Музейдегі мәдени шара

Халықаралық музейлер күніне арналған іс-шараларға Алматы облыстық Полиция департаменті Ақпараттық-аналитикалық орталығының қызметкерлері де белсене атсалысты.
Орталық қызметкерлері облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған Мұхаметжан Тынышбаев атындағы Алматы облысының тарихи-өлкетану музейінде аталып өткен салтанатты шара кезінде Қарасай ауданы музейінің қызметкерлері дайындаған «Елін сүйген Елбасы» атты көрмені тамашалады. Тұңғыш Президенттің жеке заттары, шығармалары, киген киімдері, суреттерімен танысып, журналист, медиа-лектор, блогер Өркен Кенжебекпен өткізілген кездесуге қатысты.
Музей күніне арналған салтанатты жиында дәстүрлі әншілердің концерті ұйымдастырылып, облыстық филармонияның, Қанабек Байсейітов атындағы музыкалық колледждің оқушылары өнер көрсетті. Мереке соңы кейінгі жылдары дәстүрге енген «Музейдегі түн» акциясына жалғасты.
Полиция департаменті Алматы облысының музейлерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Соның бір көрінісі – 2014-2015 жылдары департаменттің музейін кеңейтіп, заманауи деңгейде өңдеуге М. Тынышбаев атындағы музейдің қызметкерлері де атсалысып, көмек қолдарын созған болатын. Бүгінде Полиция департаментінің музейі милиция генерал-майоры Әбдіқадыр Болсамбековтің атымен аталады.
Музей қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған дөңгелек үстел кезінде ПД Ақпараттық-аналитикалық орталығы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ж. Тұрғанбекова баяндама жасап, бірлескен нәтижелі жұмыс жалғасын табатынын атап өтті.
Орталық бастығы, полиция полковнигі А. Игенбаев музей қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев пен бөлім бастығы Гүлмира Қалқабаеваға, сондай-ақ, М. Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Рысжан Аязбаеваға, І. Жансүгіров атындағы музейдің меңгерушісі Нұргүл Жауынбаеваға Алматы облыстық Полиция департаменті бастығының алғыс хаттарын тапсырды.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*