Көпке мейірім сыйлаған жан

Асхат Исаев Ақтөбе облысы Полиция департаментінің емханасы бар госпиталінің бас дәрігері болып жемісті еңбек атқаруда. Бүгінде Исаевтар әулетінің үшінші ұрпағы әскери шен тағып, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауда маңдай терлерін төгіп жүр.
Ол Ақтөбе облысының Алға ауданында дүниеге келген. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын аяқтаған соң, еңбек жолын 1995 жылы Ақтөбе тергеу изоляторында бастады. Қылмыстық атқару жүйесінің 6-шы колониясында фтизиатр болып еңбек етті. Сосын балалар колониясы медицина бөлімінің бастығы болды. 2001-2004 жылдары госпитальда арнайы контингенттің аға инспекторы болып еңбек жолын жалғастырды.
2004-2009 жылдары госпитальдың бастығы, 2009 жылдан Ақтөбе облысы Полиция департаменті медицина қызметінің бастығы болып еңбек етті. 2012-2014 жылдары ІІМ қылмыстық атқару жүйесі медицина қызметінің бастығы, кейін 2014 жылы ішкі істер саласындағы оңтайландыруға байланысты туған жеріне қайта оралып, Ақтөбе облысы ПД госпиталінің бастығы болып тағайындалды.
Бүгінгі таңда емхана стационары ішкі істер органдарының ардагерлері, зейнеткерлер, полиция қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне жан-жақты көмек көрсетеді. Терапия, хирургия, травматология, неврология, кардиология бойынша науқастарды қабылдап, сонымен қатар, ренгенологиялық кабинет, процедуралық кабинет, т.б. қызмет етеді. Қазіргі таңда емханасы бар госпитальда жоғарғы және бірінші санатты, өз ісінің білгір мамандары еңбек етуде. Дәрігер-терапевтер Наталья Марадудина, Күләш Ордабаева, Жұмабай Сұлтанов, хирургтар Серікжан Қаракеев, Қоныс Ирзин және тағы басқаларын атап өтуге болады. Госпиталь Полиция департаменті және аудандық полиция бөлімдері жеке құрамының денсаулығын тексеру жұмыстарын жыл сайын өткізіп келеді.
Ақтөбе облысы ішкі істер органдары жүйесінде қызмет ететін медициналық қызметкерлер жеке құрамның әскери дайындығына тікелей жауапты.
Бүгінде емханасы бар госпитальда 26 білікті дәрігер мен өз ісіне адал берілген 32 медбике жұмыс жасап, ел құрметіне бөленіп жүр.
«Осы салаға келгеніме еш өкінбеймін. Әкем Алдаберген Жаналыұлы 30 жылдан астам ІІМ қарасты өрт сөндіру саласында жемісті еңбек етті. Қарапайым көлік жүргізушісі болып бастап, 1969 жылы инспектор, кейін еңбекқорлығы мен ізденісі арқасында бөлім бастығы дәрежесіне дейін көтерілді. Подполковник шенінде зейнеткерлікке шыққан. Кейін де еңбектен қол үзбей, Кенқияқ ауылындағы «Өрт сөндіруші» АҚ бөлімшесінде жастарға тәжірибесін бөлісіп, штаб бастығы болып жұмыс атқарды», – дейді Асхат Исаев. Алдаберген Жаналыұлының да ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, ІІМ ТЖ саласының медальдарымен мен алғыс хаттармен марапатталған. Төтенше жағдайлар саласының құрметті ардагері.
Бүгінде әке жолын жалғаған Асхат Алдабергенұлы госпиталь жетекшісі болса, Исаевтар әулетінің үшінші ұрпағы да әскери салада еңбек етіп жүр.
«Біз өз әкеміздің сөзін жерге тастамай, үнемі оның ақыл-кеңесіне құлақ асып өстік. Өрт сөндіруші мамандығы да аса жауапты. Мен өзім дәрігер ретінде «Басты байлық – денсаулық» деген қағиданы берік ұстанамын. Отбасымызда саламатты өмір салтына мән береміз. Қолым қалт еткенде хоккей ойнағанды да ұнатамын. Адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау керек», – дейді кейіпкеріміз.
Ел игілігі жолында тынымсыз еңбек етіп келе жатқан Асхат Исаев бүгінде ердің жасы 50-ге толып отыр. Мейрейтой қарсаңында оған денсаулық, отбасына амандық, жұмыста табыс тілейміз.

Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*