295 түлек офицерлік шен алды

Жуырда ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы Академиясында 4-курсты бітірушілерге алғашқы полиция лейтенанты арнаулы атағын беруге арналған салтанатты іс-шара өтті. Сондай-ақ, бұл қуанышты күні оларға аталған академияны бітіргені туралы дипломдары салтанатты түрде табыс етілді.
ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы Академиясын биыл 295 маман бітіріп шықса, оның ішінде 28-і қызыл дипломға ие болды. Академияны 245 түлек жедел іздестіру мамандығы бойынша аяқтаса, 50 түлек ақпаратттық жүйе саласының маманы атанып отыр.
Жоғары оқу орнын бітірушілерді Академия бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі Өмірбай Смайлов құттықтап, түлектердің алдағы қызметтерінде анттарына адалдық танытатындарына сенім білдірді.
Алматы Академиясының іргетасы 1956 жылы қаланған. Сол уақыттан бері оқу орны еліміздің ішкі істер саласы үшін 20 мыңнан аса кәсіби мамандар даярлап шығарды.
Бұған дейін аталған оқу орны болашақ полиция қызметкерлерін 4 жыл оқытқан болса, Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы аясында полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгертуге байланысты биылғы маусым айынан бастап 6 айлық және 3 айлық оқу курстары жүйесін жүзеге асырмақ.
Шара барысында қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, курсанттардың тәрбиесіне атсалысып жүрген бірқатар ата-аналарға Академия бастығының атынан грамоталар мен алғыс хаттар табысталды. Академия түлектеріне арналған салтанатты шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, бітірушілердің ата-аналары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*