Әкем мені сақшы болса деп армандады

Қуат Ежембек – бүгінгі елге танымал жас ақындардың бірі. Тәуелсіз елдің өрені поэзиядан бөлек проза және аударма, ертегі жазумен айналысады. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясында сценарий жазушы болып жұмыс атқаратын қаламгер болашағын сахнаға арнағысы келетіндігін айтады.
Сонымен қатар, Қуыршақ театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. Қазіргі таңда Қуаттың көптеген ертегілерін балалар тамашалап жүр. Жас қаламгер Андерсен Ханс Кристиан, Антуан де Сент-Экзюпери және т.б жазушылардың туындыларын тәржімалап, халықтың назарына ұсынды. Театрдан бөлек, ол еліміздің біртуар композиторларымен байланыс орнатып, ән мәтіндерін жазып жүр. Бүгінге дейін елуге тарта джаз, эстрада, классикалық туындыларды дүниеге әкелген.
Жуырда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Аналарға тағзым» атты театрландырылған музыкалық қойылымы алғаш рет Хонгресс-Холл сахнасында қойылды.
Қуат, бүгінгі кешті аналарға арнаудың сыры неде?
– Осындай үлкен жобаны қолға алуға мұрындық болған – филармонияның бас директоры, қоғам қайраткері, әнші Сәкен Әбдірахманов. Ал, бүгінгі кештің сценарийін өзім жаздым. Бұл театрландырылған музыкалық қойылымның ерекшелігі – саяси қуғын-сүргін құрбандары болған аналарға арнап отырмыз. Өйткені, алғашқыда бұл жерде «26-нүкте» деп аталатын орын болған. Соның негізінде 1938 жылы ІІХК-ның Ақмола арнайы бөліміне (Қарағанды лагеріне) қарасты «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері» пайда болды. «Әкесі үшін баласы, баласы үшін әкесі жауапты емес» деген адамгершілік қағидасын 1937 жылдың нәубеті белден бір-ақ басты. Тіпті жау екеш жаудың өзі де әйел менен бала көрсе, қылышын қынға салса, бұл нәубетте бір тамшы да аяушылық болған жоқ еді. «Халық жауы» деген ұғымды ғана білетін ол саясат, тіпті аяғы ауыр әйелдің де ішін жаруға дайын болды. Арыстарымызды атқан соң, артында қалған жарын азаптау үшін Арқаның сайын даласын азапты түрмеге айналдырып, «Алжир» деп атағанын білеміз.
Сол лагерьде Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза, Сәкен Сейфуллиннің жұбайы Гүлбаһрам, Бейімбет Майлиннің жары Күнжамал, Санжар Асфендияровтың жары, Темірбек Жүргеновтің жары Дәмеш, жалпы қаншама Алаш арыстарының үйіндегі айдай аналарымыз азапқа салынған еді.
Сонымен қатар, Сәкен Сейфуллин ағамыздың жары Гүлбаһрамның хаты оқылады. Сондай-ақ, балаларының анасына деген, ананың баласын сағына қиналған сәттері бейнеленді. Бүгінгі кеште белгілі қазақ театрының негізін қалаушы Жұмат Шаниннің жұбайы Жанбике Шанинаның да образы сомдалған. Жанбике анамыз жолдасын сағынған образында ол кісінің әндері шырқалады.
Тағы бір айта кететін жайт, Сәкен ағамыздың жары Гүлбаһрам «Шіркін, Сәкеннің келбетін, бейнесін, сұлу әндерін сағындым» деген кезде дара ақынымыздың «Тау ішінде» атты әні орындалады.
Тағдыр тауқыметін көрген аналарымыздың сағынышынан бөлек, тағы қандай бағдарлама қойылады?
– Міне, осы қасірет күні туғанда «37 жыл» деген күй орындалады. Сондай-ақ, Құрманғазы атамыздың «Пәбеске» деген күйі де тартылады. Себебі, бұл лагерь ресми түрде 1937 жылы желтоқсанда ашылған. Жақсылықтан гөрі зұлматтың жетуі оп-оңай болса керек, небары бір айдан кейін, яғни 1938-дің қақаған қаңтар айында ол жерге Қазақстанның, қала берді Кеңес Одағына қарасты Белоруссия, Кавказ елдері, Орталық Азия елдерінің түкпір-түкпірінен вагондарға толтыра тиеп әкелінген әйелдер саны 1500-ден асып жығылған. Солайша 1937 жыл мен Сталин қайтыс болған 1953 жылға дейін осы бір азап лагерьде 18 мыңнан аса әйел қамалған екен.
Жалпы біз бұл театрландырылған қойылыммен аналарымыздың ұлты үшін, елі, жері үшін қызмет етіп, өз жақындарын «халық жауы» деп ұрандатпауының салдарынан көрген азапты күндерін халыққа көрсеткіміз келді.
Осы ауқымды театрландырылған қойылмға кімдер жұмылдырылады?
