Аудандарды аралады

Облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов өңірлердегі жұмыс сапары кезінде Ақмола полицейлеріне трассаны бақылаусыз жүрген үй жануарларынан босатуды тапсырды.
Ерейментау, Аршалы, Целиноград және Қорғалжын аудандарының Полиция бөлімдері полиция ведомствосы басшысы сапарының соңғы пункті болды.
Департамент бастығы полиция бөлімдерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударып, бөлімше қызметкерлерінің қызмет атқару жағдайымен жеке танысты.
Целиноград ауданында Берік Біләлов «Ақмола облысындағы ең үздік ауыл» атағын лайықты ұстап жүрген Родина ауылына барып қайтты. Ведомство басшысы осы ауылдағы учаскелік полиция пунктінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен танысып, жұмыс құжаттарын тексеріп, бөлімше ғимаратының сыртқы жағдайын және ақпараттық стендтердің мазмұнын бағалады. Тексеріс барысында Родина ауылында орнатылған бейнекамералардан полиция пунктінің мониторына барлық деректерді шығару шешімі қабылданды. Бұл учаскелік инспекторға нақты уақыт режимінде ауылдағы жағдайды бақылауға және қоғамдық тәртіп бұзушылыққа дереу жауап беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, департамент бастығына «Родина «Агрофирмасы» ЖШС өндірістік және әлеуметтік нысандарымен таныстырылды.
Жеке құраммен кездесуде Берік Біләлов Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрінің талаптары аясында полиция қызметкерлерінің алдында тұрған басым міндеттерді айқындады.
Ол жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әсіресе, үй жануарларының кесірінен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ерекше назар аударды. Департамент бастығы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда қараусыз жүрген жануарлардың жүруіне жол бермеу бойынша елді мекендер тұрғындарымен және ауылдық округ әкімдерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Жеке құраммен өткізген кеңестен басқа, ведомство басшысы әкімшілік ғимараттардың жағдайын, қызметтік автокөліктерді және полиция басқармалары мен бөлімдерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуын тексерді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары патрульдік автокөліктер мен полицияның учаскелік инспекторларының автокөліктерін арнайы құтқару құралдарымен жарақтандыруын көрсетті.
Айта кету керек, бір апта ішінде Берік Біләлов барлық 19 аумақтық полиция бөлімдеріне барып қайтты. Барлық анықталған бұзушылықтар мен ескертулерді ведомство басшысы жеке бақылауға алды.

Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*