Тарихтан тағылым

Алматы облысы ПД Ақпараттық-аналитикалық орталығының қызметкерлері Талғар ауданындағы Жаңалық ауылында орналасқан музейде өткен «Ашаршылық пен үлкен террордың тарихи сабақтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.
Музейге Алматы облысы Полиция департаментінің мұрағатында сақтаулы жатқан істерден көптеген мәліметтер, фотосуреттер, құжаттардың көшірмелері тапсырылған.
Мұрағаттық қордың мәліметтері қызығушылық тудыратынын жасырмай, әлі де көптеген адамдардың тағдырына қатысты жәдігерлер музейдің бөлмелерінен өз орнын табу керектігін ұғынып біз бірлескен жұмысымызды жалғастырудамыз.
Осы бағыттағы жұмысымыздың бір жетістігі – ол департаменттің қызметкерлерін «Ашаршылық пен үлкен террордың тарихи сабақтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға шақыруы.
Саяси қудалау, ашаршылық және халықтарды жер аудару, бәрін бір сөзбен айтқанда «репрессия» деп аталатын ең үлкен қасіреттердің тақырыбына өзіміз арнайы дайындаған «Болашақ үшін сөнбес ескерткіш» атты көрмелік экспозициямызды халықаралық деңгейде өтетін жиынға ұсыну үшін музейге алып келдік.
Залдарда орналасқан тұтқындалғандардан сұрақ алу сәттерін, лагерьдегі тіршілікті бейнелейтін диорамалық көріністерден қорқыныш пен аяныш, наразылық пен үрей сияқты сезімдер бойыңды алып кетеді.
Екінші бөлмеде орналасқан қара тастарда Алматы облысында жерленген кеңестік саяси жүйенің құрбаны болған 4 мыңнан астам адамның аты-жөні жазылған. Азалы тізімдер электрондық форматта да жүйеленген.
Конференцияда Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов бірінші болып баяндама жасады. Өзбекстан Ғылым Академиясының Тарих институтының бөлім меңгерушісі Кахроман Раджабов Түркістандағы аштық туралы айтты.
Қырғызстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зайнидин Құрманов «Алаш» партиясының қырғыз филиалы» деген тақырыпта баяндама жасады.
Конференцияға қатысу үшін репрессия құрбаны болған саяси және қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышпаевтың ұлы Дәулет Шейх-Али Америкадан арнайы келіп, естеліктерін жеткізді. Осы жерде М. Тынышпаев қорының басшысы Ш. Жүнісова мен Д. Шейх-Али алаш арысының 140 жылдығына арналған медальдарды конференцияға келген зерттеушілерге, тарихшыларға, музей қызметкерлеріне табыстады.
Қазақстанға 1990-жылдары Ираннан келген қандас бауырымыз, қазір ҚазМУ-нің Иран филологиясы орталығын басқаратын филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей ата-бабалары ашаршылық уақытында Иранға қоныс аударып, көрген қиындықтарына қарамастан туған тілін, дінін, салт-дәстүрлерін сақтап қалу жолында жасаған ерен еңбектерін айтып, көпшілікті аузына қаратты.
Репрессия мен коллективизацияның салдары туралы қуғын сүргін мен аштықты зерттеуші, тарихшы Талас Омарбеков, Бейбіт Қойшыбаев, қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы, мемлекетіміздің басқа да қоғамдық ұйымдарының өкілдері баяндама жасап, пікір таластырды. Саяси қуғын-сүргін, ашаршылық тақырыбына арналған кітаптардың тұсауы кесіліп, өзекті мәселелер талқыланды.
Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға қатысты 1930-1950 жылдары қозғалған қылмыстық істерді ішкі істер органдары 5 жыл бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінен қабылдап алғаннан кейін, ІІМ-нің ведомстволық WEB-порталында қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар туралы және олардың ақталғаны туралы ақпарат іздеуге болатын әлеуметтік маңызы бар «Мемориал» сервисі іске қосылғанын конференцияға қатысушылардың назарына жеткіздім. Деректер банкіне 109 мыңнан астам азамат жайлы ақпарат енгізіліп, оның ішінде 4 мыңнан астамы – Алматы облысының тұрғыны болғанын қонақтар мұқият тыңдады.
Қазіргі таңда қолжетімді болған мұрағаттық құжаттар туралы жария етіп, оларды елге шығарып, халыққа түсіндіру жұмыстарын атқару барысында жеткен оң нәтижелерге тоқталып, Ілияс Жансүгіровтің паспорты мен тұтқындалғандағы фотосуретін Талдықорған қаласындағы Жансүгіров атындағы әдеби музейге өткізгенімізді жеткіздім.
Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мен еске алу жұмысын насихаттап жүрген «Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, осы музейдің меңгерушісі Ғарифолла Әнес конференцияға қатысушыларға сертификат тапсырып, бізге де ерекше ризашылығын білдірді.

Жанар ТҰРҒАНБЕКОВА,
Алматы облысы Полиция департаменті
ААО бастығының орынбасары

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*