Байтасов атындағы аудитория ашылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы аудитория ашылды.
Ішкі істер органдарында өздерінің жанқиярлық ерліктерімен ел есінде қалған полиция қызметкерлері аз емес. Жамбыл облыстық Полиция департаменті жол полициясы батальоны бірінші взводының командирі Ғазиз Байтасовтың бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жанын пида еткен ерлігі – кейінгі толқын ұрпақ үшін нағыз қаһармандықтың үлгісі.
2011 жылғы 12 қараша күні Тараз қаласында болған қанды қырғын 7 адамның өмірін қиып кеткен еді. Оның бесеуі құқық қорғау органдарының қызметкерлері болса, екі қала тұрғыны ажал құшып, 3 полиция қызметкері жарақат алған болатын. Бүкіл қаланы үрейге бөлеген сол күні полиция қызметкерлері Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсейітов те қаза тапты.
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолында өмірлерінің соңына дейін анттарына адал болған батырлар қаза болған күннен бері сегіз жылға жуық уақыт өтіпті. Осы уақыт ішінде бейбіт күннің батырларын еске алуға арналған ауқымды шаралар тұрақты түрде өтіп келеді.
Теракт кезінде қаза болған құқық қорғаушылардың құрметіне Тараз қаласында естелік тақталар орнатылса, Полиция департаментінің саяжолында Ғазиз Байтасовтың мүсіні қойылды. Сонымен қатар, қала көшелерінің біріне батыр Ғазиз Байтасовтың есімі және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен нағыз ерліктің үлгісін танытқан батыр ұлға «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Ол дүниеге келген Жамбыл облысы, Байзақ ауданының Түймекент ауылындағы мектеп те қазір батырдың атында болса, Сарыкемер ауданының орталығында мемориалдық тақта орнатылды.
Жуырда «Халық каһарманы» жоғары білім алған Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде «Ғазиз Байтасов атындағы аудитория» ашылды. Ел есінде ерлігімен қалған батырдың құрметіне арналған салтанатты іс-шара кезінде Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов ел үшін мерт болған полиция қызметкерлерінің ерлігіне жан-жақты тоқталды.
«Біз ер есімін есте сақтайтын халықпыз. Бүгінгі іс-шара біздің сондай асыл қасиеттеріміздің бір куәсі деп ойлаймын. Ғазиз Байтасов ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасындағы тұңғыш «Халық қаһарманы». Антына адал қызметкеріміздің атындағы аудиторияда білім алатын болашақ заң қызметкерлерінің де ел үшін аянбай еңбек ететініне деген сеніміміз мол», – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.
Сөз соңында Р. Жақыпов Ішкі істер министрлігі мен Жамбыл облысы Полиция департаментінің игі ісін қолдаған Қазақ ұлттық университетінің ректоры мен заң факультетінің басшылығына Ішкі істер министрінің алғысын жеткізді.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген ҚазҰУ Заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы, профессор Дәулет Байделдинов Ғ. Байтасовтың университет қабырғасындағы жылдарынан естелік айтты. «Мен үшін біздің факультетті бітіріп кеткен әр маманның орны ерекше. Соның ішінде Ғазиздің ерлігі біз үшін зор мақтаныш. Ол бізге оқуға түскенде өмір мектебінен өткен, салиқалы азамат болатын. Біздің заң факультеті – Ғазиздің екінші жоғары оқу орны. Студент Ғ. Байтасовқа берілген мінездемені оқып отырып, «Ол шыныққан кәсіби маман» деген сөз санамда жатталып қалыпты. Бүгінде бұл факультетте оның ұлы Арманжан оқып жүр. Мен оған: «Сен батырдың ұлысың, сондықтан әкеңнің атын шығаратындай маман болуың керек», – деген сөзді жиі айтамын. Өте тәрбиелі бала, болашағынан зор үміт күтуге болады».
«Ғазиздің мына жарық дүниедегі соңғы сөзі «Мен оны ұстадым» деген сөз болыпты. Осы бір ауыз сөзде өз қызметінің жауаптылығын сезінген үлкен мән жатыр. Жарылғыш затты іске қоспаққа әрекеттенген қылмыскерді құшақтай құлаған кезде оның санасында «адамдарды құтқару керек» деген ой ғана болғаны анық. Егер Ғазиз ешбір ойланбастан мұндай жанкешті әрекетке бармаса, қарулы қарақшы әлі қанша адамға ажал оғын себер еді. Ғазиздің ұлы Әділжан әлі кішкентай болса да «Өскенде әкемнің жолын қуамын» деп армандайды. Оның әкесі де бала кезінде тәртіпті бала болды. Жаны адалдықты сүйетін. Осындай қасиеттерінің арқасында қатардағы жол полициясы инспекторынан взвод командирі лауазымына дейін өсті. Ғазиздың батырлығын халқы ешқашан ұмытпайды». Бұл Ғазиздың бауыры Үсібәлі Арынұлының естелігі.
Сондай-ақ, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Президиумының төрағасы, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров аталған іс-шараның маңызына тоқтала келіп, ішкі істер органдарындағы қауіпті қызметті қайсарлықпен атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің имиджін көтеру бағытындағы жұмыстарды жандандыру керек екенін баса айтты. «Халық қаһарманы» қызмет атқарған Жамбыл облысы Полиция департаментінің атынан сөз сөйлеген Кадр саясаты басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Гүлмира Қойшыбаева батыр әріптестерінің ерлігін ұлықтау бағытында атқарылып жатқан басқа да шаралар жайлы әңгімеледі.
Ғ. Байтасов атындағы аудиторияға оның заң факультетін бітіргені туралы дипломы, қызмет жолынан сыр шертетін арнайы дайындалған стендттер қойылған. Мұндағы әр жәдігер – бүгінгі ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге ықпал етеді. Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Альбина Махамбетова жиналғандарды осындай құнды дүниелермен жан-жақты таныстыра келе, полиция майоры Өркен Рахымжановтың Ғазиз Байтасовқа арнаған өлеңіне ән жазылғанын атап өтті. «Халықтың батыр ұлына арнап ақындар біраз өлең жазды. Бірақ, Өркен Рахымжановтың өлеңі Ғазизге арналған бірінші өлең әрі осы өлеңге арналған ән қазір ішкі істер органдарындағы патриоттық жиындарда ерекше шабытпен орындалады», – деді А. Махамбетова.
Аудиторияның ашылу салтанатына батырдың жары Гүлжамал Тәжиева, ұлдары мен бауырлары қатысты. Іс-шара соңында Жамбыл облысы Полиция департаменті жол полициясы батальоны бірінші взводының командирі Ғазиз Байтасов, полиция қызметкерлері Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсейітов қаза тапқан қанды оқиға туралы деректі фильм көрсетілді.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы қаласы,
Суретті түсірген автор

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*