Патриот полицей

«Елді сүю, Отанды сүю, халыққа қызмет ету – менің басты ұстанымым. Елім үшін кез келген сынаққа, кез келген еңбекке дайынмын. Елімнің болашағы үшін еңбек етуден шаршамаймын. Полиция қызметкері болу – менің мақтанышым. Сүйікті ісім», – дейді Нұркен Әлімбеков.
Нұркен Әуесбекұлы 1986 жылы Түркістан облысының Сарыағаш қаласында, қарапайым кәсіпкер мен медбикенің отбасында дүниеге келген. Әкесі Әуесбек Үсенбекұлы да Сарыағаш қаласының тумасы. Анасы Абиба Құлжанова Сарыағаш ауданындағы аурухананың бірінде медбике. Отбасындағы екі ұл мен екі қыз әкесінің өнегелі істерімен, анасының тазалықты сүйіп, кіршіксіздікке үйретуінің арқасында өмірде өз орындарын тауып, сүйікті істерінің шебері атанған десек, артық айтқанымыз емес.
Бала Нұркен 2003 жылы Сарыағаш қаласындағы С. Ысмайлов мектебін жақсы көрсеткішпен тәмамдап, дәл сол жылы Б. Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтының тыңдаушысы болып, үздік біліміне байланысты марапатталып, лейтенант шенімен оқуды аяқтайды. Білімге әбден сусындап, жауапкершілігі мол қызметке дайын болған бозбала еңбекке деген асқан құштарлықпен елі үшін қызмет атқаруға сақадай сай тұрады. Осылайша ол 2007 жылы Сарыағаш ауданы ПБ-нің тергеушісі лауазымына тағайындалып, 3 жыл бойы тергеу істерімен айналысып, тәжірибесін толыстырады.
Ал 2010 жылы Сарыағаш ауданы ПБ-нің көші-қон қызметі бөлімшесінің инспекторы, одан кейін Созақ ауданы ПБ Штаб тобының аға инспекторы лауазымдарында қызметін мінсіз атқарады. Өзінің ішкі істер органдарындағы қызметінің барлық қыр-сырын меңгере білген, қызметте іскерлік пен темірдей тәртіпті жаны сүйетін қызметкер қандай да бір істі қолға алмасын әрқашан мінсіз атқаруға ұмтылады. Бұл үшін де басшылар тарапынан еңбегі еленіп, бірқатар алғыс хаттар мен мадақтамаларға ие болған.
Негізі, Нұркеннің еңбек жолы өте қызық. Олай дейтінім, қатал тәртіпке бағынған полиция қызметкері ақ жүректі, мейірімді де ашық-жарқын. Онымен бірге, бала кезінен музыка әлеміне жаны құмар, қызығушылығы ерекше музыкант. Арнайы музыкалық білімі болмаса да, әнді кез келген әншіден кем айтпайды. Әсіресе, өнерлі полицей патриоттық «Атамекен» әнін шырқап, әуелетіп ән салғанда тыңдаушының кез келгені тамсанып, таңдай қақпасы кемде-кем.
– Полицей емес, әнші болғанда не істер едің? Қазіргі салаң өзіңнің таңдауың ба? – деп сұрағанымда тосылмастан:
– Жоқ, мен өз өмірімді өзге мамандықта елестете алмаймын. Өмір біз үшін берілген сынақ, ал сол сынақта біреу әншілікке құмартса, біреу жазушылыққа, енді біреу ақындыққа бой бұрып, түрлі жан қалауына бейім болып келеді. Дегенмен де, әрбір адамның өз қалауы емес, тағдырдың жазғаны, өмір жолының бұрылысы қай жаққа бастаса, сол тұсқа қарай жүре жөнеледі. Ал сол берілген жолды тегіс те дара ету – әр адамның талпынысы мен еңбекқорлығына байланысты. «Форма киген азаматтарды көргенде, олардың жүріс-тұрысын салып, қолыма таяқ алып, көлік тоқтатып, «мен тәртіпті қадағалаймын, ұрлық жасасаңдар, қамаймын» деп айтып жүретінмін. Бұл ісіме ата-анам мәз болып, мақтау сөздерімен қанаттандырып, артымнан қағып, одан әрі мені биікке ұмтылдыратын», – дейді арманы мен мақсаты іске асқан полицей.
