Қылмысқа қарсы бірлескен хаттама

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстанның көлік полицейлері Ресейден келген әріптестерімен кездесті.
Шараға Қазақстан Республикасындағы Ресей ІІМ Өкілі, полиция полковнигі С. Каймашников, Ресей ІІМ КББ жедел-іздестіру басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі П. Тараскин, Ресей ІІМ КББ жедел-іздестіру басқармасы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бөлімі бастығының уақытша міндетін атқарушы, полиция полковнигі В. Костромин және ҚР ІІМ Көліктегі Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Т. Өтетілеуов, сондай-ақ, департаменттің жедел қызметтерінің бірінші басшылары қатысты.
Кездесу барысында Т. Өтетілеуов жалпы шекарасы 7 мың шақырымнан асатын Қазақстан мен Ресей үшін шекара маңындағы өңірлерде қылмысқа күрес мәселелері ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей арасында ондаған жолаушылар пойызы жүріп тұрады. Осыған байланысты, әуе және темір жол көлік нысандарында азаматтар мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын дамыту маңызды мәселе.
Павел Тараскин өз сөзінде: «Біздің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығымыз табысты дамып келеді. Мұндай тәсіл трансұлттық қылмысқа қарсы күресте бірлескен күштердің нақты негізі болуы мүмкін. Өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары екі елдің көліктегі ішкі істер органдарының қызметін үйлестіру қажеттілігі болуы тиіс», – деп атап өтті.
Кездесуде екі елдің көлік полицейлері Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының жоғары деңгейін, жолаушылар мен жүк тасымалы саласындағы қылмыспен күресудегі екіжақты ынтымақтастықтың келешегін атап өтіп, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес, темір жол және әуе көлігі нысандарында есірткі тасымалының жолын кесу жөнінде қабылданып жатқан шараларды талқылады.
Көші-қон процестерін реттеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Заңсыз көші-қон проблемаларын шешу терроризм мен экстремизмге, сондай-ақ, адамдар трафигіне қарсы іс-қимылдың маңызды шарты ретінде қаралды.
Тараптар темір жол және әуе көлігі объектілерінде мүліктік сипаттағы қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен жедел-іздестіру және алдын алу іс-шараларын жандандыру, жедел жағдайдың жай-күйі туралы тұрақты ақпарат алмасуды жүзеге асыру маңызды міндеттердің бірі болып табылатынын атап өтті.
Жұмыс кездесуінің қорытындысы бойынша басшылар уағдаласып, бірлескен хаттамаға қол қойды. Онда қылмысқа қарсы күрес және көлік полициясы органдарының шекаралық ынтымақтастығы аясында кәсіби байланыстарды кеңейту бойынша одан әрі бірлескен іс-шаралар айқындалды.

Көліктегі ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*