«Полиция кафедрасының» пайдасы мол

Тұңғыш Президент – Елбасының тапсырмасы бойынша елімізде ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша 2018-2021 жылдарға арналған Жол картасы бекітілген болатын.
Осы мақсатта жоғары оқу орындары арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту шеңберінде, сондай-ақ, кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру, білім және ғылым саласында ынтымақтастықтың өзара тиімді мүдделерін ескере отырып, ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Биекенов Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры Алма Дощановамен, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Еркін Әбілмен, Челябі мемлекеттік университеті Қостанай филиалының ректоры Раиса Төлегеновамен, М. Дулатұлы атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің ректоры Сәбит Исмұратовпен және Рудный индустриалдық институтының ректоры Әбдірахман Найзабековпен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум аясында тараптар өзара инновациялық оқыту әдістерімен алмасады, бірлескен сабақтар өткізеді, профессорлық-оқытушылар құрамын шақыра отырып, ғылыми семинарлар мен конференциялар ұйымдастырады, магистранттар мен профессорлық-оқытушылық құрамның ғылыми біліктілігін одан әрі арттыруда өзара көмек көрсетеді. Сонымен қатар, мәдени және спорттық қатынастарды дамытады.
Полиция полковнигі Нұрлан Биекенов Ынтымақтастық туралы меморандум аясында «Полиция кафедрасы» атты жаңа жобаға тоқталды.
«Полиция кафедрасы» жобасына азаматтық жоғары оқу орындарының 2-4 курс студенттері факультативтік қолданбалы оқуға шақырылады. Бұл дегеніміз, олар ЖОО оқыған дәрістерін зерделесе, ал бізде олар саралап арнайы курс өтеді. Сонымен қатар, жауынгерлік даярлық негіздерін оқып, 2-3 жыл арасында өздеріне мамандық таңдайды. Бұл тек заң факультетінің студенттеріне ғана қатысты. Ал қалған мамандықтар бойынша қосымша заң дайындығының бағдарламасы даярланған.
«Полиция кафедрасының» студенттері құрылып жатқан еріктілер клубы мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін ерікті топ жұмысына тартылады. Бұл бүгінгі болашақ жастарымыздың құқық қорғау қызметі туралы түсінігін қалыптастыруға, құқық бұзушылықтың алдын алу міндеттерін шешуге және кадр аппаратына жинақтау процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Осы жобаның басты мақсаты – ЖОО студенттерін ішкі істер органдарына (тегін) түсу үшін даярлау. Сонымен қатар, «Полиция кафедрасының» курсын аяқтағаннан кейін, студенттерге сертификаттар тапсырылады. Осы атқарылып жатқан іс-шаралар болашақ құқық қорғау мамандарын патриоттық рухта тәрбиелеуге, Отанын, елін сүйетін, адамгершілігі мол, сыпайы, кәсіби білікті маман, құқық бұзушылыққа жол бермейтін, қоғамдық тәртіпті сақтайтын, полиция қызметкерін қалыптастыруға негіз болады деп сенім артамыз.

О. УАҚПАЕВА, Қостанай қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*