Борышын орындаған батырлар

Жуырда 6655 әскери бөлімде 2016 жылдың 5 маусымда лаңкестік шабуылда қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алуға арналған «Мәңгілік сапта» акциясы өтті.
Шараға бөлім басшылығы мен сарбаздары, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары, подполковник Виктор Мухатаев, содырлар шабуылынан қаза тапқан әскерилер – майор Даниэль Майлыбаев, сержант Берік Қалиев пен қатардағы сарбаз Досбол Сапардың және шабуылға тойтарыс берген сарбаздардың туыстары қатысты. Сонымен қатар, жиында құқық қорғау және қауіпсіздік органдарының басшылары болды.
Аймақ басшысы лаңкестік шабуылдан қаза тапқан жандардың құрметіне гүл шоқтарын қойып, есімдері мәңгі ел есінде қалатынын жеткізді. «Бейбіт күні қылмыскерлердің қолынан полиция, әскери қызметкерлермен бірге тұрғындар да қаза тапты. Қылмыскерлердің арамза ойларын орындауларына құқық қорғау органдарының жедел шаралары мүмкіндік берген жоқ. Халықтың тыныштығын қорғау жолында 6655 әскери бөлімінің сарбаздары, майор Даниель Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев, қатардағы жауынгер Досбол Сапардың қазалары орны толмас өкініш. Олардың жанкешті әрекеттері лайықты бағасын алып, тәуелсіз Қазақстанның ерліктер жылнамасында жазылып қалды. Бұл оқиға барлығымыз үшін үлкен сабақ болып, қоғамға енген дертпен тек мемлекеттік органдар ғана емес, жалпы қоғам болып күресуіміз қажет, – деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Жиында сөз сөйлеген 6655 әскери бөлім командирі, подполковник Мирас Тұрдалин мұндай акция Ұлттық ұланның ел аумағындағы барлық бөлімдерінде өткенін айтты.
– Бүгін біз батырларымыз алдында бас иіп, қылмыскерлермен қақтығыс кезінде көрсеткен ерліктері үшін алғыс білдіріп, құрмет көрсетеміз. Біздің әскери қызметшілер білдірген ерлік біз үшін мақтаныш, өскелең ұрпақ үшін өнеге. Елді сүю, ұлт алдындағы өзіндік борышыңды ақтау керек екендігін танытты. Сондықтан бұл азаматтардың ерліктері ұмытылмайды, – деді өз сөзінде подполковник М. Тұрдалин.
Еске салайық, лаңкестік оқиға кезінде ресми мәлімет бойынша 7 адам (оның ішінде үшеуі – әскери қызметкер) қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция кезінде 18 радикалдың көзі жойылып, 29 адам ұсталған. 2016 жылы қарашаның 29-ы күні Ақтөбе облыстық соты шабуылға қатысқан 29 адамды түрлі мерзімге соттады.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*