«Жүргізуші, біз демалысқа шықтық!»

Осындай атаумен Петропавл қаласында акция бастау алды. Оқушылар қала көшелеріне шығып, жүргізушілерді жол тәртібін сақтауға және абай болуға шықырды.
Бұл акция – полиция қызметкерлерінің жазғы демалыстар қарсаңында және жаз бойы жүргізетін профилактикалық науқанының бастауы. Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев жеке құрамға жазғы демалыс кезеңінің басталуына байланысты балалардың қауіпсіздігін ұйымдастыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Полиция ведомствосының бастығы Жергілікті полиция қызметі мен төтенше жағдайлар бөліністеріне балалардың жазғы демалыстағы бос уақыттарын өткізетін жерлерін тексеруге, әсіресе, барлық аттракциондардың техникалық нығайтылуы мен қауіпсіздігіне мән беруге шақырды.
Спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының тәрбиеленушілері балалардың қолымен салынған суреттерді жүргізушілерге таратты. «Жаз кезінде уақытымның көп бөлігін далада, көшеде өткіземін. Ата-анам менің қауіпсіздігімді, амандығымды ойлап, уайымдап жүреді. Өйткені, жол үстінде жүру қауіпті. Бүгінгі акцияға қатысқаныма қуаныштымын. Біз, балалар, жол қозғалысының қатысушыларымыз. Сондықтан мотоцикл, автокөлік жүргізушілерін жолда абай болуға шақырамын. Алдағы үш ай демалысты қауіпсіз өткізейік», – деді акция қатысушысы Думан Алдияр.
Жүргізушілер оқушылармен кездескенде таңданыстарын білдіріп жатты. Автокөлік иелерінің көпшілігі балалардың бұл бастамаларын қолдап, жолда мұқият болуға уәде берді.
«Бұл акция арқылы жол қозғалысының барлық қатысушыларын қозғалыс ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Біз оқушылармен бірге көлік тұрақтарына, сауда үйлерінің алдына барып жүргізушілерге суреттер тараттық», – деп түсіндірді Петропавл қаласы Полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Эльмира Абушева.
Іс-шара Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында аяқталды. Акцияның қатысушылары аталмыш мекеменің балаларымен бірге патрульдік полиция машиналарының құрылымымен және бейімдеу орталығының жұмысымен танысты. Тәртіп сақшыларының айтуларынша, мұндай шаралардың балаларды тәрбиесіне қосатын үлесі зор. Сондай-ақ, полицейлер мектеп оқушыларына кешкі сағат 10-нан кейін үйден тыс жерде ересектерсіз жүруге болмайтынын еске салды.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*