Құтқарушы – сақшының бір сипаты

Солтүстік Қазақстан облысының патрульдік полицейлері жаңа жабдықтар алды. Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тургумбаевтың нұсқауына сәйкес патрульдеу бағыты су қоймалары маңына жақын жердегі машина экипаждары бұдан былай суда құтқару керек-жарақтарымен жабдықталмақ.
«Батальонның, басқа да бөліністердің қызметкерлері кез келген жағдайда адамдарға көмекке келуге әзір екендіктерін бірнеше мәрте дәлелдеді, – дейді облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ППБ командирі, полиция подполковнигі Ерлан Мәдиев. – Мұз астына кеткен адамдарды екі рет алып шығуына тура келген полиция старшинасы Руслан Қыдырминнің ерлік ісі көпшіліктің есінде. Ал 2016 жылғы жаздың басында суық суға құлаған студентті түнде, қамыс арасынан іздеген патрульдік полицияның төрт қызметкерінің ерлік істерін қалай ұмытамыз. Бұдан былай бәлеге ұшыраған адамға да, қызметкерге де судағы төтенше жағдай кезіндегі қауіп-қатер азырақ болмақ».
«Бейінді» құрал-саймандардан (апаттық белгі, өртке қарсы кенеп, алкотестер, темір кесетін қайшы) басқа енді жекелеген патрульдік автомашиналарда суға батырмайтын дөңгелек, екі көкірекше, арқан болады.
Бұл жаңалық өзен-көлдері көп біздің облыс үшін, әсіресе, шомылу маусымында өзекті. Дәстүрлі түрде полицейлер құтқарушылармен бірге жағажайларда бірлескен рейдтер, белгіленбеген орындарда суға түсетіндермен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жаңа жиынтықтарды әзірге тек жолдарды патрульдейтін облыстық батальонның қызметкерлері ғана алды. Солтүстік Қазақстан облысының ПД бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаевтың тапсырмасы бойынша аталған құрал-жабдықтармен алдағы уақытта су маңында патрульдеуді жүзеге асыратын қалалық бөліністің машиналары да жабдықталады.
«Полиция қызметкерлері ойланбастан көмекке келеді, – деді департамент басшысы. – Шылқыған нысанды киім, қатты тоңу, сіңір тартылу – тиісті түрде құтқару операциясын өткізуге кедергі жасайды. Жаңа жабдықтар осындай жағдайлардағы қауіпті барынша азайтуға мүмкіндік береді».

Петропавл қаласының ПБ баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*