Самалдың тапқырлығы

Криминалист мамандығы сырт көзге қарапайым мамандық болып көрінгенімен, оны толық игеріп, білікті маман болу үшін әр адамнан тынымсыз ізденісті талап етеді. Өйткені, күнделікті орын алып жатқан қылмыстардың ізін суытпай, тез арада ашылуына криминалистиканың тигізер септігі мол. Тіпті, ішкі істер органдарын криминалистикасыз елестету мүмкін емес.
Елімізде бұл сала жыл өткен сайын жетіліп, заманауи техникалармен жабдықталуда. Оқып-үйренгенін тәжірибе жүзінде пайдаланып, бірнеше жас криминалист мамандар шеберліктері мен ептіліктері нәтижесінде қызметтерін алға басуда. Өзіне жоғары талап қоятын еңбекқор жас мамандардың бірі – Орал қаласы ПБ жедел криминалистикалық бөлімінің криминалисі, полиция лейтенанты Самал Сәрсенбекова.
Соңғы кездері Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласында жеңіл автокөліктердің айналары ұрлануы жиіледі. Бір тәулікте 4-5, кейде 8-9 автокөліктің екі жақ айнасы ұрланып, көлік иелері сағат сайын басқармаға келіп арыз-шағым жазып жатады. Айна ұрлану фактілері 3 мамырдан басталды. Ең бірінші факт 3 мамырдан 4 мамырға қараған түні тіркелді. Белгісіз біреу Попович көшесіндегі №1 үй мекенжайындағы «Лексус» маркалы көліктің айналарын үптеп кеткен. 1983 жылғы көлік иесіне 30 мың теңге шығын келді. 4 мамырда белгісіз адам Гагарин көшесіндегі №97 үй қасында тұрған «Тойота Камри» көлігінің айналарын ұрлап, 1991 жылғы көлік иесіне 100 мың теңге шығын келтірді.
Осылайша, бір тәулікте 9 көлік айнасыз қалды. Жедел-тергеу тобы қатарында оқиға орнына барған криминалист Самал Сәрсенбекова әр көліктен алынған саусақ іздерін салыстырып, зерделейді. Сонымен қатар, саусақ іздерін ақпараттық-іздеу жүйелері арқылы қарағанда күдіктінің кім екені, жалпы деректері анықталады. Полиция қызметкерлері күдіктіні құрықтап, басқармаға жеткізеді. Сұрастыра келе, расында да бірнеше жеңіл көліктің айнасын ұрлағанын мойындап, оңай ақша табу жолын таңдағанын айтқан. Криминалист Самал 1 сағат ішінде 9 көліктің айнасын ұрлаған күдіктінің қылмыстық әрекеттерін саусақ іздері арқылы мойындатты.
Бүгінгі күні басқарманың тергеу бөлімі Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөліміне сай ұрлық деп танып, іс материалдары сотқа жолданды. Жас кримиалист, полиция лейтенанты Самал Сәрсенбекованың тапқырлығын басшылары мақтаныш тұтады.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*