– Нұрай Танабаев ағамыз Сталиннің бұйрығын орындап, осы лагерьге қатысты бұйрықтарды шығарған Николай Ежовтың рөлін сомдайды. Біз осы қойылымды қою үшін көп еңбектендік. Архивтерге бардық. Сонымен қатар, жарық көрмеген дүниелерді де пайдаландық. Атап айтар болсақ, Гүлбаһрам анамыздың жазған хаттарын тауып алдық. Міне, осы аналарымыздың хаты бүгін сахна төрінде алғаш рет оқылды.
Шаш ал десе, бас алатын шолақ белсенділердің құтырып тұрған шағында осы лагерьде жатқан әйелдер мен балаларды ауылдың адамдарының қолдан жасаған «Асыл тас» аталып кеткен «Құрт» аман алып қалған екен. Осы сәттер халыққа ұсынылады ма?
– Әрине, біз бұл оқиғадан аттап кете алмадық. Себебі, қаншама арыстай азаматтарымыздың артында шулап қалған әйелдері мен балаларын қазақтың «құрты» аман алып қалды. «Алжир» лагеріндегі бір топ әйел Жалаңаш өзенінің бойынан барак салу жұмысына қажетті қамыс шауып жүреді. Қызылдар өкіметі үшін бұлар бар болғаны тегін жұмыс күші ғана. Сондықтан олардың денсаулығы, ауқаттануына дұрыс көңіл бөлінбейді. Ашқұрсақ жандар ала таңнан тұрып, қас қарайғанша суыққа тоңып, саз кешіп, қамыс шабады. Аштық пен ауыр жұмысқа төзбеген тұтқындар күн сайын қырылып жататын. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде сол маңдағы Жаңашу деп аталатын ауылдан бір топ кәрі-құртаң шал-кемпір мен жас балалар тұтқындарға жақын келіп, онсыз да тағдыр тауқыметін тартып жүрген әйелдерді таспен атқылай бастайды. Ал күзетшілер болса, балалар мен қариялардың бұл әрекеттеріне риза болып, күле қарайды және әйелдерге: «Көрдіңдер ме, сендерді Мәскеу ғана емес, осы жақтағы ауылдың балалары да жек көреді», – дейді. Онсыз да тағдырдың тауқыметіне ұшырап, жазықсыз қудаланып, барынан айырылған әйелдерге жергілікті қазақтардың бұл қылығы жығылғанға жұдырық болып тиеді. Ал ауыл адамдары тас атқылауын тоқтатпайды, олар мұны күнделікті әдетке айналдырады.
Бірде тұтқындағы Гертруда Платайс өзіне қарай құлаш сермей лақтырылған кесектен жалтармақшы болып бұғып қалғанда аяғы сүрініп жерге құлап түседі. Ол құлаған жерде ауыл балаларының бірнеше күн бұрын лақтырған кесегі жатқан еді. Өмірге әбден налып, көз жасы көл болған әйел әлгі жерде ірімшік пен құрттың исін сезеді. Кесекті ұстап, дәмін көрген кезде оның тас емес, жеуге келетін тамақ түрі екендігін байқайды. Әлгі кесектерден бірнешеуін жинап алып, кешке баракка алып келеді. Тұтқында отырған қазақ әйелдеріне көрсетеді. Олар мұның тұздалып, күн астында кептірілген сүт тағамдарының бір түрі – құрт екендігін айтады. Сөйтсе өздері де бір кездері аштықты бастарынан өткерген жергілікті тұрғындар тұтқын әйелдерге жандары ашып, көмектесуді ойластырған екен.
Олар сталиндік саясаттың қырына ілінуден корқып, амал-айла ойластырады. Ақыры шешімін табады. Тұтқындарды жек көріп, оларға тас атқан тәрізді бола отырып, күзетшілерді алдайды. Осы арқылы тағдырдың талқысына түскен әйелдерді тамақтандырады. Олардың осы бір аз көмегінің өзі тұтқындарға демеу болып, өлімнен аман қалуына септігін тигізген. Осы құрттың арқасында аман қалған тұтқындардың бірі Гертруда Платайстың естеліктері Раиса Голубеваның «Құрт – асыл тас» атты өлеңді жазуына арқау болған.
Қазақ атқан тасқа барып жығылдым –
Тамағыма өксік келіп тығылды.
Құдайым-ау, тас па мынау, немене?
Мұрыныма сүт иісі келе ме? – деп өлең жолдары оқылады. Біз мұнда қазақ халқының тұтқын әйелдерге жаны ашып, сталиндік саясатқа білдірмей қол ұшын беруге ұмтылған ауыл тұрғындарының көрінісін көрсеткіміз келді.
Ал, енді ақын болу бала кездегі арманың ба еді?
