Құтқару құралдарымен жабдықталды

Ақмола полицейлері құтқару құралдарымен жабдықталған патрульдік автокөліктерде қызмет атқаруда.
Жақында ғана Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тургумбаевтың тапсырмасы бойынша Ақмола полицейлерінің қызметтік көліктері қосымша құтқару құралдарымен жабдықталды.
Кез келген төтенше жағдайда тез және тиімді әрекет ету, жол-көлік оқиғасы немесе суға батып бара жатқан адамды құтқаруда тәртіп сақшыларына арнайы құралдар көмектеседі. Қажетті мүлік тізіміне: құтқару кеудешесі, арқан, шеңбер, құтқару арқаны, сымдарды кесуге арналған қайшылар, металды кесуге арналған гидравликалық қайшылар, қосымша өрт сөндіргіш және басқа да құралдар кіреді.
Облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов патрульдік автокөліктердің қажетті жинақтармен жабдықталуы және қызмет атқаруға дайындығын тексеріп шықты.
28 мамыр күні полицейлер жасақталған патрульдік автокөліктерде алғашқы рейдтік іс-шаралар өткізді. Көкшетау қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері Қопа көлінің жағалауын, су қоймасының аумағын және облыс орталығының айналасында орналасқан басқа да су қоймаларын тексерді. Полиция қызметкерлері азаматтарды мас күйінде суға түспеу, сондай-ақ, ата-ананың сүйемелдеуінсіз су қоймаларының жанында балалардың болуына жол бермеу туралы ескертті.
«Бұл құралдар ең алдымен зардап шеккен азаматтарды құтқару үшін қажет. Қосымша жабдық жол-көлік оқиғалары, өрт туындаған кезде, сондай-ақ, шомылу маусымында, яғни орындалатын міндеттердің сипатына және қызмет атқару орнына байланысты қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл құралдарды қолдану полиция қызметкерлеріне арнайы қызметтер келгенге дейін құтқару операцияларын жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, арнайы қызметкерлер үшін осы құтқару құралдарын қолдану дағдыларын үйрету бойынша сабақтар ұйымдастырылды», – деп әңгімелейді ПД бастығының бірінші орынбасары Ризахмет Жанбеков.
Айта кету керек, аумақтық бөлімшелерде де патрульдік автокөліктер арнайы құралдармен жабдықталған.

Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*