Сәби күлкісі сыңғырлаған күн

Баршамызды бала тілмен баурайтын,
Бала деген бір бақыт қой самғайтын.
Ата-ананың арманы мен тілегін,
Бала емес пе бал бұлақтан жалғайтын, – деп бала жайлы ақындар жыр да, ән де жазған. Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы.
Бүкіл әлемде 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіледі. Сондай-ақ, қоғамда кемтар, жетім, тұрмысы нашар отбасынан шыққан балаларды қорғауға, қолдауға шақыратын күн. Балақайдың тағдыры, оны тәрбиелеу – әрбір адамның қолында. Осы мереке күні еліміздің әрбір өңірінде балаларға арналған әртүрлі шаралар ұйымдастырылады. Осындай тамаша мереке 1 маусым күні ІІМ саптық алаңында өтті. Ол Ішкі істер министрлігінің басшылығы, Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің, «Динамо» денешынықтыру және спорт қоғамының қолдауымен ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков арнайы шақырылып, ардагер атамыз бүлдіршіндерді бүгінгі мерекемен құттықтады.
– Құрметті жас бүлдіршіндер, ата-аналар, қуанышты іс-шараның қонақтары, сіздерді Ішкі істер министрлігінің басшылығы, Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің атынан жаздың жайма шуақ кезеңінің алғашқы күнінде аталып өтетін Халықаралық балалар күнімен құттықтаймын. Балалар – біздің болашағымыз, бақытымыз, махаббатымыз. Елімізде әрдайым сәбидің күлкісі естілсін. Жас балапандарымыз жыламасын. Еліміз тыныш, жеріміз аман болсын. Бүлдіршіндеріміздің дендері сау болсын! «Адам өз ұрпағымен мың жасайды» деген екен дана халқымыз. Бекер емес сияқты. Немере, шөбере сүю нәсібі әркімге бұйырсын. Солардың жақсылығын көріңдер, – деп өзінің жылы лебізін білдірді милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков.
Сонымен қатар, балаларға арналған концерттік шаралар, ойындар және де спорттық жарыстар өткізілді. Жас бүлдіршіндер ғажайып ертегілер әлемінің кейіпкерлерімен ойнап, билеп, бірге өлең де айтты. Белсенді атсалысқан балаларға шар сыйға тартылды. Сондай-ақ, балалар жас ерекшеліктеріне қарамай спорттық жарыста өздерінің бақтарын сынады.
Үш түрлі спорт бойынша бүлдіршіндер өзара жарысқа түсті. Олар: «Секіртпе ойыны», «Дартс ойыны», «Допты нысанаға көздеп лақтыру». Аталған жарысқа қатысқан бүлдіршіндердің арасында топты жарып жүлделі орындарға ие болғандар да бар. Секіртпе ойынында 24 баланың арасынан 45 рет секірген Даулет Ханов ІІІ орынды иеленді. Ал екінші орынды Гүлайым Амирова еншілесе. Б, бірінші орынды 53 рет секірген тоғыз жастағы Марат Мансұр қанжығасына байлады.
Балалардың сүйікті ойынына айналған дартс бойынша 58 жасөспірім қатысты. Бірінші орынды Әлихан Евнеев иеленді. Екінші орын Сабыржан Мельсқа бұйырса, үшінші орынға Әсет Керембай қол жеткізді.
Ал, допты нысанаға көздеп лақтыру ойыны бойныша І орынды Әлимансұр Ескендір, ІІ орынды Жәңгір Жұмаділов, ІІІ орынды Дияр Серіков иеленді.
Жүлделі орындарға ие болған жас бүлдіршіндерге бағалы сыйлықтар табысталды. Спорттық жарысқа қатысып, белсенділік танытқан балалар да сыйлықтан қағылмады. Бүлдіршіндер ойыншықтарын алып, қуанып бір-біріне көрсетіп мәз болды.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Ішкі істер министрлігінде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған шара жыл сайын жалғасын тауып келеді. Еліміздің тыныштығын қорғау барысында күн демей, түн демей еңбек етіп жүрген сақшыларымыз да балаларын аталған мейрамға алып келіп, бір марқайып қайтты.

Раушан НАРБЕК, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*