– Мен бала кезімде қиялшыл болатынмын. Әкем үнемі кітап оқып отыратын. Әлі әріп тани алмайтын кезім болса керек. Әкемнің оқып отырған кітабында кескін келбеті келіскен, нар тұлғалы азаматтардың суретін көрдім. Сонда әкемнен: «Әке, мына әдемі кісілер кімдер?» – деп сұрадым. Әкем сәл жымиды да: «Алаштың азаматтары, ақын-жазушыларымыз», – деді. Сонда мен ойланбастан: «аАқындар әдемі болады екен. Онда мен де өскенде ақын боламын», – деп айттым. Сонда әкем мырс етіп күліп: «Мен сені ел қорғайтын сақшы бола ма десем. Өскенде тағдырыңа жазылған жолмен жүр. Адам бол! Халықтың ұлы бол!» – деп маңдайымнан сүйген еді.
– Ақындардың туындыларынның басым бөлігі туған жерге арналады. Өзің де елге деген сағынышты өлеңмен жеткіздің бе?
– Әрине, туған жеріңе не жетсін. Туған жер жайында өлеңдерім өте көп. Мен 1990 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданы, Үшкөмей ауылында дүниеге келдім. Табиғаты әсем жерде туып өскеніме қуанамын. Сондай-ақ, еліміздің біртуар азаматтары да осы өлкеде дүниеге келген. Осындай кең байтақ жерімді жырламай қалай отыра аламын?!
Туған жер, туған ауыл, биік шыңым,
Биікті сен арқылы сүйіп тұрмын.
Жарысып желіңменен жүргеннен бе,
Төсіңде шаң жуытпас жүйрік жырым, – деп жырлаған едім. Ауылды сағынған кезде өлең жолдары жазылады.
Қуыршақ театрында қазіргі таңда қандай ертегі-пьесаларың қойылып жүр?
– Балаларға арнап ертегі жазған өзіме қатты ұнайды. «Париж, Құдай-Ана шіркеуі», «Су перісі», «Кішкентай ханзада», «Жаңа жыл түніндегі арпалыс», «Дәрумендер туралы ертегі», т.б пьесаларды қазақ тіліне аудардым. Сондай-ақ, «Жалқаудың әлегі», «Ер Төстік» (қазақ халқының эпостық жыр желісі бойынша), «Наурызбектің хикаясы», «Армысың, әз-Наурыз», «Таңғажайып саяхат», «Баһадүр» сынды ертегі-пьесалардың авторымын.
Менің шығармаларым еліміздің театр сахналарында қойылып жүр. Сонымен қатар, көптеген әншілеріміздің шығармашылық кештерінің сценарийін жаздым. Қазіргі таңда елуге тарта өлеңім бар. Соның біразын қазақтың эстрада жұлдыздары орындап жүр. Көптеген өлеңдерім жас ақындар поэзиялары топтастырылған еңбекке енген.
Театр менің өмірімнің бір бөлшегі десем, артық айтқандығым болмас. Себебі, менің мамандығым – «театртану». Кейде театрда ұйықтап қалатын да кездерім болады. Ол біреу мені көрсін, көзіне ілінейін, я болмаса мақтасын деген ой емес, ол менің театрды шын ықыласпен сүйгендігімде. Театрды шын сүймеген, берілмеген адам, театрға арнап таза дүниелер жаза алмайды деп ойлаймын. Қуыршақ театрына арнап жазған ертегілерімді балалар сүйіп көреді.
Қуат, болашаққа қандай жоспарың бар?
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылды «Жастар» жылы деп атап отыр. Осы Жастар жылына орай біраз жобаларым бар. Соларды іске асырсам деген ниеттемін. Сонымен қатар, «Ұлы дала жастары» деген концертті өткіздік. Маусым айында «Жалындайды жастар» деген концертті өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жобаның ерекешелігі, концерт әр аптаның бейсенбі және жұма күндері болады. Конгресс-холлдың алдында өтеді. Көрем деушілерге есік ашық.
Менің басты арманым – өркендеп келе жатқан елімнің бір пайдасына жарайтын туындылар қалдыру.
Полиция қызметкерлеріне деген көзқарасың?
– Еліміздің тыныштығын қорғауда аянбай еңбек етіп жүрген сақшылардың еңбегі оразан зор. Біздің осындай бейбіт өмірде сүріп жүргеніміз осы кісілердің еңбегі. Сондай-ақ, біздің түнгі ұйқымыздың тыныштығын сақтап жүрген де осы кісілердің қызметі деп білемін.
Егемен елімізде қауіпсіздік пен тыныштықты сақтауға үлес қосып келе жатқан тәртіп сақшыларына құрмет көрсету әрбір адамның парызы деп білемін. Бұл мамадық иесі – бойына төзімділік, қырағылық, қарапайымдылық деген ұғымдарды сіңіріп, қызметтің қиындығына қарамастан, анттарына адал мамандар. Бейбіт заманда өмірлерін қатерге тігіп, береке мен бірлікті сақтап жүрген полиция қызметкерлерінің қажырлы еңбектеріңіне сәттілік тілеймін. Әрдайым анттарыңызға адал болып, ел қорғаны деген атаққа қызмет етіңіздер деген тілек білдіремін!
Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Раушан НАРБЕК, сурет Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*