Айқындық пен ашықтық нәтижеге жеткізеді

Халықтың полицияға деген сенімін арттыру үшін бұған дейін де көптеген нақты жұмыстар жасалып келгені белгілі. Алайда, күткен нәтижеге қол жеткізілді деп айту қиын. Өйткені, сенімділіктің ең басты қағидасы болып саналатын ашықтық назардан тыс қалып келген еді.
Ішкі істер министрлігі осы олқылықтың орнын толтыру үшін бүгінде барлық жұмыстарды жаңа форматта жүргізуді қолға алды. Ашықтық – халықтың полицияға деген сенімін қалыптастыруға септесетін бірден-бір жол. Себебі, жабық нәрсеге қашанда күмән көп болады, ал күмән көбейген жерде сенімнің азаюы заңдылық.
Қазіргі Қазақстанның даму қарқыны, елдегі әлеуметтік және экономикалық процестердің жедел өрістеуі – ішкі істер органдары алдына бұрынғыдан да күрделі жаңа міндеттер жүктеді. Бұл міндеттерді бұрынғы ескірген тәсілдермен іске асыру мүмкін еместігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Сондықтан Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Е. Тургумбаев ІІМ-нің жүйесі қоғам үшін барынша ашық және айқын болуын басты назарға алып отыр.
Азаматтық қоғаммен белсенді байланыс орнатпайынша адамдардың құқығын қорғау, қоғамдық тәртіпті күзету және қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты ең басты міндеттерді тиімді іске асыру мүмкін емес. Сол себепті ішкі істер органдарының БАҚ-пен, қоғамның белсенді өкілдерімен өзара байланысын жетілдіру күн тәртібіне көтерілді. Бұл өз кезегінде тұрғындарға, жалпы халыққа кез келген оқиғаларға қатысты шынайы және нақты ақпараттарды дер кезінде жеткізуге септеседі. Ал ресми органның нақты және шынайы ақпараты көпшілікке дер кезінде жетуі қаншалықты маңызды екенін жыл басында Қарағанды қаласында орын алған оқиға көрсетіп берді. Белгілі бір топтар бұл оқиғаның тонын теріс айналдырып, ұлтараздықты қоздыруға тырысты, қоғамның тыныштығын бұзуға әрекеттенді. Жүйелі және сауатты жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ғана үлкен келеңсіздіктің алдын алып, көзіміздің қарашығындай қастерлеп келе жатқан ішкі тұрақтылықты сақтап қалу мүмкін болды. Бірақ, сабақ алатын тұстары аз болмағаны жасырын емес.
Ішкі істер органдары қоғам өкілдерімен, қоғам өкілдері ішкі істер органдарымен бірге болғанда ғана елде қандай жағдайда да түсіністік, тұрақтылық, береке-бірлік салтанат құратынына көз жеткізген Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тургумбаев: «Мен сіздерден ешқайда қашпаймын, дос боламын. Кеңесшім бар, жұмысты бастадық. Қазір жұмыспен толық танысып, мәселелерді егжей-тегжей зерттейін. Кейін сіздерді бөлек шақырып, реформа, алдағы жоспарлар туралы барлығын айтып беремін» деген болатын жаңа міндетіне кіріскен кезде.
Осы мақсатта биылғы жылдың наурыз айында елордада ІІМ мен блогерлер арасында кездесу ұйымдастырылды. Бұл кездесу сәуір айында Алматы қаласында жалғасты. Блогерлер – қоғамның ең белсенді өкілдері, әлеуметтік желілердегі қоғамдық пікірдің көшбасшылары. Олардың ішкі істер органдарының жұмысына қатысты пікірлері, ұсыныстары, сыни көзқарастары маңызды. Өйткені, блогерлердің ар жағында халықтың да ой-пікірі, ұсыныс-тілектері жатқаны сөзсіз.
Қазақтың көрнекті жазушысы Асқар Сүлейменовтің «Қоғамның кеселінің емі – оған тіке қарау» деген қанатты сөзі бар. Бүгінгі таңда Ішкі істер министрлігі басшысы салаға қатысты сыни-ескертпелерді тыңдау арқылы – ішкі істер саласындағы кеселді сырт көз болып анық көріп, оған тіке қарауды, кеселден сауығу жолдарын іздестіруді көздейді. Саланы жаңғыртуға, полицияның ашықтығын қамтамасыз етуге қатысты ұсынған идеяларын саралау, зерделеу міндет. Айналып келгенде бұл халыққа жақындаудың, полицияның ашықтығын қамтамасыз етудің жаңа форматы. Халықпен арадағы жақын диалогқа ешқандай кедергі болмас үшін тағы басқа да көптеген шаралар қолға алынды.
