының «Мен сіздер, бүгінгі жастар, ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер», – деген сөзі айқындай түсті.
Еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген жастардың бірі – Бағдат Сайлауханов. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында дүниеге келген Бағдат 2018 жылы Ішкі істер министрлігінің М. Есболатов атындағы Алматы Академиясын бітірген. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары өмірге келген ұрпақтың бойында алдағы жақсы өмірге деген құлшыныстың басым екені рас. «Отан – отбасынан басталады» деген қағидатты қатаң ұстайтын қазақтың шаңырағында дүниеге келген Бағдаттың ата-анасының мақсаты – ұлдарын Отанға адал азамат етіп тәрбиелеу болды.
Ол қарапайым отбасында тәрбие алды. Әкесі Мегдат шаруашылықтың ең жауапты саласында тынбай еңбек етсе, анасы Мархабат үш ұлының тәрбиесімен айналысты. Ол ұлдарының уақытты бағалай білулерін қатты қадағалайтын. Анасының осындай мұқияттылығының арқасында Бағдат мектепте жүріп спортпен айналысты. Қарсыласын жамбасқа салып алып ұратын қазақша күреске қызықты. Соның арқасында небір жүлделерді қанжығасына байласа, ең зор жүлдесі – спорттағы жетістіктері оның темірдей тәртіпті, білек күшімен қатар білімді де талап ететін сала – ішкі істер органына қабылдануына сеп болды. Әкесі Мегдат кенже ұлы еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі – Алматы Академиясына түскенде: «Балам, ауыр да қиын жолды таңдадың. Елге қорған болу үшін бойда жігер, жүректе сенім болуы керек. Егер осы екі қасиетіңді жоғалтпасаң ғана діттеген мақсатыңа жетесің. Саған тек ақ жол тілеймін», – деген еді. Әке өсиетін Бағдат ешқашан естен шығарған емес.
Бүгінде жас маман, полиция лейтенанты Бағдат Мегдатұлы Көліктегі Полиция департаменті Алматы қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөлімінде тергеуші болып қызмет атқарады. Әуе жолындағы қылмысты тергеудің өзіндік ерекшеліктерін үйренуден жалықпайтын жауапты жұмыс жауынгерінің алар асуы әлі алда деген сенімдеміз. Бұл сенімнің тірегі – Мағжан жырлағандай бойларында арыстанның айбаты, жолбарыстың қайраты бар жастардың адал еңбекке деген құлшынысы.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы қаласы
Суретті түсірген автор

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*