Министрдің атынан марапат

Қарағандыда Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде жанып жатқан үйден әйел адамды құтқарып қалған аға лейтенант Шыңғыс Қалиджановты марапаттау кеші өтті. Ұландық офицер жер үйде орын алған өрттің өршіп кетуіне жол бермей, әйел адамды қауіпсіз жерге алып шыққан.
Ол Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен наградталды. Марапатты ұландық батырға полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тургумбаевтың атынан Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақанов табыстады.
Ол дер кезінде көрсетілген қайсарлығы мен өжеттігі үшін офицерге алғыс білдіріп, оның жедел көмегі мен жанкештілігінің арқасында қанша өмірдің аман қалғанын айтып өтті.
– Шыңғыстың әрекеті – әр қазақстандыққа және Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне үлгі. Тек қызметтік міндеттерді орындау кезінде ғана емес, өмірдің кез келген тосын сәтінде ерлік танытуға болатынын көрсетті, – деді генерал-майор Еркін Ботақанов.
Шыңғыс Ішкі істер министрінің наградасынан бөлек, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен де марапатталды. Құрметтеу кешінде оған әріптестері мен өрттен аман қалған Татьяна Дмитруктың алдында ІІ дәрежелі «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісі табыс етілді.
– Шыңғыс өте өжет азамат екен. Осындай Отан қорғаушылар көбірек болса деймін. Оның қайсарлығы мен шапшаңдығының арқасында шығын орын алған жоқ. Отбасымыздың атынан Ұлттық ұланға және жігерлі жауынгерлерге алғыс айтамыз, әсіресе, Ішкі істер министрі мен ержүрек, адал жауынгер дайындаған командирлерге деген алғысымыз шексіз, – деді Татьяна ханым.
Естеріңізге сала кетсек, 14 мамырда сағат 15.10 шамасында 6505 әскери бөлімнің офицері, аға лейтенант Шыңғыс Қалиджанов жұмысқа келе жатып, жер үйлердің бірінен түтін шығып жатқанын байқап қалады. Сол үйдің маңында абдырап жүгіріп жүрген әйел адамдарды көрген Шыңғыс оларға қауіп төніп тұрғанын бірден түсінеді де, көмекке жүгіреді. Келген бойда адамдарды қауіпсіз жерге алып шығып, үйді электр сымдарынан жылдам ажыратады. Негізгі қауіптің алдын алған ол өрт сөндіру қызметі келгенге дейін тілсіз жауды ауыздықтап үлгерді.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*