Премьер-Министр А. Маминнің 2019 жылғы 4 наурыздағы тапсырмасына және ҚР-ның туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға сәйкес, туристер көп баратын облыстарда туристік полиция бөлімшелерін құру жөніндегі жол картасы бойынша Түркістан облысы Полиция департаменті Көші-қон полициясы басқармасының жанынан тұңғыш рет Туристік полиция бөлімі құрылды. Бөлім 14 мамырдан бастап, Түркістан қаласының киелі орындары – Арыстан баб пен Қ.А. Ясауи кесенелерінің маңында арнайы туристер үшін қызмет етіп жүр. Ал, Нұркен болса сол туристік полицияның құрамында, киелі мекенге туристерді тарту жолында өз үлесін қосуда. Өз міндетін мінсіз атқарып, туристер үшін тіркелу жағы қиындық туғызса, сақшылар санаулы уақытта шешімін тауып, өз қызметін көрсетеді. Шетелдіктердің тілінде еркін сөйлеп, полиция тарапынан қажетті көмегін ұсынады.
Дәл бүгінгі күні Нұркен Әлімбеков Түркістан қаласы ПБ Көші-қон қызметі бөлімі туристік полиция тобының аға инспекторы лауазымында. Мектеп кезінен үздік оқыған полицей бірнеше тілде еркін сөйлейді. Оған қоса, келбеті мен көркі де өзіне жарасқан, сымбатты сақшы. Нұркеннің бұл қырлары қалаға келіп жатқан туристер үшін жағымды пікір мен позитивті көзқарас қалыптастыратыны сөзсіз. Мақтауға тұрарлық азамат. Өзінен кейінгі өрендерге бар білгенін үйретіп, жастарды одан әрі темірдей тәртіпке дайындап жүрген тәжірибелі полицей.
Білімді қызметкер отбасын құрметтеген, өзі де құрметті бола білген бақытты әке. Өмірлік жары Нұрсұлу Нұрмұхаммедқызымен қазақтың қара домалақ үш ұлын тәрбиелеп, өсіріп отырған жас отбасы. Үлкен ұлы Әлинұр әкесіне тартып, білімді бала болып өсіп келеді. Оқуда озат.
Сымбатты сақшының бос уақыты көп бола бермесе де, мүмкіндігінше рухани тұрғыда өз-өзін одан ары байыту жағына үнемі көңіл бөледі. «Әдеби тілмен сөйлеуді жетілдіру мақсатында кітап оқып, газет-журналды шолып шыққанды ұнатамын. Сондай-ақ, ата-анама қолқанат болып, отбасыма, болашақ батыр ұлдарымның тәлім-тәрбиесіне назар аударамын», – дейді әкелік парызын ұмытпаған сақшы.
Нұркенмен сұхбат барысында оның сөздерінің анық және тыңдаушыға жағымды екеніне куә болдым. «Сахна тілі сабағын меңгергенсіз бе? Кейбір әртістер мен дикторлар секілді өте сауатты сөйлейсіз» деп сұрақ қойдым. «Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі болғандықтан, ана тілімізді қолданғанда да дәрежесін төмендетіп алмауымыз керек. Әрбір дыбысына мән беріп таза сөйлеуге, әдеби сөйлеуге тырыссақ, тіліміз де одан әрі ажарлана түседі емес пе?! Мәртебесі де жоғарылайды. Кейбіреулер ән айтқанда байқап отырамын, дауысқа көп көңіл бөледі де, сөзге мән бермейді. Дауысқа мән беру керек, ол дұрыс, дегенмен де дыбыстарды дұрыс қолдануды да ұмытпаған жөн. Екеуі әрдайым бірімен-бірі үйлесіп, егіз болуы керек. Сонда ғана ән мен сөйлеген сөздерің әдемі, әрі құлаққа жағымды естіледі. Атағы жер жарған Абай атамыз да ән жайлы өлең жазғанда «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» деп бекер айтпаған ғой. Кәсіби әнші болмасам да, осы сәтте ойымда жүрген бұл пікірімді айтып кеткенді жөн көріп отырмын. Біреу түсінер, біреу түсінбес, дегенмен де бұл менің өз ойым», – дейді патриоттық сезімін байқатып.
Мен үшін үлкен өнеге көрсеткен, ерекше бітімді де білікті полицей Нұркенмен болған сұхбат барысында уақыттың қалай тез өте шыққанын байқамай да қалдым. Әрбір сөзіне жіті мән берсем, терең ойға еріксіз батасың. Сөйлеген сөздерін бөлгің келмей, тыңдаудан жалықпай ұйып отырасың. Ақындар мен ғалымдардың қанатты сөздерін қолдана отырып, сөздің майын тамызып айтқанда сөзінің шеберлігі мен ой парасатының жоғарылығына куә боласың.
«Ана тілің, арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте», – деп Қадыр Мырза Әли атамыз айтқандай, әр азамат осындай болса ғой деген ізгі тілекпен риза болып қоштастым.

Г. АБДУРАХМАНҚЫЗЫ, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*