Ашықтық халыққа жақындатады

Жамбыл облысының Меркі және Жуалы аудандарында полицияның фронт-кеңселері ашылып, сервистік жұмыс моделіне көшудің кезекті қадамы жасалды.
Меркідегі «Азаматтарды қабылдау бөлмесі» фронт-кеңсесі 4 маусымда жергілікті Полиция бөлімі ғимаратында ашылды. Келушілерді қабылдауға арналған кең залда күту креслолары және екі үстел қойылған. Онда адамдарды ЕТБ мемлекеттік автоинспекторы Жандос Қалысбаев пен АПБ көші-қон қызметі тобының аға инспекторы Әнуар Мамытбеков қабылдайды. Өтініш берушіге барлық қажетті қағаздарды ресімдейтін кеңсенің терезесі бар.
Салтанатты ашылу рәсімінде Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев атап өткендей, бұл облыстың аудандарында ашылған алғашқы фронт-кеңсе. Ал Тараз қаласында өткен жылдың соңында ашылған кеңсе өзінің тиімділігін дәлелдеді. Мұнда 1,3 мыңнан астам адам өтініштерімен келді. Алдағы айларда осындай фронт-кеңселер әрбір ауданның Полиция бөлімінде жұмыс істейді.
Шараның құрметті қонағы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев өз сөзінде мұндай кеңселер ішкі істер органдарының халықпен өзара іс-қимылының жаңа, ашық нысаны болып табылатынын және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің деңгейін төмендетуге қызмет ететінін атап өтті. Өз кезегінде жергілікті тұрғындар атынан сөз алған ақсақал Қамбарбек Иманалиев мұндай реформалар азаматтардың құқықтық тәртіп сақшыларына деген сенімін арттыратынын атап өтті.
Фронт-кеңсеге бірінші келушілерді Арман Оразалиев пен Равиль Төлебаев жеке қабылдап, қойылған сұрақтар бойынша жан-жақты ақпарат берді.
Келесі күні Жуалы ауданында да осындай фронт-кеңсе ашылып, оған Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев пен Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков қатысты. Сондай-ақ, ардагерлер, аудан тұрғындары арнайы келіп, тәртіп сақшыларына өз сауалдарын жолдай алды.
Салтанатты ашылу рәсімі аяқталғаннан кейін қонақтар келушілерге арналған залды аралап, полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысты.
Жаңа фронт-кеңседе азаматтар үшін қабылдау бөлмесінің қызметкерлері өтініш берушілермен тікелей жұмыс істейтін болады. Бұл өтініштерді қарау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді және мәселелерді шешуде қолжетімділікті, ашықтық пен жеделдікті қамтамасыз етеді.

Жамбыл облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*