Осы ретте Ішкі істер органдары қызметі мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің жұмысына да арнайы тоқтала кеткен жөн. Ақпан айының аяғында бұл қоғамдық кеңес өзінің үш жылдық жұмыс мерзімін аяқтауына байланысты жақында құрамы қайтадан жаңартылған болатын. Баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, аталған мерзімде Қоғамдық кеңес жемісті еңбек етіп, 17 отырыс, 8 қоғамдық тыңдау өткен. Заңды және жеке тұлғалардың 109 өтінішін қарап, тиісті шара қабылдануына себепші болған.
Биыл жаңадан құрылған Қоғамдық кеңестің 12 мүшесі азаматтық қоғам өкілі болса, 6-ы ІІМ-нің өкілі. Бұған қоса, өңірлердегі Полиция департаменттерінде де консультативті-кеңесші органдар жұмыс істейді. Мұндай қоғамдық ұйымдардың өкілдігіне қоғам қайраткерлері, елге белгілі тұлғалар, халықаралық және республикалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері, құқық қорғаушылар мен саланың ардагерлері тартылып отырған көрінеді. Халқымызда «кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген мақал бар, әртүрлі салада білім-білігі, ақыл биігімен танылған азаматтармен қоян-қолтық кеңес жүргізе отырып, құқықтық тәртіп пен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты барлық мәселелерді терең талқыға салу алдағы уақытта бұлжымас дәстүрге айналмақ.
Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, қоғамдық кеңестің жақында құрылған жаңа құрамы бүгінде өз жұмысын жаңа форматта ұйымдастыруда. Сәуір айының басында кеңес мүшелері елордалық қылмыстық атқару жүйесі және төтенше жағдайлар департаменттерінің жұмысына қоғамдық мониторинг жасаған, сондай-ақ, министрліктің Орталық гопиталінде де болып, сәулелі диагностика, зертхана бөлімшелерін, ота жасау бөлімдерін аралап, госпитальдың құрал-жабдықтары мен мүмкіндіктерін сараланған. Жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижелері бойынша кеңес мүшелері нақты ұсыныстар жасайды. Ол ұсыныстардың барлығы мұқият қаралып, тиісті шаралар қабылданады.
Сондай-ақ, биыл сәуір айының 5-6 күндері және мамыр айының 17-18 күндері республикалық «Жолда қабылдау» акциясы өткізілгені белгілі. Тұрғындарды жедел қабылдау үшін 250-ден астам арнайы пункт құрылып, барлық Полиция департаменттерінің акаунттарында да консультациялар жүргізілген. Арнайы мәліметке қарағанда, бірінші акция кезінде қазақстандықтардан 18 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның көпшілігі, дәлірек айтқанда 4,3 мыңы айыппұлдарды төлеу мәселесіне қатысты болса, 3 мыңнан астам өтініш көші-қон қызметіне байланысты болған. Бұған қоса, автокөліктерді тіркеу, жүргізуші куәлігін беру, көлік құралын қайта жабдықтау мәселесіне орай шағымданғандар да аз емес. Қабылдау кезінде барлық азаматтардың өтініштерін мұқият тыңдап, мәселелерінің тиімді шешілуіне қолдау көрсетілген. Бұл акция өз кезегінде қоғамды толғандыратын маңызды мәселелер аз еместігін, қоғамның ашық полицияға мұқтаждығын көрсеткенін айту керек.
Сондай-ақ, ішкі істер органдарын жаңғыру аясында өңірлерде полицияның 150-ден астам фронт-кеңсесі ашылғанын білеміз. Бұл кеңселерге азаматтар өздерін толғандырған мәселелер бойынша жүгінуде. Оларға кеңседегі мамандар нақты кеңестер, заң бойынша түсініктемелер береді. Одан қалды, министрлік пен департамент басшылары апта сайын азаматтарды қабылдау жүргізеді. Қабылдау кестесі министрліктің ресми сайттарында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында орналастырылды. Осының бәрі өз кезегінде ішкі істер саласының ашықтығын қамтамасыз етуге септігін тигізіп, халықпен бірлесіп белсенді жұмыстар жүргізуге жол ашары сөзсіз.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*